Қоқыста қалған құндылық
Фатима апа әшейінде шырылдамаса қарай қоймайтын қалта телефонын бүгін қолынан тастамады. Минут сайын бетіне үңіліп, үлкен үмітпен қарайды. Кеше кешкілік қалада тұратын кенже ұлы келіншегінің толғағы қысып, перзентханаға жеткізіп тұрғандығын айтып хабарласқан. Содан бері сүйінші жаңалықты күтіп отырған жайы бар.
Отағасы Нұржанның да таңғы шайын күндегідей баптап, қоюлап құймады. Ойында тек «келінімнің жағдайы қалай болды екен?» деген сұрақ тұрды. Оны Нұржан да сезді. Шайды екі кесемен қысқа қайырды. Тысқа шығып, тірлігіне кірісті. Сиырларды өріске айдап бара жатып, бұл да келіннің тілеуін тіледі.
Сағат тілі түскі он екіні көрсеткенде Фатиманың телефоны шыр етті. Былай уақытта әйелінің әңгімесіне араласпайтын Нұржан сыртқы есікке жақындап, құлағын тоса қалды. Фатиманың дауысы дірілдеп, «Айналайын, айналайын» деп жатыр. Телефонды қоя сала сыртқы ұмтылған Фатима есікті екпінмен итергенде Нұржан шалқасынан түсе жаздады. Оны елеген екеуі де жоқ.
– Атасы, сүйіншімді бер. Немерелер қатары тағы бір батырмен толықты, деген Фатиманы жолдасы құшақтай алды. Таңертеңгідей емес, түскі аста екеуі жайдары отырды. Сүйінші хабарды естіген бірлі-жарым туыстар құтты болсын айта келді. Фатима барлығына ақ дастарқанын жайып, құрақ ұшты.
Кешке отағасы Нұржан: «Алматыға барып қайтасың ба? Келінге көмек керек болар» деді. Осы сөзді күткендей Фатима да: «Иә, немеремді өзім шомылдырайын. Сылап-сипайын. Келінге де қарайласатын адам керек» деп ағынан жарылды.
Ертесіне билет қарап, жолға дайындалды. Жаз бойы жиған-тергенін екеулеп жүріп реттестірді. Құрт, майын, қатығын дорбалап, неше күннен бері мұздатқышта қатырған ет пен балықты да қалталады. Шаңырақтағы ұл мен келін де сәбиге сыйлық дайындаған екен. Келіндері Әсемнің аяғы ауырлағаннан немереме деп тоқыған киімдерінің өзі біршама болыпты. Бас-аяғы бес-алты сөмкені жеңіл көлікке тиеп, вокзалға бет алды.
Әсем ата-анасынан ерте айырылған. Бауырлары жоқ. Туыстары да жақыным еді деп жанашыр болып жүргені шамалы. Оның бәрін Нұржан мен Фатима біледі. Келінінің көңіліне кірбің түсірмеу үшін ол жағын тіпті де қозғамайды. Немересінің бар жасауын, керек-жарағын өздері дайындап, ұлдары Азат тербелген бесікті оның баласына деп неше айдан бері сырлап, тазалап, төсек-жастығын құстың жүнінен салдырып, әлдеқашан жасатып қойған. Пойызға салынатын басты заттың бірі де сол бесік.
Әні-міне деп жүргенде үш-төрт күн өтіп, келіні мен немересі перзентханадан шықты. Фатима да артынып-тартынып Алматыға жетті. Немересін құшарлана иіскеп, құшағына қысты. Жуындырып, аяқ-қолын сылап-сипауды да бастап кетті. Бір байқағаны, ұл да, келін де бесікке қырын қарайды. Тіпті Азат: «Бұның не керегі бар еді. Сонау жерден арқалап, манеж алдық қой» деп тыжырына қалып еді. Фатима ана киіп тастады. «Бәрің де сол бесіктен шықтыңдар. Бесік таза әрі балаға жылы болады. Манежге кейін жатқыза берерсің» деп қысқа қайырды. Баланы бесікке салғанды Әсем де құптамайды. Алайда енесіне үндемеді. Тек жолдасы Азаттың құлақ-етін жеп, бесіктің пайдасыз тұстарын тізе беретін.
Немересі Назарды бір айға толтырып, Фатима әже ауылға жиналды. Келіні де өз-өзіне келіп қалған. Баланың бабын табуды да енесі біршама үйретті.
Фатима ауылға жеткен бойдан Нұржан: «Алдымыз қыс немеремді көріп қайтайын. Ауылға әзір әкеле қоймас» деп ойын айтты. Фатима бұны құп көрді. Азат бұлардың кенже ұлдары. Оқу, жұмыс деп жүріп қалып, кештеу үйленген жайы бар. Оның отбасын құрып, бала сүйгенін көруді әке-шешесі жиі армандайтын. Міне, шүкір ол күнге де жетті.
Әкесі келе жатырмын деп айтып, Азатты әуреге салмады. Жұмысбасты баласын күтіп алу үшін вокзалға асықтырмады. Өзі де Алматыны жақсы біледі. Пойыздан түсіп, қаланың орталығында орналасқан ұлының үйіне асықпай аяңдады. Әсем қаланың табиғатына, қайнаған тіршілігіне қарап, үйге де тез жетіп қалды.
Күн тас төбеге көтерілген шақ. Анадайдан бірдеңе жылтырап, Нұржанның көзіне шағылыса берді. Жақындаған сайын жалт-жұлт етеді. Нұржан өз көзіне өзі сенбеді. Әйелі Фатима екеуінің төрге қойып, талай күн сырлаған бесіктері. Қоқыс жәшігінің бетінде тұр. «Ол емес шығар, бәлкім басқа біреу қойған» Нұржан өзін ойымен алдаса да, көздері алдана қоймады.
Бесікті көтеріп, подъезге әкелді. Ұлының үйіне кіргізуге ниеті жоқ. Қадір-қасиетін білмеген жерде бесікті қалдырудың қажеті қанша?! Тасалау жерге қойып, үйге барды. Ұлы мен келіні қанша құрақ ұшса да, көкірегінде бір өкпе-реніш тұрды. Нұржан ертесіне-ақ ауылға қайтам деп шешті. «Келгеніңіз кеше, ең болмаса бір апта болмадыңыз ба?» деп бәйек болған ұл мен келінге Алматының ауа райын сылтау қылды. «Қан қысымым көтеріліп кетеді» деген күйі жолға жиналды. Немересінің маңдайынан сүйіп, мауқын басты да келіні мен қоштасып, сыртқа аяңдады. Шығарып салмақ болған Азат көлігін үйдің алдына жақындатқанда Нұржан қойған жерінен бесікті алып шықты. Азаттың екі беті ду ете қалды. Әкесінің жабырқау жүзі мен ауылға қарай жылдам қайтуының себебін анық ұқты. Жол бойы әкелі-балалы үндемеді. Бірін-бірі үнсіз ұққандай.
Пойызға мінерде бесікті көтермек болған Азаттың қолын әкесі қайтарып тастады. «Ал балам көріскенше» деп баласының арқасынан қаққан Нұржан қоқыста қалған құнды затын көтере, вагон баспалдағына аяғын салды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА