Жетпеген дауыл
Бесінші, алтыншы сыныпта оқып жүрген кезім. Қазақ тілі бірлестігіне тағы бір мұғалім келіп қосылды. Мектептің барлық мәдени іс-шарасына белсене араласып жүргендіктен, мұндағы апай-ағайларды түгел танитынмын. Ал, мына мұғалім, топшылауымша, бала күтіміне арналған демалыстан қосылса керек. Өйткені жоғарғы сыныптың оқушылары жылы шыраймен амандасып жатады. Ақөңді, ажарлы жанның жүзінен әдемілігінен өзге әйелге тән ибалық байқалады. Мені қызықтырғаны, отыздан енді асқан келіншектің ақ орамалды басынан тастамайтыны болды. Сол кезде кішкентай болсам да, мұғалімдерімнің қай-қайсына да «сынай» қарайтын әдет қалыптасып үлгірген. «Жаңа апай» жұмысқа қосылысымен белсенділігін байқатып үлгерді. Қыркүйектегі тілдер мерекесі. Жылда қатысатын болғандықтан, бірлестіктің іс жоспарынан хабардар болған біз іштей барлық тапсырмаға дайын екенімізді білдіріп, ұстаздарымызға жақын жүреміз. Сондай күндердің бірінде «жаңа апаймен» тілдесудің сәті түсті. Гүлзат апай тарих пәнінен сабақ беретін қатал, талапшыл Қарлығаш Ахметованың туған сіңлісі болып шықты. Құрбым Анармен көрші тұрады екен. Үйі мектептің жанында. Әйел мұғалімдер апталық дайындығы бітер-бітпестен үйлеріне қарай асығатын. Бұл кісі олай жасамады. Менің мардымсыз сұрақтарыма жауап беру үшін уақыт бөліп, мектеп ауласына жайғасты.
«Жаңа апайдың» жан-жақтылығын сол кезде байқадым. Оқыған кітаптарым, өзіме қызықты тақырыптар туралы ұзақ әңгімелескеніміз есімде. Апай баласынбай, барлық сұрақтарға толыққанды жауаптар қайтарып отырды. Өзінің балалық шағы туралы байыппен баяндады. Елге сыйлы ақсақал, шежіреші қарт, әкесі Өмірзақ Ахметовтің берген тәлім-тәрбиесін де сөз етті. «Әкем: «Менің бұл балам қара қылды қақ жарады. «Бесіңді» қоя бер дейді мұғаліміне. Өйткені өзінің қандай екенін біледі», – деп масаттандырып отыратын. Мақтауды кім жек көрсін, әке сөзінен қанаттанып қана қоймай, мектеп бағдарламасындағы тақырыпты одан әрі білуге күшімді салатынмын».
Қазақтың иірімге толы мағыналы сөздерінің мәнін жіті түсіне бермейтін мен үшін «қара қылды қақ жарған» деген тіркес қызықты көрінді. «Қалай сонда, қыл деген ең жіңішке, ең нәзік зат емес пе? Ол да бөлінетін болғаны ма? Мүмкін ебі бар адам оның да жөнін білетін шығар» деп ішкі ойыммен әлекпін.
Осындай әкеге деген перзенттік құрметімен бірге, оның «алыстағы» анасына деген терең сағынышын байқадым.
