Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Іcі ілгері іргелі ұжым

Іcі ілгері іргелі ұжым

Қазалыда бірнеше теміржол мекемесі шоғырланған. Тоғыз жолдың торабын түйістіретін бұл салада қаншама адам тер төуде. Таңның атысы, күннің батысы қызу жұмысқа кірісетін еңбеккерлердің жауапкершілігі мен тындырымдылығы аса маңызды. Ел экономикасының алға қарыштап қадам ­басуына зор үлес қосып отырған теміржолшылардың төл мерекесі қарсаңында Қазалы вагон пайдалану депосында болып, мекеме тынысымен танысып қайтқан едік.
Теміржол вокзалымен жапсарлас орналасқан мекеменің ауласы жасыл-желекпен көмкерілген. Салқын самал есіп тұр. Таза ауа тынысыңды одан әрі жеңілдетіп, жайқалған гүлдер жылылық сыйлайды. Мекеме басшысымен амандасып, кәсіби мереке қарсаңында еңбек адамдарын елге таныстыруды мақсат ете келгенімізді айттық.
Тарихы тым тереңде жатқан Қазалыдағы теміржол саласын сөз еткен мекеме басшысы Арғын Қайырбайұлы: «Темiржол – ел экономикасының өзегi, мемлекетiмiздiң қуатты жүйесi. Бізде вагон қараушы-жөндеушілердің үлкен мектебі қалыптасқан. Депода тек өз кәсіптерінің шеберлері жұмыс істейді деп айта аламын. Кіл кәсіпқой мамандармен мақтана аламын. Соңғы бірнеше жылда біздің тарапымыздан пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі бірде-бір рет бұзылған жоқ. Талай аса қауіпті ақаулы вагонды жылжымалы құрамдардан ажыратып, апаттың алдын алған біздің жігіттердің осалы жоқ», – деп ұжым мүшелерінің кәсіпқойлығын баса айтты.
Аймақтағы жалғыз вагон депосы ретінде бөлімше бойынша вагондар қауіпсіздігіне қызмет етіп келе жатқан мекеме – Қазалы вагон пайдалану депосының кепілдік иіні Түркістан облысының жанындағы Сауран бақылау бекетінен басталып, Сексеуіл техникалық қызмет көрсету бекетіне дейін және Сексеуілден Жезқазған облысына қарасты Қоскөл бақылау бекетіне дейін созылып жатыр. Мекеме осы аралықты жүріп өтетін жолаушылар поездары мен жүк поездарына техникалық қызмет көрсетеді. Яғни жолаушылар мен тасымалданып жүрген жүктер тиелген вагондардың баратын жеріне дейін аман-есен тоқтаусыз, уақытылы баруын қамтамасыз етеді.
Қазалы пайдалану вагон депосы 1999 жылы РГП «Қазақстан темір жолы» бас директорының №266 – Ц бұйрығымен құрылған. Қазіргі таңда «ҚТЖ – Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ГП Қызылорда бөлімшесі» филиалы Қазалы вагон пайдалану депосы деп аталады. 1999 жылдан бері депоны үш шақырылымның аудандық мәслихат депутаты, Құрметті теміржолшы Арғын Орымбаев басқарып отыр. Депо бірнеше жылдардан бері салалық жарыстардың жеңімпазы аталып келеді. Бірнеше рет Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» грамотасы, облыстық «AMANAT» партиясы төрағаларының грамоталары және облыс әкімінің «Алғыс» хаттарымен, бірнеше мерекелік төсбелгілермен марапатталған. 1999 жылдан бері Сексеуілден Түркістанға дейін тарыдай болып шашылып жатқан бекеттердің басын біріктіріп, ұжымды ауызбіршілікпен айрандай ұйытып отырған басшының іскерлігі өзгелерге үлгі боларлықтай. Жұмысшы-қызметкерлермен қатар мекемеден еңбек демалысына шыққан екі жүздей зейнеткер мен ардагері бар. Мерекелерде ардагерлер ұжым назарынан тыс қалмайды. Ұлы Жеңіс күні, наурыз, жаңа жыл және қарттар күні мерекелерінде зейнеткерлер мен ардагерлерге құрмет көрсетіледі.
– Депоның негізгі жұмысы үстімізден жүретін поездарға техникалық қызмет көрсету. Яғни, поездарға тіркелген вагондарға қызмет көрсетеміз. Ол дегеніміз құрама тіркемесіндегі вагондарды мұқият қарап, ақауларын дер кезінде тауып, апаттың алдын алу. Вагон қараушылар мен жөндеушілер ақаулы вагондарды ағымды жөндеу тұйығында қажетті қосалқы бөлшектерін жөндеп немесе жаңасын ауыстырып құрамаға қосып отырады.
Осы жылдың алты айының қорытындысын алатын болсақ, ағымды жөндеу тұйығынан 739 вагон жөндеуден өткізілген. Оның ішінде доңғалақ жұбынан 177, тежегіштен 411, соққы құрылғыларынан 57, арбашадан 52, шанақ жөндеуден 42 вагон жөнделген. Алты айда вагон қабылдаушыларымен 856 вагон қабылданған. Оның ішінде күрделі жөндеуден 88, доңғалақ жөндеуден 768 вагон өткен. Вагон қабылдаушылар М.Көшекпаев пен М.Орымбаев өз жұмыстарының мамандары ақаулы вагондарды алыстан танып, ақаулары бар вагондарды құрамаға жібермейді. Поездардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға бағытталған міндеттелер толығымен уақытылы орындалады, – дейді мекеме басшысы Арғын Қайырбайұлы.
Бұндағы әр қызметкердің жауапкершілігі жоғары, ісі тиянақты. Көрінуі қиын ақауларды тауып, қозғалыс қауіпсіздігін сақтағаны үшін «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгісімен Қалдыбек Басшыбаев, «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ның Басқарма төрағасының «Құрмет граматасымен» Байқабыл Есімбетов пен Наурызбай Абуов, «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ ның Басқарма төрағасының «Алғыс хатымен» Ержан Нұрбетов, Мариямкүл Рсалиева марапатталған. Түстібай Альбиев пен Айбосын Сүндетов «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін кейдесіне тақты. Облыс әкімінің «Алғыс» хатын Айсәуле Алтыбаева иеленді.
Мекемедегі барлық маман мақтауға тұрарлық. Еңбегі ерекше теміржолшылар сый-құрметтен де құр алақан емес. Нәтижесінде «ҚТЖ» ҰҚ акционерлік қоғамына 25 жыл мерекелік медалімен 15 адам марапатталды. «ҚТЖ» «ҰҚ» акционерлік қоғамының басшылықтарынан «Құрмет грамотасы» мен 4 адам, ҚТЖ» «ҰҚ» акционерлік қоғамының басшылықтарынан «Алғыс хаты» мен 4 адам, «Казкөлік кәсіпке – 30 жыл» төс белгісімен үш адам марапатталды. Депоның негізгі жұмысы ауысым аралық болғандықтан жұмысшы қызметкерлер ауысым алдында медициналық сараптамадан өтеді. Денсаулықтарын бақылап, жұмысқа жарайтын жұмысшылар ғана жіберіледі. «Медикер» компаниясының қызметкерлері жұмысшыларды мұқият тексеріп, қан қысымдарының нормаларын, алькотест құрылғыларын пайдалана отырып, барлық қызмет түрлерін көрсетеді.
Жұмысшы қызметкерлер арнаулы жұмыс киімдерімен, аяқ киімдерімен, жарықшамдармен, байланыс құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Дене мен қолдың кірлеуіне байланысты жұмысшыларға жуыну құралдары беріледі. .
Жұмысшы-қызметкерлерге көптеген әлеуметтік пакеттер көрсетілген. Оның ішінде қызметкер қайтыс болған жағдайда – 100 ФЕК, қызметкердің жұбайы не жолдасы, ата-анасы қайтыс болған жағдайда 50 АЕК, бала тууына немесе асырап алуына байланысты 30 АЕК, разездерде жұмыс жасайтындарға 40 АЕК мөлшерінде, некеге тіркелуіне байланысты 15 АЕК, жылына бір рет жол жүру билеттерінің құнын өтеуге, тістеріне жасанды тіс салдыруға 15 АЕК мөлшерінде материалдық көмектер көрсетіледі. Сонымен қатар депо зейнеткерлеріне де әлеуметтік пакеттер қарасырылған.
Ұжымда әлеуметтік тұрақтылық сақталып отыр. Мекеме басшысы қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырып тұрады. Тұрмысы төмен немесе аз қамтылған отбасыларға қажетті көмектер көрсетіп, жұмысқа орналасуға қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың да бос жұмыс орындарына орналасуына ықпал етіп келеді. Сонымен қатар наурыз мерекесінде теміржол торабы ардагерлері шақырылып, ұйымшыл ұжым мерекелік дастархан жайды. «Денсаулық – зор байлық» атты тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, теміржол аумағын тазарту жұмыстары, «Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне орай балақайларға теміржол өткелдерінің қауіпті аймақ екені түсіндіріліп, мерекелік сыйлықтар таратылды. «Салауатты өмір салтын ұстанамыз» атты бастауыш кәсіподақ ұйымы мен бастауыш «AMANAT» партиясының мүшелері бірлесіп өткізген бильярдтан турнирінде жұмысшылар арасынан жеңімпаздар марапатталды.
Ауызбіршілігі мығым, берекесі мол ұжым алдағы уақытта да еселі еңбек етіп, алға қарай адымдай береріне сенім мол.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

03 тамыз 2024 ж. 237 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031