Елді қорғау – әрбір азаматтың борышы
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев №66597 әскери бөлімде Отан қорғаушы күніне орай өткен салтанатты рәсімге қатысып, сарбаздарды құттықтады. Мерекелік іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, құқық қорғау органдарының және әскери бөлімдердің басшылары мен сала ардагерлері келді.
Бүгінде еліміздің Қарулы Күштер қатарында қызмет ету әрбір қазақстандықтың мәртебелі міндетіне, аға буынның ерлік пен жауынгерлік дәстүрлерінен бастау алған патриотизмнің үлгісіне айналды. Биыл еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтің және Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың биылғы отырысында «Айбын» орденінің түрлі дәрежесін Бауыржан Момышұлының, Сағадат Нұрмағамбетовтің және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерімен атау туралы бастама көтерді. Бұл – даңқты ерлерге көрсетілген құрмет, Қарулы Күштерге жүктелген сенім деп білеміз. Тәуелсіздігіміз бен тірлігімізді, тыныштығымыз бен бейбітшілігімізді қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада Қарулы Күштердің Құрметті ардагері Мыңділда Ршауов та сөз сөйлеп, жерлестерін мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, Отан қорғаушы күніне орай және су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде жұмыс жасаған қызметкерлер марапатталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі