Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ілкімді іс ілгерілетеді

Ілкімді іс ілгерілетеді

Президент жарлығына сәйкес өткен жылдан бастап халық алдындағы есептік кездесулер жаңа форматта өткізіліп жүр. Яғни, облыс және қала әкімдері халық алдында жылына екі мәрте есеп берсе, ал аудан және ауыл әкімдері тоқсан сайын жұртшылықпен жүздесулері тиіс. Мұның тағы бір ерекшелігі аудан әкімі тек ауылдық округ орталықтарында ғана емес, ауданға қарасты барлық елді мекенде халықпен кездесу өткізіп, тұрғындардың мұң-мұқтажы мен арыз-өтінішін өз құлағымен естиді. Қазалы ауданы әкімі М.Әуесұлы ережеге сай биылдың бірінші тоқсаны, алғашқы есеп беру мен тұрғындармен кездесуін Басықара ауылдық округінен басталды.
Ауыл тұрғындарымен жүздесуге келген шенділер сапында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы, прокуроры Дарын Әбіш пен ауданның мәдениет саласының басшысы Болат Әбенұлы, аудан аралық аурухана басшысы Бақытгүл Әлмамбетқызы сынды бірқатар сала басшылары жиналды.
Жиында аудан басшысы көп кідірмей өткен жылдың жүйелі жұмыстарымен бөлісті. Оның ішінде, өнеркәсіп пен ауылшаруашылық өнімдерін өндіру ісінде қазалылықтар биыл мінберден көрінгенін айтты. Себебі өндірілген ауыл шаруашылығы өнімі 21,2 миллиард теңгені құрап, 0,4 процентке өскен. Ал егіншілік жайына келер болсақ, 6361 гектар күріштің әр гектарынан 33 центнер өнім жиналып, ел қамбасына 21 мың тоннадан астам астық құйылған. Соның нәтижесінде Қазалы ауданы үшінші мәрте «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласынан үздік аудан» атанды.
Жалпы аудан тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігі 96,7 процент жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. Өткен жылы ауданда көптеген кәсіпкерлік нысандар ашылды. Дәлірек айтсақ, жаңа 25 нысан халыққа үздіксіз жұмыс жасап, онда 47 тұрғын жұмыспен қамтылған.
2022 жыл қазалылықтар үшін мерекелі, айтулы күнге толы болды. Яғни, Сырдың еркесі Роза Бағланованың 100 жылдығы мен жастар көсемі болған Ғани Мұратбаевтың 120 жылдық мерейтойлары республикалық деңгейде аталып өтті. Сондай-ақ ауданда мемлекеттік жастар саясатын жүргізуге 4,5 миллион теңге бөлінген. Осы және өзге де атқарылған істерге аудан әкімі толыққанды тоқталып өтті.
Сонан соң М.Оразбаев алдағы уақытта атқарылар істермен бөлісіп, көптеген жағымды жаңалықтарды жариялады.

– Алда көптеген жоспарлар бар. Нақтырақ айтсақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында кент пен қала ортасында 600 орындық және Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп салынады. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде Қ.Пірімов ауылындағы №92 мектепті күрделі жөндеуге бюджеттен 231,4 миллион теңге бөлінді.
Одан бөлек Бозкөл, Абай және Кәукей ауылдарынан дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда. Аудан орталығынан 25 төсектік инфекциялық корпус құрылысының да жоба-сметалық құжаттары әзірленуде, – деді аудан әкімі.
Биылғы есептің ерекшелігі сол, өткен жылы ауыл тұрғындарының айтқан ұсыныс-шағымдарының барлығы дерлік қанағаттандырылған.
Кезекті ауыл тұрғындарының ұсыныс-базынасын тыңдау сәті келіп, ауыл ақсақалдары бірнеше өзекті мәселелрді көтерді.
Ауыл ақсақалдарының көтерген алғашқы және өзекті мәселесінің бірі – мұндағы электр энергиясының нашарлығы болды. Ауыл шетін жайлаған тұрғын үйлерге электр қуаты қанағатсыз, толыққанды бармайды екен.
– Ауылға жаңа спорт кешені мен балабақша салынса дейміз. Себебі бала ол басты құндылығымыз. Ал спортшы жастар қатарының көбейгені көпке пайда. Өзім спорт саласында көптеген жыл еңбек етіп, бүгінде ардагер болып, зейнетін көріп отырмын. Әрине біздің заман өтті. Дегенмен жастардың болашағын ойлау міндетін күн тәртібінен түсірмеуіміз қажет, – дейді ауыл тұрғыны, ардагер спортшы Мұхтар Сәлмен.
Басқа да жайылымдық, шабындық жерлерді заңдастырып беру мен Басықара-Әйтеке би жолындағы күрмеулі қиындықтар және қоғамдық көліктің аздығы сынды мәселелер де көтерілді.
Аталған мәселелермен толыққанды танысып шыққан Мұхтар Оразбаев мұның барлығы назарға алынатынын айтты және өзге де ұсыныс-пікір, арыз-шағымдарға қатысты тиісті орын басшыларынан жауап алды. Сондай-ақ ауданның жүрегі, барша тіршіліктің өзегі – Басықара болғандықтан барынша ауылдың хал-ахуалын жақсатртуды күн тәртібінен түсірмейтінін айтып ауыл тұрғындарына өшпес үміт сыйлады.
Кездесу соңында ауыл ақсақалы ат терлетіп жеткен ағайынға алғысын білдіріп, дуалы батасын берді.

Серік АҚМЫРЗА
07 ақпан 2023 ж. 192 0