Түрлі тағдыр, бір өмір...
Сенбілік таң. Жатын бөлменің үлкен терезесінен түскен күн сәулесі Аиданы төсекте одан әрі жатқызбады. Жолдасы Бекбол іс-сапарда. Орнынан еріне көтерілген Аида терезеден тысқа көз салды. Аулада балалар асыр салып, ойнап жүр. Шіркін, қайғысыз-мұңсыз балдәурен. Аида оларға күлімсіреп ұзақ қарап тұрды. Анау курстасы Айсұлу ғой. Балаларын ойнатып жүр. Жанындағысы көрші Сабира. Оның да ұлы мен қызы жанында. Аиданың жанарына еріксіз жас үйірілді. Әттең, бұл да сенбі күні таңмен таласа оянып, жан-жағынан жамырай шуылдаған балаларының таңғы асын беріп, апыл-ғұпыл ойын алаңына барса. Балаларының бірі мойнына асылып, екіншісі киімін бүлдіріп, анадайда бір баласы: «Анашым, су ішем», енді бірі: «Дүкенге апар» деп қиғылық салса, өкініштісі сол, бұның бірін де Аида әлі бастан кешірмеді. Себебі Бекбол мен Аида он бес жылдан бері сәбидің шат күлкісіне зәру.
Екі қабатты, іші дүниеге толы даңғарадай сарайда бір «үй шашардың» жоғы екеуінің де жан жарасы. Бекбол үлкен қызметте, Аида да құр қарап отырған жоқ. Кәсібі дөңгелеп, несібесі жүріп тұрған келіншек. Әттеген-айы, бұларға байлық бұйырғанымен, бала бұйырмапты. Талай түн жастыққа төгілген көз жасы тағдырды өзгерте алмады.
* * *
Тынысты тарылтар ауа, қолқаны қапқан ыза иісі, қараңғы бөлмеге саңылаудан түскен үміт сәулесі. Қатар-қатар қойылған төсек. Бүк түсіп жатқан жанары мұңлы жандар. Төрт айдан бері түрменің тәртібіндегі Талғаттың таңы өзгелерден тым ерте атады. Тіпті түн баласы кірпік ілмейді десе болады. Көзін жұмса, әкелеп құлдыраңдай жүгірген қос құлыншағы көз алдына келе қалады. Оларға қарауға дәті шыдамай, жанарын енді жаппауға бекінеді. Сотты болып, тар қапасқа тоғытылғандығы Талғатты іштей жеп барады.
Талғаттың көршісі ішімдікке жақын. Сау болса одан тәуір жігітті таппайсың. Алайда сау жүретін күні сирек. Кешкілік Талғат жұмыстан қайтып келе жатып, араққұмар көршісінің өз ауласынан шығып бара жатқанын көрді. «Бұның бұндай әдеті жоқ еді ғой. Мен жоқта үйге жоламаушы еді. Әйел, бала-шағам шошып қалмады ма екен?» деп жылдамдатып үйіне жетті.
Үйдің іші астаң-кестең. Бір бұрышта екі баласын құшақтап, келіншегі жылап отыр. Талғат дауысы дірілдей болған оқиғаны баяндаған әйелінің бір сөзін естісе, бірін естімеді. Сорақы көріністен екі құлағы тас болып бітеліп қалды. Араққа әбден миы уланған көршісі арақ тауып беруді талап етіп, үйді талқандағанын естігенде көзі ашудан қарауыртып, тысқа атыла шықты. «Талғат, қоя тұр. Ашуыңды бас. Сауыққан соң сөйлесерсің» деп ізінен жүгірген келіншегін кеудесінен итерді.
Көрші үйге кіре сала алдынан қарсы кездескен ішкішті қақ маңдайдан жұдырықпен ұрып кеп қалды. Жерге сұлаған оны алып жұдырығымен соққылай берді, соққылай берді. Басынан аққан қанды көргенде бір-ақ ес жиды. Өліп қалыпты. Талғаттың қолына кісен салынды.
* * *
Жүйіткіген жүрдек пойыз талай шақырымды артқа тастады. Таң атты, кеш болды, күн батты. Темірлан барлық көрініске пойыз ішінде куә болды. Сапарлас кісілердің бірі әңгімешіл екен. Купедегі төртеу уақыттың қалай өткенін тіпті де сезбей қалды.
