Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мықты тазыдан қасқыр да қаймығады

Мықты тазыдан қасқыр да қаймығады

Жеті қазынаның қатарына қосылған таза қанды құмай тазылар ертеде құрығын сүйреткен ұры мен құйрығын сүйреткен бөріден жұртты аман сақтаған. Саятшылықтың сәнін келтірген. Қазақстанда екі мыңнан астам тазы бар екенін ескерсек, осы ит түрін баптап жүрген жандар өзіміздің өңірде де бар. Соның бірі – қазалылық Илияс Каден.

Бүгінде ат үстінде өсіп, аңға құмай тазы салуды дәстүрге айналдыру қайта өрістеп келеді. Сондай тазы баптайтынның бірі Илиястың тазыға құмарлығы, қызығушылығы тым бөлек. Ол саятшылықтың бірі – тазы ит жүгірту деген пікірді ұстанады. Кейіпкеріміз 1998 жылы Әйтеке би кентінде дүниеге келген. Арман қуған бозбала Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында мұғалімдік мамандығын меңгереді. Бүгінде ол №276 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ал тазы ит асырауды жаны құмартып, қызығушылығына айналдырған. Бала күнінен басталған тазы баптау ісі әлі күнге дейін жалғасуда.
Илиястың сөзінше, тазылардың түрі көп. Бірақ таза қанды қазақы тазылар сирек кездеседі. Қазақы тазылар дүрегей және шашақ құлақты болып бөлінеді. Оның қолындағысы осы екінші шашақ тазы. Тазы мен төбет ұлтымыз үшін бағалы екені бағзыдан белгілі. Ит тұқымдарының ішінде ұшқыр тазы ерекше көзге түседі. Текті жануардың тұқымы қазақ жерінде жеті мың жыл бұрын пайда болған екен. Ол кезде тазының құны бір үйір жылқыға тең болған деген ақпарат бар. Құны жоғары тазы тұқымы сымбатты денесімен, бітім-болмысымен ерекшеленген. Өзге иттерге қарағанда “духы” мықты, аңға, қасқырға шапқан кезде мүлдем басқаша болады.
– Аңыз бойынша бір тазының құны – бір жылқы деген ұғым бар. Қазақстанда осы шашақ құлақтылары кең тараған. Жойылып бара жатқан тұқым санатында. Олардың ерекшелігі – қашса құтылатын, қуса жететін қасиетке ие. Жеңіл әрі жүйрік болғандықтан, қашқан аң құтылмайды. Тазының олжалы болуы үшін, алғашқы саяттың маңызы зор. Жақсы «ауыздандырылған» тазының олжасы да мол болады, – деген Илияс тазылардың талғампаз келетінін де айтты.
Тазылар өзге иттер сияқты емес. Өлексе жемейді. Лас жерге жатпайды. Ақылды, иесіне адал.
– «Итке үш күн тамақ берсең, үш жыл ұмытпайды» деген тәмсіл бар. Тазы – өте ақылды, талғампаз ит. «Тазы» деген сөздің өзі таза деген сөзден шыққан көрінеді. Басқа иттерден тағы бір ерекшелігі, ол – әмбебап. Қазақы тазы өзі іздеп жүріп, тауып алады. Өзге иттер секілді ұстаған аңын жарақаттамайды, терісін жыртпайды. Қалай ұстайды, сол күйі иесі келгенше күтіп тұрады. Мықты тазыдан қасқыр да қаймығады. Тазы өзге иттер сияқты қасқырмен ашық айқаспайды. Ол қасқырдан төнетін қауіпті бөгейді. Көп жағдайда қасқырдың тілерсегін қиып жіберіп, иесі келгенше күтіп тұрады екен, – дейді тазылардың иесі.
Илияс таза қанды қазақы тазыны жазбай таниды. Тазы неғұрлым биік болған сайын, соғұрлым алғыр болады. Қазақы тазының құлағы мақпал тәрізді жұмсақ, қанша майыстырсаң да сынбайтын көрінеді.
– Тазының қасиеті көп. Ол өзге иттер сияқты бей-берекет үрмейді, салмақты келеді. Адамға, малға қауіп төндірмейді. Балаға үрмейді, шабуыл жасамайды. Бала үстінде ойнап жүрсе де қозғалмай жата береді. Иесіне адал, бұйрығын бұлжытпай орындайды. Тумысынан ақылды әрі мінезді келетін тазылар мәпелегенді қатты жақсы көреді. Өзге иттерге ұқсамайтын тазылардың тағы бір қасиеті адам баласын тез түсінеді, өте ақылды келеді, өзге адамға ермейді. Яки егесіне адал келеді. Сондықтан болар қазақ халқы тазыларға үй ішінен орын берген. Ал жүйріктігі жөнінен келсек, үй жануары өте жылдам. Мықтысы 85-90 шақырым жылдамдықпен жүріп отырады. Басқа аудандарда тазы иттерді жарыстыру қолға алынып жатыр екен. Алдағы уақытта осы дүниені қолға алсам деймін. Мақсаты – тазы иттерді жарыстыру, арасынан мықтысын анықтау. Оның ішінде мықты қанды, таза тұқымды күшіктер шығару, – дейді Илияс Сәбитұлы.
Айтып, айтпай не керек, суыққа төзімді, жылдам, қайсар мінезді, бір сөзбен айтқанда, жүрек жұтқан тазылар қашанда қазақ даласында күзетшілік қызмет атқарған. Аңшылық кәсіпке де епті келеді. Тістегені аузында кететін асыл тұқымды құмай тазылардың еңбегі адал. Ал аудан жастарының асыл тұқымды қазынамызды баптап, қазақылығымызды дәріптеп жүргені көңілімізді қуантады.
Айнұр ӘЛИ

17 қыркүйек 2024 ж. 184 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 57

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 66

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031