Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар үйі азайды, жетімдер ше?

Балалар үйі азайды, жетімдер ше?

Фото: ашық дереккөзден
Кейінгі 10 жылда елдегі балалар үйінің саны 2 есе азайып, ондағы тәрбиеленушілер саны 3 есеге кеміген. Ал соңғы бес жылды алсақ, 42 балалар үйі жабылып, тәрбиеленушілердің саны 1 969-ға азайған екен. Қуанарлық жағдай. Десе де елде бала асырап алудың машақаты әлі көп екенін ескерсек, «жетімдер үйінің азаюында басқа бір кілтипан бар ма?» деген ой туындайды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын жақын жеңгем бала асырап алуды жоспарлады. 20 жылға жуық уақыт балалы бола алмай, нақты осы шешімге келгені бар. Күйеуі екеуінің баспаған жері қалмады. Құжат әзірледі. Олай да бұлай жүгірді. Жылдан асты. Жаз өтті, күз келді, қыс болды. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Бала асырап алудан да үмітін үзді.
– Балалы бола алмай жүргенімізге көп жыл болды. ЭКО-ға да бардық. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Жақындарым, ата-енем рұқсатын беріп, бала асырап алуды жөн санадық. Солай оның жолын іздестіре бастадық. Шаруасы көп екенін білгенде соңына дейін барамыз деп шештік. Айтқан барлық құжаттарды дайындадық. Бір жылдан аса уақытымыз кетті. Соңында бала асырап ала алмадық. Содан кейін елдегі бұл мәселенің өзекті екенін білдім. Кейбіреуі қалай тез бала асырап алады осы деп те күйінгенім бар, – дейді Жарқын Ержанқызы.
Балалар үйінен бала асырап алу оңай емес. Бүгінде бала асырап алғысы келетін ата-аналардың айтатын уәжі осы. Сан түрлі сынақтан өткеннен кейін де жүректің қалауы бойынша бала іздеуге біраз уақыт кетеді. Бұдан кейін құзырлы орындардың бюрократиясы мен қағазбастылығы да бала асырап алуға деген ойдан айнытып жібереді. Жергілікті қорғаншылық және қамқоршылық мамандарының сынағынан сүрінбей өткенімен, өздері іздеген баланы таппай әлі сергелдеңде жүр талайы. Қош. Жақында жарияланған жаңалықты көріп, бүгінгі мақаламызға сол арқау болды. Қазақстанның Конституциялық соты елде некеде тұрмаған ер адамдарға бала асырап алуға тыйым салу туралы заңды дұрыс емес деп таныды. Конституциялық соттың мәліметінше, «Неке және отбасы ­туралы» кодекстің 91-бабы 2-тармағының 11-тармақшасы заңға сәйкес емес. Бұл норма некеде тұрмаған ер адамдарға бала асырап алуға тыйым салды. Оған сәйкес, ер адам тек баланың анасы қайтыс болғанда немесе ата-ана құқығынан айырылғаннан кейін кем дегенде үш жыл бала тәрбиелеген жағдайда ғана жол берілген.
Шешім осы ережені кемсітушілік деп санаған қазақстандықтың өтінішінен кейін қабылданды. Ал мұндай шешім некесіз әйелдер үшін қолданылмайды. Конституциялық сот бала асырап алуға шектеу қою туралы заңнамалық тәсіл балалардың мүдделерін қорғау үшін негізді болса да, әділеттіліктің, пропорционалдылықтың конституциялық принциптеріне сәйкес келуі керек деп атап өтті. Үкімет конституциялық соттың қаулысы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей Мәжіліске бала асырап алу туралы түзету жөніндегі заң жобасын енгізуге тиіс.

