Мопед мінгендер мәселеге айналды
Соңғы жылдары елімізде «мопед», «скутер» мен «самокат» мінетіндердің саны артып келеді. Себебі мопед қоғамдық не кәнігі көлікпен жүргеннен гөрі шығын аз әрі тиімді. Десек те, қос аяқты құрылғының қоғамға пайдасымен қатар зияны да тиіп отыр. Оны тізгіндегендер ешқандай құжатты қажет етпейді, жол таңдамайды, жаяу жүргіншілер жүретін жолда да, темір көлікке тиесілі тасжолда да ызғытып жүр. Қазір қоғамға мәселе тудырып отырғаны сол қос дөңгелекті тебетіндердің басым бөлігі кәмелетке толмаған балалар.
Тәртіпке бағынып, жай теуіп жүрсе, ештеңе емес. Кейбіреулері балалыққа салынып, желігіп, желмен жарысып, өзгелердің де осы жолмен жүретініне пысқырып та қарамайды. Ең өкініштісі – бүгінгі ұл-қыз осындай құрылғыларды ойыншығына айналдырып, жаяу жүргіншілерге, көлік қозғалысына кедергі келтіру арқылы жол-көлік оқиғасына себепкер болып жатқанын естіп-біліп жатырмыз.
Республика бойынша туындаған мәселеге Парламенттегілер бей-жәй қарамай мопед мінгендерге қатысты жаңа заң шығарды. Құжатқа сәйкес, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын мопедтер механикалық көлікке жататын болады және мемлекеттік тіркеуден өтіп, нөмір алады. Жыл сайын техникалық байқаудан өтіп, сақтандыру полисін де рәсімдеуі шарт. Депутаттардың айтуынша, бұл жолдағы қауіпсіздікті едәуір арттырады.
Аталған көлік түрлеріне сұраныс артып келеді. Жұмысқа, оқу орнына жылдам жеткізетін болғандықтан, оны пайдаланушылар күн сайын көбеюде. Әсіресе түрлі тауар жеткізушілердің тұрақты темір тұлпарына айналған. Бір жағынан жеңіл, арзан, жүргізуші куәлігі қажет емес. Тіркеп те әуре болмайсың. Десек те, көшенің кез келген бұрышынан тұтқиылдан шыға келетін электросамокаттар мен мопедтер жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілеріне қиындық тудыруда.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы мопедтердің қатысуымен 750 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 39 адам қаза тауып, 730 адам зардап шеккен. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 4 есеге көп. Ал биыл жыл басынан бері 171 жол-көлік оқиғасы болған. Өкінішке қарай, бір адам мерт болып, 173 адам жараланған. Енді заң талабына сәйкес мопедтер автокөлік жүргізушілерімен теңестіріліп, А-1 санатындағы жүргізуші куәлігін алады.
Бұл мәселе Қазалы ауданында да жоқ емес. Осы тұрғыда аудандық полиция бөлімінің жауапты мамандарына қоңырау шалған едік. Мән-жайды түсіндіріп өтті.
– Бүгінгі таңда ауданымызда электр скутер, мопед, мотоциклді пайдаланушылар саны күннен-күнге артып барады. Өкініштісі сол, соның салдарынан аудан орталығында мото көліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиі тіркелуде. Бұған себеп жол ережесін білмейтін кәмелет жасына толмаған балалардың мото көліктерді тізгіндеуі. Осыған сәйкес балаларыңызға мүмкіндігінше электр скутер, мопед, мотоцикл сынды көлік құралдарын тізгіндемеуге, көлік құралын басқарған жағдайда жылдамдықты асырмай, жол жүрісі ережесін қатаң сақтауларын түсіндіруді сұраймыз.
Сонымен қатар мұндай құрылғыны басқаруда арнайы мото-шлем киіп, жолдың оң жақ тұсымен жүріп және жылдамдықты асырмауды да қаперге алу қажет, – дейді Ғалымжан Аманов полиция майоры.
Кент тұрғыны Айсәуле Қабылова немерелерімен көшеде серуендеуді күн тәртібіне енгізген. Бірақ жолда жүйткіген электросамокат, мопедтер үрей тудыратынын жасырмады.
– Немерелерімді мектепке апарамын, үйге әкелемін, далада ойнатамын. Қазір көше бойында электросамокат, мопед көп. Электросамокат тротуармен, мопедтер көліктердің арасымен жүйткіп жүреді. Жылдамдықты шамадан тыс асырады. Өйткені олардың қалай өте шыққанын байқамай қаламыз. Тіпті келе жатқанын білдіретін дыбыс та бермейді. Қатты жылдамдықпен келе жатқанда баланы қалай қорғап үлгереміз? Жанымыздан зу етіп өте шығады. Сол үшін де немерелерімді уайымдаймын. Олар жалғыз жүрсе қалай қорғанады? Сондықтан электросамокаттардың жүргізушілері жылдамдықты асырмай, жаяу жүргіншілер жолында ақырын жүрсе деймін, – дейді зейнеткер.
Тұрғындар мен мамандардың пікірінше, мопед айдайтындарға қатысты жауапкершілікті қатаңдату қажет. Бірақ тиісті заң қыркүйек айына іске қосылатындықтан, полицейлер оларды жазаға тарта алмайды. Әзірге ескертумен шектелуде. Енді қыркүйек келсе, заң күшіне еніп, жолдағы жайсыздықтың азаяры сөзсіз.
Серік АҚМЫРЗА