ДСМ дәрілік заттарға баға белгілеу тетігін қайта қарайды
Фото:depositphotos.com
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі пациенттердің, мемлекеттің және өндірушілердің мүдделерін ескере отырып, дәрілік заттарға баға белгілеу тетігін қайта қарайды. Дәрілердің сапасын бағалау мен іріктеуде қауіпке бағдарланған тәсіл бойынша және фармацевтикалық өнімді әкелу тәртібінде өзгерістер енгізіліп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ведомство мәліметінше, мемлекеттік органдардың, "Атамекен" ҚР ҰКП, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдерін қамтитын фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. 2024 жылғы наурызда стратегиялық ұсыныстарды әзірлеуге жауапты бейінді департамент құрылған.
Сатып алу тиімділігін арттыру үшін Бірыңғай дистрибьютор жарамдылық мерзімдерін ескере отырып, тауарларды жоспарлау мен бөлуді автоматтандыратын ақпараттық жүйені енгізді. Бұл есептен шығарылған препараттардың санын азайтады.
"Бірыңғай дистрибьютордың қызметі өндірушілермен тікелей шарттар жасасуға бағытталатын болады, бұл делдалдарды алып тастаудың есебінен дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Ішкі тергеу жүйелі кемшіліктер мен тиісті бақылаудың жоқтығын анықтады, нәтижесінде министрліктің жауапты бөлімшелері мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының негізгі басшылары қызметінен босатылғаны айтылды.
Еске салайық, 2024 жылдың бірінші тоқсанында ҚР жоғары аудиторлық палатасы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының 2022-2023 жылдардағы қызметіне аудит жүргізіп, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын, сатып алуларын, логистикасын, инспекцияларын және қауіпсіздігін бағалауды реттейтін заңнамадағы бірқатар жүйелік кемшіліктерді анықтады.