– Әкеміз – үлкен үлгіміз. Осы дағдыны бойыма марқұм анамыз дарытты. Бір жолы жетекші салаларда жауапты қызметтерді атқарып жүрген азамат бір күнде науқастанып, төсек тартып қалды. Бұрын жұмыста жүргенде байқалмайды екен, әкеміз іштей өзін-өзі мүжіп, қиналып кетті. Жұмыссыз әкенің отбасының да жайы қайбір оңды болсын. Сол молшылық заманның өзінде қиындықтың табын бала жүрегіміз сезіне бастады. Анамыз азамат адамның әйелімін деген жоқ, бір мекемеде тазалықшы болып жұмыс істеді. Азын-аулақ табысына ет комбинатынан ішек-қарын, бас-сирақ секілді мал өнімдерін сатып әкеліп, бізге асып беретін. Ондай кездерде бәріміз тоя тамақ жеп, мәз-майрам болып қаламыз. Анамыз көрген ауыртпалық бұл ғана емес, шиеттей бала-шағаны әке орнына әкелік, ана орнына аналық қамқорлыққа алып, қатарынан қалдырмауға тырысты. Сол күндердің өзінде анамыздың әкемізге деген сыйластығы, құрметі артпаса, бір мысқал да азаймады. Көбін енді ұғып жатырмыз. Солай бола тұра, анамыздың бір рет те қабақ шытып, барлық жауапкершілікті өзі көтеріп жүргенін айтқан кезі болмапты. Барлығымыз әкеміздің көптің қатарына қосылатынына сенім білдіріп, сыртқа сыр бермей, жақсы көңіл-күйде жүруге тырысамыз. Кейін солай болды да. Тілегіміз орындалып, әкеміздің денсаулығы жақсарды. Бірақ ондай жайлы кезге анамыз көп куә болған жоқ, – деп көңілі босай отырып әңгімесін жалғастырды. – Анамның көп жақсылығын көрдім. Болашақта естелік етіп жазғым келеді. Ол кісінің алдында солай ғана борышымды жеңілдететін сияқтымын.
– Апай, ол Сіздің қолыңыздан келеді ғой, – деймін.
– Келеді. Бірақ, дауылы әлі жетпей жүр.
– Дауыл?..
– Иә, білесің бе, өзге ағаштар көктем келсе, бүгін мына жері, ертең ана жері бүршік жарып, гүлдей береді екен. Ал, алма ағашы болса үлкен дауылын күтетін көрінеді. Кезекті бір дауылдан соң ғана гүлдер бірге қауыз жарады. Сол сияқты әр нәрсенің өз уақыты болады. Сондай сәті келгенде қолыма қалам алып, ол мақсатымды орындап, арманыма қол жеткіземін деген ойдамын.
Бұл күні бұдан өзге түрлі тақырып қаузалды. Көбін түсіне алмаған болармын, менің есімде ерекше қалғаны осылар болды.
Кейін университет қабырғасында жүргенімде дос қызым өзіне арнап арнау өлең жазуымды өтінді. Сол кезде жазылған «Жыр жаз дейсің...» аталатын шығармамда Гүлзат апайдың айтқан сөзін кірістіріп: «...Алма ағашы күтер, досым, дауылын, Дауылымды мен де күткен шығармын», – деп келтірген болатынмын. Бұл жолдар ұстазым, ақын, дінтанушы Айнұр Әбдірасылқызының тарапынан жақсы пікірге ие болған.
Өкініштісі, жас маман атанып, ауылға оралғанымда Гүлзат апай да, Қарлығаш апай да өмірден өткенін естідім. Бірде әкелері Өмірзақ Ахметов ақсақалмен сұхбаттасудың реті келді. Сонда ұстаздарым жайлы сұрағанымда, бағанадан бәйтеректей денесін тік ұстап отырған кісінің бір сәтте аласарғандай кейпін көріп, оны қандай күйге түсіргенімді сезініп, қиналдым. Перзентін жоғалту қай ата-анаға оңай соқсын. Қазына қарттың энциклопедиялық біліміне қанығып, ұстаздарымның білімдар болуының сыры отбасынан дарығанын іштей топшыладым.
Әр көктем келген сайын ағаштарды көріп, ұстазымды ойға аламын. Ал алма ағашына ұшырассам, жанында «дауылы» қашан жеткенін ойлап, ұзақ уақыт кідіріп қаламын. «Орнында бар оңалар» деген. Гүлзат апайдың шәкірттері, шаңырағының түтінінін түзу ұстап отырған жары Іскендір, балалары барда есімі ешқашан естен шықпайтыны белгілі. Алайда оның «жетпеген дауылы» жайлы ойлағанымда, іштей күрсініп, баланың анаға деген алғаусыз көңілінің үлкен көрінісіне кезіккендей күйге енемін.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА