Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Головкиннің чемпиондық белбеулері Елбасы кітапханасына қойылды

Головкиннің чемпиондық белбеулері Елбасы кітапханасына қойылды

Кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің Елбасы Н.Назарбаевқа тарту еткен чемпиондық белбеулері бүгінде «Қазақстандағы олимпиада қозғалысы» атты Елбасы кітапханасының тұрақты экспозициясында жұртшылық назарына ұсынылды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
2018 жылдың мамырында тұсауы кесілген аталмыш экспозицияда Олимпиада қозғалысының жетекшілерімен, отандық және шетелдік спортшылармен кездесу барысында Мемлекет басшысына табысталған кәдесыйлар, марапаттар, спорт құралдары сақталған.
Бұл жерде Елбасының спорт саласындағы мемлекет саясатын ел ішінде ғана емес, шекарадан тыс ілгерілеткені үшін алған марапаттары да орналасқан. Олардың қатарында спорт ұйымдары мен қоғамдары, қауымдастықтары мен федерациялары тарту еткен марапаттары, сондай-ақ ҚР ҰОК Құрмет белгісі (2000), «Спешиал Олимпикс Қазақстан қозғалысын қолдағаны үшін» естелік медалі мен белгісі (2002), Азия Олимпиада кеңесінің ордені (2007), FILA Халықаралық күрес қауымдастығының алтын ордені (2003) сынды өзге де Олимпиада және Паралимпиада ойындарымен байланысты марапаттар бар. Олардың ең алғашқысы, әрі ең ерекшесі – ХОК президенті Хуан Антонио Самаранчтың Мемлекет басшысына табыстаған «Еңбегі үшін» атты алтын Олимпиада ордені (1997).
Айта кетейік, Н.Назарбаевтың қолдауымен отандық боксшылардың жетістіктері әлемге кең етек жайды. Сол себепті де, Кәсіпқой бокстың халықаралық қауымдастығы (АIBА) Олимпиада боксын дамытуға қосқан үлесі үшін Елбасыға АIBА алтын орденін (2000), АIBА күміс орденін (2000), «Еңбегі үшін» алтын орденін (2002) тарту етті.
Осы ретте, «Қазақстандағы Олимпиада қозғалысы» көрмесі экспозициясының төрінен Г.Головкиннің WBA – Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (2010), IBO – Халықаралық бокс ұйымы (2011), WBC – Дүниежүзілік бокс кеңесі (2016), IBF – Халықаралық бокс федерациясы (2015-2018) бойынша чемпиондық төрт белбеуі ерекше орын алды.
Естеріңізге сала кетейік, Геннадий Головкин – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Атап айтқанда, отандасымыз Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионы (2000), ҚР І спартакиадасының чемпионы (2001), Мұнай елдері арасындағы әлем кубогының жеңімпазы (2001), ІІІ Шығыс Азия ойындарының чемпионы (2001), Кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионы (2003), Олимпиада ойындарының вице-чемпионы (2004), WBC, WBA (Super), IBO чемпионы, «The Ring» журналының нұсқасы бойынша кез келген салмақ категориясындағы үздік боксшы (2017), WBA, WBC, «Boxingnews24.com» белгілі басылымының нұсқасы бойынша 2017 жылғы үздік боксшы.

11 шілде 2018 ж. 1 642 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930