Шешімін тапқан шаруа көп
Президент тапсырмасына сәйкес халық алдындағы есептік кездесулер қайтадан жартыжылдық форматта өткізіліп жүр. Анығын айтқанда, аудан және ауыл әкімдері халық алдында жылына екі мәрте есеп беріп, жұртшылықпен жүздесулері тиіс. Мұның тағы бір ерекшелігі аудан әкімі тек ауылдық округ орталықтарында ғана емес, ауданға қарасты барлық елді мекенде халықпен кездесіп, тұрғындардың мұң-мұқтажы мен арыз-өтінішін өз құлағымен естиді. Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет те ережеге сай биыл кезекті есеп беру және тұрғындармен кездесуін бастап кетті.
Жағымды жаңалығы мол жыл болмақ
Жақында аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Ақтан батыр, Жанқожа батыр және Бекарыстан би ауылдарының халқымен кездесіп, ондағы әлеуметтік нысандардың қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын қадағалады.
Ең әуелі Ақтан батыр ауылына ат басын бұрған аудан басшысы жыл соңына дейін ауданға жақын орналасқан ауылдардың бірі болып саналатын бұл округ тұрғындары «көгілдір отынның» қуанышына кенелетінін жеткізді.
Мұнымен қоса жыл басынан бергі ел ішінде атқарылған жұмыстардан хабар беріп, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Ауылдық клубта өткен кездесу тұрғындардың ұсыныс-пікіріне ұласып, бірқатар мәселе көтерілді. Аудан басшысы барлық айтылған мәселе назарда екенін жеткізіп, шешілу жолында тиісті жұмыстар жүретінін айтты.
Кезекті кездесуі Арықбалық және Майдакөл ауылдық округтерінде жалғасты. Жиында Мейрамбек Зинабдинұлы ауданда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, алдымызда ауқымды шаруалар күтіп тұр. Соның бірі – Жанқожа батыр бабамыздың 250 жылдық мерейтойы. Бұған қатысты жоспарларымыз аз емес.
Оның үстіне қазір баба атындағы округте ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Ол – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық мектеп құрылысы. Өздеріңіз күнделікті көріп отырсыздар мектеп құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мұнымен қоса баба тойының қарсаңында Жанқожа батыр ауылына кіреберістегі жол жөнделді.
Қос ауылда өткен кездесуде тұрғындар тарапынан жұмысқа орналасу, жол жөндеу, электр желілерін жаңарту, жер, ауыл маңынан скважина қазу сынды мәселелер көтерілді.
Аудан әкімі қойылған сауалдарға жекелей тоқталып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Тұрғындармен өткен кездесулер барысында аудан басшысы жеке мәселелері бойынша жүгінген тұрғындарды қабылдап, көтерген проблемалары бойынша заңдылыққа сәйкес жұмыс істелетінін жеткізді.
Айта кетейік, аудан басшысы әлеуметтік нысандарды аралау барысында Жанқожа батыр ауылындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық мектеп пен Бекарыстан би ауылындағы спорт кешенінің құрылысын көрді.
Ауылдар әлеуеті артып келеді
Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің кезекті аялдамасы Ақжона мен Алға ауылдық окургі болды.
Қазалы ауданында жыл басынан бері жасалған жүйелі жұмыс аз емес. Ақжона халқымен кездескен тұста бұл жайында баяндап берген аудан басшысы, алдағы жоспарларды да тілге тиек етті.
Шешімін тапқан мәселелерге ризашылықтарын білдірген тұрғындар ұсыныс-пікірлерін де бүгіп қалмады. Мәселен, жайылымдық жер, аяқсу, жол жайы сөз етілді.
Жұртшылықтың ұсыныстары орынды екенін жеткізген аудан басшысы сауалдар бойынша бірқатар сала басшыларына тиісті тапсырма берді.
Мұнан соң Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылдың халқымен дидарласқан аудан әкімі ауданда шешімін тапқан жұмыстарды айтып, алдағы шаруаларды да ұмыт қалдырмады.
Ауылда бой көтерген спорт кешеніне, асфальтталған көшелерге, басқа да қолға алынып жатқан жұмыстарға алғысын айтқан тұрғындар округ аумағындағы каналды тазалау керектігін, бірнеше көшеге түнгі жарықшам қажет екенін жасырмады. Сонымен қатар өзге де мәселелерді ортаға салды. Аудан басшысы тиісті заңдылықтарға сәйкес тұрғындар тарапынан болған сауалдардың барлығына жауап беріп, бұл бойынша жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.
Аудан басшысы Ақжона ауылдық округіне сапары барысында ауылда салынып жатқан 100 орындық ауылдық клуб құрылысын көріп, мердігер мекеменің құрылысқа жауапты қызметкеріне ең алдымен құрылыс жұмыстарының сапасына мән беріп, жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Аудан әкімінің алты айлық есебі әлі де жалғасын таппақ. Себебі алда әлі де ат басын тірер ауыл көп.
Серік АҚМЫРЗА