Бір сәт аққұба келген, жылы жүзді Жұмагүл апа әңгіме ауанын өзінің өткен өміріне бұрды. «Он ағайындымыз, тоғызы қыз. Шешеміз «ұл туамын» деп сендерді туа бердім деуші еді. Сол кезде көңілімізге де қарамайды екен-ау. «Әр аяғым ауырлаған сайын ұл болса екен деп тілек тіледім. «Қызды болдыңыз» дегенде көңілім құлазып қалатын» дейтін. Кейіннен ғой «Рахатты сендерден көрдім ғой» деп көкірегі қарс айырыла күрсінгені.
Тоғыз қыздан кейін көрген жалғыз ұл ерке болды. Шешеміз бетінен қақпай, не кием, не ішем дегізбеді. Әкем ер жігіт ғой деп сәл қатаңдық танытса, анамыз араға түсіп, баласының ісі дұрыс емес екендігін біле тұра, әкеме бұрқылдайтын. Үйдің де, түздің де тірлігін біз, қыздар жасадық. Кенжетайдың көңілі тоқ болса, болды еді. Әкем марқұм өте жақсы адам. Бірде-бір рет шешемізге: «Ұл керек, ұл тумадың» деген емес. «Шүкір, қызықты қыздарымнан көремін» деп маңдайымыздан сүйіп отыратын.
Қыз – қонақ. Бойжетіп, барлығымыз ұямыздан ұштық. Шаңырақта қартайған әке-шешемен ұл қалды. Жалғыз ініміз жастайынан ішімдікке жақын болды. Анамыз ерсі қылығын әкемізге айтпай, жасырып, жапты. Әкем тезге салып, талай мәрте тәртібін түземек болды. Бірақ кеш қалғанын білді. «Баланы жастан» деп қазақ бекер айтпайды-ау, сірә?!
Жалғыз ұлдың әке-шешеге жақсылығы аз болды. Күн құрғатпай ішіп келіп, мазалайтын. Арақ жеті жыл отасқан жарынан, алтын асықтай ұл-қызынан айырды. Келініміз тәуір бала еді. Біздің жүгермек талай жазықсыздан жазықсыз қан-жоса қылып сабап, соңында бір түннің ішінде бала-шағасын жинап, біржола кетіп тынды. Араларындағы жағдайды көзбен көріп, құлақпен естіп отырған соң, інімізді ақтап алар сөз таппай қала бердік. Ата-анамыз құда-құдағидың алдына бұған дейін де бірнеше рет барып, кешірімін алып, қыздарын жалынып жүріп әкелгенмен ініміз ескі әдетінен арылмады.
Ерке, есерсоқ болып жүріп оқуды да қарық қылмаған ұл жұмысқа тұра алмады. Әке-шешенің зейнетақысымен алысқа бармайтынын жанымыз ашып, сан рет айтқанымызда өзім білемге салынды. Қанша көңілге қаяу салса да бауыр деген бөлек қой. Анда-мында сүйрелеп, жұмысқа да орналастыруға тырысқанымызбен нәтижесіз қалды. Күнде аузы арақтан құрғамай, ауылдың әр бұрышында құлап жататын ұлдың күйігі өтті ме әкеміз ойда жоқта жүрек талмасынан ана ауылға жүріп кетті. Қыздардың барлығы анамызды қолымызға шақырдық. Байғұс, шеше: «Мына баланы қалай жалғыз қалдырамын. Өлсем шалымның шаңырағында ұлымның қасында өлейін» деп шорт кесті.Сексендегі анам қырықтағы ұлының қыңыр мінезі мен ессіз тірлігіне көніп ауылда әлі отыр.
Шешемнің жайы осы, шырағым. Қасында он шақты күн болып, үйіме кетіп барамын, – деп алпысты алқымдап қалған апа пойыз терезесінен жазық далаға зер салды. Жанындағыларға көрсетпей, қос жанарына жиналып қалған жасты беторамалымен сүртті.
Купе іші тып-тыныш. Ешқайсысы ләм-мим демеді. Әрқайсысы ішкі оймен арпалысып отыр. Әрбірінің көкейінде: «Ата-анамды қадірлей алдым ба?» деген сауал тұрды. Бір сәт, терезеге телмірген күйі әңгімешіл апа: «Қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым» деген осы. Ата-ананың қадірін біліңдер, айналайындар. Қариялар қашанғы жүрер дейсің? деп заттарын жинауға кірісті.
Ойға шомған үшеу апаның асығыс қимылына қарап, қалта телефондарына үңілді. Діттеген жерге жетуге жарты-ақ сағат қалыпты. Бұлар да жылдам жүктерін жинауға кірісті.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА