Туған жерім – тірегім, соғып тұрған жүрегім
Қызылорда қаласында «Туған жерге тағзым» атты форум өтті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және Сыр өңірінде дүниеге келіп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан белсенді тұлғалар қатысты.
Жалпы аймақта ел таныған азаматтардың кездесуін ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бұл жолғы шараның мақсаты – Сыр өңірінен шыққан танымал тұлғалардың жеткен жетістіктерін аймақ жастарына үлгі етіп, оларды туған жеріне қолдау көрсетуге шақыру болып отыр.
Жиналған қонақтар форум барысында телекөпір арқылы аймақтағы айшықты істерге куә болып, бірнеше индустриалды-инновациялық жоба іске қосылды. Олардың қатарында Қызылорда қаласындағы шыныпластикалық құбыр шығаратын зауыт, Арал ауданындағы асфальтбетон зауыты, Жаңақорғандағы әк зауыты бар.
Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы жаңадан ашылған зауыт жұмыстарына сәттілік тілеп, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Елбасы Жолдауында аграрлы саланы экономиканың жаңа драйверіне айналдыруды айтты. Еліміз көптеген позициялар бойынша әлемдегі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің қатарына ене алады. Бұл бағытта біздің өңірде экспорттық потенциалды арттыру қолға алынды. Еуропаға жылқы еті, Жалағаш қауыны – Ресейге, Сыр күріші мен қойы – Иранға, Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталды.
Осы тұста сапалы сиыр етін сыртқы саудаға шығаруға жұмыс істеп жатқан Қызылорда қаласындағы «Саламат Агро» ЖШС басшысы Ә.Ізтілеуов тікелей байланысқа қосылып, мал сою пункті мен бордақылау алаңын салғанын, енді Қызылорда қаласының нарығын сапалы сиыр етімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар екендігін жеткізді.
Сонымен қатар, серіктестік басшысы сиыр етін Иран және Араб елдеріне экспорттауға жұмыс жасап жатқандығын тілге тиек етті.
Облысымыздағы тағы бір жағымды жаңалықтың бірі – Шиелі құс фермасында 2-цехтың іске қосылуы. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ішкі нарықтың 80 пайызын отандық өнімдермен толықтыру керек. Бізде бұған толық мүмкіндік бар. «Шиелі құс» фермасы сәуір айында ашылған еді. Бұған дейін тәулігіне 10 мың дана жұмыртқа өндірілді. Бұл жұмыртқа бағасының төмендеуіне ықпал етті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тапсырмаларды орындаудың жарқын көрінісі – латын әліпбиіне көшу жөніндегі батыл қадам, киелі жерлердің картасының түзілуі, «100 жаңа есім» жобасы. «100 жаңа есім» жобасына енген дәрігер, ғалым, А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Б.Баймаханов жүрекжарды лебізін жеткізді. Алтын қолды дәрігер туған жерден алыста болса да, ел үшін алаңдап отыратынын айтып, өңірдің денсаулық сақтау саласының өркендеуі үшін жасалып жатқан шараларды жоғары бағалады.
Сондай-ақ, Мәскеуде білім алып жатқан жастардың атынан Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетінің 4-курс студенті Е.Меңдіқұл елге деген сағынышты сәлемін жолдады.
Форум аясында аймақтың дамуына қосқан үлестері үшін Сыр елінің түлектеріне «Сыр жанашыры» марапаты табысталды. Олардың қатарында «Бақыт» ЖШС директоры Аманбай Ерхатов, «Тілеп» ЖШС директоры Ибайдулла Тілеп бар.
Аманбай Елеуұлы басқаратын серіктестік бүгінде 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ресейлік кәсіпкерлермен бірлесіп, Ульяновск облысында балық өңдеу зауытын салды. Нәтижесінде Арал теңізінен ауланған балық өңделіп, Мәскеу мен Санкт Петербургтің ірі сауда орындарында сатылуда. «Туған жерге тағзым» акциясы аясындағы жобаларға 3 миллионға жуық қаржы бөліп отыр.
Ал, Ибайдулла Тілепұлы ауданымызда өткізілетін танымдық іс-шараларға үнемі қаржылай қолдау білдіріп жүреді. Республикалық «Мектепке жол», «Туған жерге тағзым» акцияларының белсенді қатысушысы.
Мұнан бөлек, «Сыр жанашыры» номинациясына ие болғандардың қатарында әйгілі зілтемірші И.Ильин мен кардиохирург, Қазақстанның Еңбек Ері Ю.Пя, А.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми-зерттеу орталығының Басқарма төрағасы Б.Баймаханов, «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Б.Досмамбетов, тағы басқалар бар.
Форумға есімі әлемге әйгілі математик ғалым, академик А.Жұмаділдаев сөз сөйлеп, жыл сайын Мәскеу мемлекеттік университеті Қызылорда облысының студенттері үшін магистратурада білімдерін жетілдіруге 20 грант бөлетінін, бұл үлкен жетістік екенін жеткізді.
Облыстық мәслихат сессиясының шешімімен академик А.Жұмаділдаевқа Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағы берілді.
Сондай-ақ, форумда Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші А.Дүзелханов, елімізге белгілі жырау А.Алматов, Алматы онкологиялық орталығының бас дәрігері Д.Дәулетбаевтар жерлестерін мерекемен құттықтады.
Қазақ эстрадасының белгілі өнерпаздары Ж.Ысқақова, Т.Төреәлі мен «Тұран» триосы концерттік бағдарламасын ұсынды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат.