Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны көбейеді – Мемлекет басшысы

Жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны көбейеді – Мемлекет басшысы

Фото: Pexels
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының мәртебесін көтеру туралы айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

«Тағы бір мәселе. Мен еңбек адамының мәртебесін көтеру туралы үнемі айтып жүрмін. Өткен бес жылдың ішінде бұл бағытта көп шаруа атқарылды. Тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді. Жалақы көтерілді. Басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынды. Мемлекеттік марапаттар нағыз еңбек адамына тапсырылып жатыр. Осындай нақты жұмыстың нәтижесінде түрлі мамандық иелерінің беделі арта түсті. Мамандықтың жаманы жоқ. Еліміз үшін барлық кәсіп иелері қажет. Өз ісінің хас шебері атанған адам міндетті түрде табысқа жетеді. Түптеп келгенде, бұл – қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікті жаппай дәріптеу деген сөз. Бәсекеге қабілетті ұлт болу үшін қоғамда осы құндылықтар орнығуы қажет», - деді президент.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы ғалымдармен кездесу барысында ғалымдардың мәртебесін көтеру жөнінде де айтты.

«Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз. Бұл – құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс жасалып жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді. Былтыр 284 жас ғалым баспана алды. Биыл менің тапсырмаммен оларға тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
31 мамыр 2024 ж. 254 0