Қызылордада президенттің жаңажылдық шыршасы өтті
Әдеттегідей, бұл мерекеге бүкіл облыстан оқу озаттары, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары және «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілері шақырылды.
Биыл балалар үшін қала бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Олар облыстық тарихи-өлкетану музейін, Ә.Тәжібаев атындағы кітапхананы, орталық алаңды және өзге де Қызылорданың көрікті жерлерімен танысты.
Мерекелік іс-шара Елбасы Н.Назарбаевтың жаңажылдық құттықтауымен басталды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, ізгі тілектерін айтты.
«Бүгін еліміздің барлық өңірінде Елбасы атынан балаларға арналған жаңа жылдық шырша өтуде. Еліміздің түкпір-түкпірінде балалар жаңажылдық шыршаның жанында жиналып, армандарының орындалуын үлкен үмітпен күтуде. Сіздер таңғажайып кезеңде өмір сүресіздер. Ғасырлар бойы орындалмас арман деп саналатын көптеген ғажаптар бүгінде шындыққа айналды. Сіздер жақсы оқып, халықаралық олимпиада, шығармашылық және спорттық байқауларда жеңімпаз атанып жүргендерің мені қуантады. Болашақта әрқайсысың еліміздің мақтанышы болатындарыңа сенемін», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Өз кезегінде, оқушылар аймақ басшысына жан-жақты қолдау мен қамқорлық көрсеткені үшін алғыстарын айтты.
Іс-шара соңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, тәттілер мен сыйлықтар таратылды.
Биылғы жаңажылдық Президент шыршасына барлығы 200 бала қатысты. Оларға ноутбук, Елбасының атынан кітап, ойыншықтар мен тәттілер таратылды.