Депутат сауалы: «САТ жобасына халық қарсы!»
Он бес жылдан бері Солтүстік Арал теңізін «САТ» сақтап қалу жобасының екінші кезеңі айтыс-тартыспен кешіккен жайы бар. Сыр суының байырғы мамандары мен теңізбен тағдырлас Арал халқы Кіші Арал – «САТ» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруда Жобаның бір деңгейлік нұсқасын табанды түрде сұрап келеді.
– «САТ» жобасының бірінші кезеңі 2005 жылы «Көкарал» бөгетін көтерумен жүзеге асты. Бір әттегенайы, Көкарал бөгеті «Сырдарияда су аз болады» деген орталықтағы мамандардың болжамымен өте төмен салынды (42 м.НГ). Айта кететін жайт, 14 жыл су министрі болған, ғұмырын су саласына арнаған Нариман Қыпшақбаевтың бөгетті 52-53 метр биіктікте көтеру туралы талап-ұсынысына сол тұстағы «Казгипроводхоз» жобалаушылары құлақ аспаған екен. Нәтижесі міне, біріншіден, теңіздің тағдырын шығыны ұшан Саршығанаққа байлағалы отыр. Екіншіден, Көкарал бөгетінің құрылысында жіберілген қателіктен ұлы теңіз жағына қарай 48 млрд текшеметр шамасында су зая кетті. Мыңдаған тонна балық рәсуа болды. Енді тиімсіз жобаны жүзеге асырып, осылай, Аралдың тағы бір қасіретіне өзіміз жол бермекпіз бе? – деді депутат.
Айтуынша, тиімділігі төмен әрі эксплуатациясы өте қымбат нұсқаның мақұлдануына жергілікті халық алаңдаулы.
– Тиімділігі төмен әрі эксплуатациясы өте қымбат Сарышығанақ нұсқасы осы ретте мақұлдануы әбден мүмкін. Мақұлданған жағдайда нәтиже – теңіз екінші рет экологиялық апатқа ұшырап, жоғалып тынады. Айдыны қашқан Аралға кездесуге барған сайын қараша халықтың талабы – тек теңіз. Қазір менің атыма 200-ден аса қол қойылған өтініш хат келіп түсті. Өтініште Су ресурстары және ирригация министрлігі ұсынған екі деңгейлі схемаға халық түбегейлі қарсы. Қазір жобаны жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банктен 1,5 миллион доллар бөлінген. Бір қызығы жергілікті халықпен толық келіспей, қоғамдық талқылаудан өткізбей – қаражат игеріліп қойған. Оған мүдделі кім, қаржы мақсатты жұмсалды ма, сауалдарды алға тартып, Қамыстыбас көлінің табиғи кешенін бүлдіруге болмайтынын тайға таңба басқандай баяндаған. Халық қырағы, – деп жалғастырды Жайымбетов.
Мәжілісмен келесі мәселелерді шешуді қажет деп санайтынын жеткізді.
– Арал тақырыбы әлемдік биік мінберлерде тілге тиек етілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымында Аралдың ахуалын ашық айтты. Бұл орасан зор жауапкершілік десек, әлемдік климаттың индикаторы саналатын Арал теңізінің бүгіні – өз қолымызда. Осыған орай, ел аманатын арқалаған AMANAT фракциясы келесі мәселелерді шешуді қажет деп есептейді: Бірінші кезекте, бір деңгейдегі схеманы қалдырып, екі деңгейлі САТ түбегейлі тоқтатылсын! Жергілікті халық өңірде бірнеше қоғамдық талқылау мен кездесулер өткізуді, оның ашықтығын қамтамасыз етуді сұрап отыр. Бұл мәселені Парламенттік бақылауда ұстауды ұсынамын. Екінші, Солтүстік Арал теңізінің 12 шақырымдық Көкарал бөгетінің тұрақтылығын сақтау және қамтамасыз ету. Үшінші, Қамыстыбас көлі – аймақ жауһары, әрі өңірде экологиялық баланс сақтауда маңызы зор. Сондықтан оның режимін бұзудың қажеті жоқ! Төртінші, Ақлақ су торабының құрылысы бұрын кеуіп қалған Қарашалан, Баян, Сартерен, Домалақ және басқа да көлдерді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Енді жобаның 2-ші кезеңі шеңберінде Қамыстыбас, Ақшатау, Ақсай және Қуандария көлдер жүйесі үшін осындай жұмысты жүргізу. Депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз, – деді Мархабат Жайымбетұлы.
Айнұр ӘЛИ