Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Darknet: Киберқалқан қара әлемге қауқарсыз

Darknet: Киберқалқан қара әлемге қауқарсыз

Darknet жайында естуіңіз бар ма? Шетелдік триллер жанрындағы фильмдерді көрсеңіз, жастардың осы бір сайт атауына кіргенін, онда түрлі қорқынышты оқиғаға тап болғанын байқайсыз. Естуіміз болмаса, ол интернет жүйесіне кіріп, емін-еркін пайдалану мүмкіндігі жоқ. «Қараңғы әлем» атауының сыры да осында.
Иә, қазір біз пайдаланып жүрген ғаламтор тек іздеген ақпараттармен қамтамасыз етіп, деректерді ашық әрі қолжетімді форматта ұсынып отырады. Ал Darknet оған антоним іспеттес. Яки ғаламтордың қараңғы нұсқасы. Қалай деймісіз? Саралап көрейік.
Бүгінгі күні пайдаланып жүрген түрлі әлеуметтік желі мен жастар арасында кең тараған ойындарда «донат» деген термин пайда болды. Онда түрлі сыйлықты ақшаға сатып алып, өзгеге сыйлайсың. Қазақстандағы бағамен шаққанда көпке түскен талайы шетелдік желіден VPN бағдарламасы арқылы әлдеқайда аз сомамен осы сыйлықты алып жүр. Жалпы VPN деген – виртуалды жеке желі. Оның баламасы көп болғанымен қазақстандықтар үшін геолокацияны өзгерту ғана тиімді. Мәселен, Қазақстаннан қосылған интернет сигналы баяу не уақытша бұғатталса, осы бағдарламаны қосып геолокацияны Германия, Франция немесе Сауд Арабияға, болмаса өзге де елдерді таңдап, сол арқылы интернетке кіруге қолжетімділікке ие болады. Мәселен, Тик Ток желісіндегі сыйлықтарды осы елдердің геолокациясымен арзан бағадан сатып алады. Сонымен қатар елде белгілі оппозиционистер кіргенде интернет желілеріне шектеу қойылады. Сол сәтте көбі әлгі VPN-ді жүктеп, ғаламторға қолы жетеді. Дегенмен елде толығымен бұғатталған Даркнетке осы бағдарлама арқылы кіріп, қара әлемнің тұңғиығына батқандар көп.