Қиындық әкелген талап қандай?
Балалар үйінен бала асырап алу оңай емес. Әуелі ата-аналар шешім қабылдай алмай біраз жүреді, одан кейін мыңдаған жетімдердің арасынан асырап алғысы келетін баланы іздеумен тағы уақыт өткізеді. Ақырында құжат рәсімдеуге келгенде бюрократия мен қағазбастылыққа тап болады. Алайда проблема мұнымен біте қоймайды. Ешқандай кедергіге қарамастан бала асырап алуға ниеттенген ата-аналардың осы мәселеге байланысты бірқатар сауалына жауап іздеп көрдік. «Жетімдерсіз Қазақстан» сайтында бірнеше мәлімет көрсетілген екен.
Патронат – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы қорғаншылық немесе қамқоршылық органымен келісімшарт жасау арқылы белгілі бір отбасының тәрбиелеуге алуы. Ал қорғаншылық – он төрт жасқа толмаған балалардың және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны. Бұл Қазақстанда кең таралған тәжірибе. Мұны бала асырап алумен шатастыруға болмайды. Қорғаншы – баланы уақытша сеніп тапсырған және оның мүдделерін қорғаушы адам. Ол баланы тәрбиелеу мен қамтамасыз ету міндеттерін жауапкершілігіне алады. Алайда оған ата-ана құқы берілмейді. Көп жағдайда баланың туысқаны қорғаншы болады. Қорғаншылық туралы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды және ол бала асырап алу процесінен оңайырақ. Көп жағдайда бала асырап алудың өтпелі кезеңінде пайдаланылады және отбасына баланы беру процесін жылдамдатады. Құжаттарды рәсімдегенде баланың анкеталық деректері сақталады, яғни қорғанына алушы оған өз тегін бере алмайды. Егер, баланың әкесі не шешесі хабарласса, олар ата-аналық құқын қайта қалпына келтіре алады, қорғаншыларға қарағанда ата-аналарының құқы басым. Баланы 18 жасқа дейін қамтамасыз етуге ай сайын 10 АЕК (1 АЕК – 2405 теңге) көлемінде жәрдемақы беріледі. Қорғаншылықта алименттік, мұрагерлік, мүліктік құқықтық қатынастар болмайды. Баланың денсаулығы, оқуы, белгіленген үлгіге сәйкес жәрдемақы қаражаттарын жаратуға қатысты қорғаншылық ұйымына жылына екі рет есеп береді. Асырап алуға үміткерлер шықса, бала басқа отбасыға берілуі мүмкін.
Қамқоршылық – он төрттен он сегіз жасқа дейінгі баланың, сондай-ақ спирттік ішімдіктерге немесе есірткі заттарына салынуы салдарынан сот әрекет қабілетін шектеген кәмелетке толған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны.
Ұл баланы (қыз баланы) асырап алу – сот шешімі негізінде баланы бір отбасына тәрбиелеуге беру. Мұндайда бала отбасының толыққанды мүшесіне айналады. Оның барлық құқықтары мен міндеттері ата-ананың жауапкершілігіне беріледі, олардың туған ұл/қызына айналады. Асырап алу туралы соңғы шешімді сот қабылдайды. Оған прокуратура, қорғаншылық немесе қамқоршылық бойынша міндеттерді атқаратын орган өкілі, сондай-ақ асырап алушы қатысуы керек.

Баланы қайта өткізу одан да қиын
Барлық қиындықтарға қарамастан асырап алған баланы жетімдер үйіне қайта өткізу – одан өткен қиын іс. Мұндай жағдайда бала психологиялық күйзеліске түседі. Ата-аналардың мұндай жағдайға тап болуының 5 себебі бар. Алдымен ата-аналардың ынта-жігері жетіспейді. Бала асырап алуға оларды көбіне толыққанды отбасын құру ниетінен бастап, қартайғанда жалғыз қалмау қорқынышына дейінгі жағдайлар итермелейді.
Осылайша бірінші кезекте өздері туралы ойлайды да, баланы таңдаудан бастап оған бірнеше талап қояды. Бұдан кейін бірінші қиындыққа тап болған жағдайда баланы қайта өткізу туралы ойлай бастайды. Мәселен, олар өзіне ұқсайтын көрікті, дені сау қызды іздеп, тапты делік. Ал бала 3 жасқа толғанда оның аутизм дертімен ауыратындығы белгілі болады. Ата-аналардың көбі мұндай сынаққа дайын емес болып шығады. Сарапшының пікірінше, мұндайда олардың ынта-жігері мықты болуы керек. Баланы толыққанды отбасының мүшесі болуына жағдай жасап, өз баласындай жақсы көру қажет-ақ. Өз баласын шашының түсіне, денсаулық жағдайына, кімге ұқсап туылатынына қарап таңдамайтыны сияқты, асыранды баланы да дәл солай қабылдау керек.
Одан соң ата-аналарға арналған мектептер жоқ. Шетелде ата-аналар бірінші кезекте заң бойынша арнайы курстан өтуі тиіс. Мұнсыз оларға бала берілмейді. Қазақстанда ондай заң жоқ, сол себепті мамандандырылған мектеп жоқтың қасы. Нәтижесінде біздің елде ата-аналар баланы алғаннан кейін кез келген туындаған жағдайға дайын болмай шығады.
Асыранды балаларға арналған мектептер жоқ. Жетім балалар толыққанды отбасында өздерін қалай ұстау керектігін біле бермейді. Көңілі жетім болып қалған олардың көбі күйзеліске көп ұшырайды. Сәйкесінше, дайындалмаған балада бейімделу кезеңі өте қиын өтеді.
Асыранды баласы бар отбасын сүйемелдеу шаралары жоқ. Дайындалмаған ата–ана дайындалмаған баланы бауырына басқанда жағдай ушығады. Мұндайда отбасының көмекке жүгінетін жері жоқ болса тіптен қиын. Егер асыранды мен туған баланың арасында кикілжің туындаса не істеу керек? Баланы жетімдер үйіне қайта өтізесіз бе, әлде басқаша әрекет етуге қамданасыз ба? Мұндайда мамандардың көмегінсіз мәселені оңтайлы шешу мүмкін емес.
Қоғамда асыранды балалары бар отбасына қолдау көрсетілмейді. Адамдардың асыранды балаларға көзқарасы түзу бола бермейтінін тәжірибе көрсетіп жүр. Тастанды сәбидің туған ата-анасын наркоман, ішкіш, қаніпезер деп айыптаушылар табылады. Жетімдігін бетіне басатындар да бар. Балабақшада, мектепте, емханаларда, басқа да әлеуметтік нысандарда мұның қалыпты жағдайға айналғаны өзекті өртейді.

Жәрдемақы үшін...
Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды сот шешімімен асырап алған отбасыларға 75 айлық көрсеткіште бір жылғы жәрдемақы тағайындалды. Қамқоршылық пен қорғаншылыққа алғандарға ай сайын балаларды күтіп-бағуға 10 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі. Ал келісімшарт негізінде патронаттық тәрбиеге алатындарға 0 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін 9 АЕК, 6 жастан жоғары балаларға 10 АЕК бойынша жәрдемақы және әрбір қабылдаушы ата-анаға 58 мың теңгеден бастап жалақы төленеді. Жетімді жебеу үшін емес, дәл осы жәрдемақыға бола бала асырап алуға ниеттенетіндер көбейген. Сол үшін былтырдан бастап психологиялық даярлықтан өткізу курстары ашылыпты. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 91-бабына енгізілген өзгерістер бойынша, бала асырап алушы ата-аналар бір жылдан бері міндетті түрде үш айлық психологиялық даярлықтан өтуі тиіс болды.
Бұдан бөлек, қамқорлық пен қорғаншылықтағы, патронаттық тәрбиедегі, қонақ-тайтын отбасылардағы балаларды қамқоршылық пен қорғаншылық мамандары баланың денсаулығы мен тәрбиесі, бөлінген жәрдемақылар бойынша есеп алып, жарты жыл сайын, ал сот шешімімен бала асырап алғандарды жылына бір рет ұдайы тексеріп отыруы тиіс. Кейде мемлекеттен ақша төленетінін естіп патронаттық тәрбиеге бала алғысы келетіндер бар. Әрине, олар «ақша үшін бала асырап алғым келеді» деп айтпайды ғой. Бірақ психологиялық диагностика жүргізген кезде олардың негізгі ойы белгілі болады екен. Бала асырап алғысы келетіндердің 80 пайызы жаңа туған нәрестеден 3 жасқа дейінгі дені сау балаларды қалайтынын жеткізді. Ал мемлекеттің негізгі жоспары – жасөспірімдерді отбасына орналастыру. Себебі балалар үйіндегі балалардың 90 пайызға жуығы – 13-18 жасқа дейінгі балалар. Оларды отбасына орналастыру қиын. Дегенмен нәресте алуға арыз тастайтындар арасында мамандардың жұмыс жүргізуімен 10 жастағы баланы алып кетіп жатқан отбасылар да бар көрінеді.

Жауапкершілігі жоқтар да бар
Елдегі асырап алушы отбасылардың әдетте балаға қоятын талабы көп. Дені сау, үш жасқа толмаған болуын, сонымен бірге ұлты мен жынысына да баса мән береді. Асырап алушы ата-аналардың тек 10 пайызы алты жастан асқан баланы асырап алуға ниет білдіреді екен. 10 жастан асқан балаларды бауырына басатындар тіптен аз көрінеді. Бала асырап алушыларға бұл істің күрделі екені, бұған зор түсіністік пен жауапкершілік керек екені ескертіледі. Десек те, ата-аналар мұны ескере бермейді. Нәтижесінде, жыл сайын жаңа отбасын тапқан 200-250 бала қайтадан жетімдер үйіне қайтарылады екен. Бұл оларға қандай психологиялық соққы болатынын бағамдай беріңіз. Дамыған елдерде балаларды балалар үйіне қайтару шамамен 8 пайыз, Ресейде – 10, Қазақстанда – 18. Тіпті, бізде балалар үшінші, төртінші рет қайтарылып жатады екен. Мұның барлығы жоғарыда келтірген дерекпен парадокс тудырып тұр. Десек те, балалар үйі санының қысқаруына отбасылық жетімдер үйінің саны артқаны басты себеп болып отырғанын айта кеткен жөн. Қанша баланы бауырына басып отырған кең жүректі жандардың көбейгені көңіл қуантады. Жетімдер үйінің ­азаюы олардың жанға жайлы ұяда бейқам күн кешіп жатқанының көрсеткіші болса игі дейміз.

«Сандырақ синдромы»
Шымкентте жетім балаларды жылдар бойы қорлап, мысықтың еті мен зәрін берген Ұлықбек Сманов деген емшінің 6 баланы қалай және қайдан асырап алғаны туралы белгілі болды. Елді дүр сілкіндіріп, жағамызды ұстатқан жағдайдың жай-жапсарын зерттеп көрдік. Бала асырап алған кезде есі дұрыс болған Ұлықбек Сманов қазір жындыханада жатыр.
Шымкент қаласының тұрғындары, ерлі-зайыпты Ұлықбек Сманов пен Индира Сманова 2021 және 2023 жылдары кәмелетке толмаған 6 баланы қамқорлыққа алған. Балалардың екеуін асырап алған, ал төртеуі қамқорлықта тәрбиеленді. Мәліметтер бойынша, Сманов 3 баланы Шымкент қаласынан қамқорлығына алса, 3 баланы Астанадан алып кеткені белгілі болды. Ол бұл бүлдіршіндерді жетім балалардың базасынан тапқан екен.
«Сманов жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және балаларды өз отбасына алуға тілек білдірген азаматтарға арналған Республикалық деректер банкі арқылы осы кәмелетке толмаған балаларды қорғаншылыққа және қамқоршылыққа алды» делінген дереккөзде.
Сманов 2021 жылы 17 мамырда Астана қаласы білім басқармасы басшысының 7 шілдедегі бұйрығымен туғанына небары 1 ай 20 күн болған қыз баланы қамқорлығына алған. Кейін, екі жыл өте Шымкент сотының шешімімен осы қызды толықтай асырап алған. Ал 2021 тамыз айында қатігез отбасы Астанадан егіз баланы (бір ұл, бір қыз) қамқорлыққа алған. Яки 2021 жылы Астана қаласы білім басқармасы Смановтарға бар-жоғы 3 айлық егіз балаларды қамқорлығына алуға рұқсат берген.
Сманов асырап алған төртінші бала 2008 жылы туған ұл. Бұл баланы да Шымкент сотының рұқсатымен толық асырауына алған. Дерек бойынша дәл осы жасөспірім бала 2024 жылдың 12 ақпаны күні Смановтың үйіндегі тозақ туралы хабарлаған. Сманов сондай-ақ 2023 жылы Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының бұйрығымен 2019 және 2020 жылы туған екі баланы бағып алған.
Сманов қазір «сандырақ синдромы» ­диагнозымен Талғардың психикалық ауруханасында жатыр. Смановтар балаларды асырап алмас бұрын 3 ай бойы балалар үйіне барып, арнайы психологиялық дайындықтан толықтай өткен және соны растайтын сертификат алған. Одан кейін е.gov.kz порталы арқылы бала асырап алуға үміткерлікке тіркелу үшін өтінім жіберген. Басқарманың қамқоршылық пен қорғаншылық бөлімінің қызметкерлері тапсырған құжаттарын толық қараған және соттылығын ресми түрде тексерген. Барлық құжаттары заң талабына сай келген соң тұрғын жайын тексерген. Акт жасалған. Қазір жауыздықтан жапа шеккен ересек екі бала бейімделу орталығына орналастырылып, тағы төртеуі балалар үйіне бағытталды. Ер адамның өзі «сандырақ синдромы» диагнозымен Талғардың психикалық ауруханасында жатыр. Көкбұлақ ауылында болған бұл жағдайдан ауыл тұтас хабарсыз, бір атадан туған бауырлары да білмеген. Ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған, қазір іс сотқа жолданды.
Осылайша оп-оңай шиіттей баланы асырап, оған білгенін жасаған “емшіге” “Шалабай атасының” аруағы да көмектесе алмады...
Өмір өзі қызық қой. Біреуге бала берсе, енді бірін баласыз сынап әлек. Бірі қоқысқа, көшеге не жетімдер үйіне шаранасын тастай салады. Бірі сол баланы ала алмай шырылдап жүр. Ал енді бірі оп-оңай баланы асырап алып, ойындағысын жасап жүр. Балалар үйі азайса да, тастанды бала неге көп? Асырап алуға ниет болса да, бағуға неге шыдам жоқ? Сауал жетерлік, әдеттегідей оған жауап жоқ...
Дайындаған
Айнұр ӘЛИ
30 шілде 2024 ж. 251 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031