QazVac вакцинасын ДДҰ мақұлдады ма? - министр жауап берді
Фото: BAQ.KZ – архив
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова неге отандық QazVac вакцинасы әлі күнге дейін ДДҰ-ның тіркеуінен өтпей жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
БАҚ өкілі министрге "Денсаулық сақтау министрлігі QazVac вакцинасын ДДСҰ-на тіркеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда бұл қаншалықты маңызды? Коронавирус көп таралып жатқан жоқ қой, ал вакцинамыз әлі тіркелген жоқ. Мұны қалай түсіндіресіздер?" деп сұрақ қойды.
Сертификат беру үшін өндіруші зауыт қосымша өндіріс желісін салумен байланысты шарттарды орындау қажет. Қазір сол жұмыстар жүріп жатыр. Сондықтан күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Коронавирус әлі де бейімделуін тоқтатқан жоқ. Қазір пандемия кезінде тіркелген штамдар жоқ. Бірақ біздің қолымызда вакцина бар. Істі соңына дейін жеткізіп, вакцинаны тіркеуіміз керек, - деп жауап берді Әлназарова үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Ведомство басшысының сөзінше, вакцинаны жан-жақты әзірлеп отыру болашақта түрлі аурулардың алдын алады.