БЕЙМӘЛІМ ЖЕЛІ

Интернет үш сегментке бөлінеді: көрінетін желі (Surface web), тереңдік желі (Deep Web) және көлеңкелі желі (Darknet). Мұның ішіндегі Darknet көпшілікке беймәлім әлем. Көлеңкелі желінің қыр-сырын жіктеп қарайық.
Darknet – қарапайым интернетке параллель орналасқан жасырын желі. Онда барлығы толығымен анонимді түрде жүреді әрі ақпарат шифрланады. Басқаша айтқанда, көлеңкелі желі бұл негізгі базада бар, бірақ тек қана қорғалған прокси-серверді және интернет-қосылыстарды пайдаланатын заңсыз орын.
Darknet-тің жұмыс алгоритмі әдеттегідей жүреді. Сондай-ақ көлеңкелі желіде іздеу жүйесі, жаңалық сайты, интернет дүкен мен әлеуметтік желі бар. Бірақ жүйедегі барлық сайт тауарлардың заңсыз айналымымен айналысады немесе тыйым салынған ақпаратты таратады.
Көлеңкелі желінің алғашқы прототипі ARPANet қоғамдық желісімен бір уақытта пайда болды. Ол кейін аясы кеңіп, заманауи интернетке айналды. Darknet-ті құрудың негізгі себебі тек таңдаулы пайдаланушылар үшін қолжетімді жасырын желі құру болатын.
Желіні ең алдымен АҚШ әскери күштері жасаған. Олар әскери құрылымдардың орналасқан жерін жасырып, ақпарат қауіпсіздігін сақтауды қалапты. Алғаш рет 1970 жылы қолданысқа енген. Ішкі желіден мәлімет алғанымен, сыртқы сұраныстарға жауап бермеді. 2002 жылы Microsoft Darknet-тің бір күннің ішінде «бағын ашты». Компания көлеңкелі желінің жұмыс істеу принциптері туралы еңбек жазып, қоғамда кең таралуға ықпал етті. Олардың айтуынша, Darknet өнімді DRM технологиясын құрудағы басты кедергі екен.
Көлеңкелі интернеттің дамуына АҚШ-тың әскери-теңіз зертханасы үлкен үлес қосты. Олар интернетте анонимді әрекетті орындауға мүмкіндік беретін арнайы прокси-серверлік бағдарламалық жасақтаманы (TOR) құрды.
Неге Darknet бертін келе дамыды? Өйткені TOR пайда болғанға дейін көлеңкелі желі жайында ешкім білмеді. Яки, 2000 жылдан бастап әлем көлеңкелі интернеттің иіріміне түсті. Darknet және TORе туралы ақпарат тарағаннан кейін көлеңкелі желіні пайдаланушылар саны күрт өсті. 2013 жылға қарай қараңғы желіні қолданушылар саны 5 миллионнан асқан.
Желінің дамуына екінші жағынан криптовалюта әсер етті. Себебі пайдаланушының анонимді әрекетін қамтамасыз ету үшін желі ішіндегі транзакция үшін криптовалюта қажет болды. Қазіргі уақытта көлеңкелі желі қанатын кеңге жайды. Билікке наразы жұрт, жасырын жаңалықты оқығысы келетін оқырман көбейді.
Көптеген елдегідей Қазақстанда да бұғатталған DarkNet ұғымын ағылшын тілінен «Жасырын желі», «Қараңғы желі», «Көлеңкелі желі» немесе «Қараңғы веб» деп аударуға болады. DarkNet-ке қарапайым интернет-браузерлер арқылы кіру мүмкін емес, оған арнайы бағдарлама орнату қажет. Пайдаланушының анонимділігін яғни құпиялығын сақтай отырып, Даркнетке кіруге мүмкіндік беретін ең танымал бағдарламалардың бірі – TOR. Бұл да Қазақстанда бұғатталған.
TOR (The Onion Router) – мүмкіндігі зор overlay желі, бағдарлама әзірлеушілері жиі ескере бермейтін классикалық желілік протоколдар (TCP/IP). Шын мәнінде, TOR бұл арнайы бағдарламалық жасақтаманың көмегімен нақты орналасқан жерін, яғни геолокацияны жасыруға мүмкіндік беретін серверді құпиялау жүйесі. TOR желісі пайдаланушыларды ажырата алмайтындай әрі олардың жеке дерегін жинай алмайтындай етіп жасалған.
Көбіне «даркнет» терминін «дарквеб» (ағылшын тілінен. Dark web, «қараңғы веб») терминімен алмастырады. Darkweb – бұл World Wide Web-тің бір бөлігі, оған Оверлей желілері арқылы қол жеткізуге болады.
Кейде қолданушылар даркнетті іздеу жүйелерін индекстемейтін «терең желі» (deep web) сияқты веб-беттермен шатастырады. Бұлардың басты айырмашылығы – даркнетке қарағанда, терең желіге қол жеткізу үшін арнайы бағдарламаның қажеті жоқ. Желілердің даркнетке қарама-қайшы түрі көрінетін не жоғарғы желі деп аталады. Бұл іздеу жүйелері индекстей алатын, ашық, қол жетімді Интернеттің бөлігі. Күнделікті кеңінен қолданылып жүрген беткі қабаты.
Дегенмен TOR сияқты бағдарламамен жұмыс істеу бәріне бірдей ыңғайлы емес, оның өзіндік шектеулері бар. Сондықтан кейбір даркнет ресурстары Telegram мессенджерін белсенді пайдаланады, себебі әлеуметтік желінің бұл платформасы қазір ақырындап «қараңғы желіге» еніп барады.
Бұл желіні көптеген адамдар мен ұйымдар түрлі мақсатта пайдаланады. Кейбірі қылмыс жоспарлап-үйлестіру үшін қолданса, кейбірі саяси цензураны айналып өтіп, саяси террор құрбандарына көмектесу үшін, ал басқалары жеке өмірінің қауіпсіздігіне алаңдамау ойымен пайдаланады.
Соңғы кездері Қазақстанда интернеттегі ресурс¬тар мен әлеуметтік желілерді жаппай бұғаттаудың салдары кері әсерін берді. Адамдар енді VPN қолдануды үйреніп, Даркнетпен таныса бастады.

САЯСАТ ЖӘНЕ ЕСІРТКІ

Masa Media сайтының мәліметінше, Қазақстанда даркнет үкіметке қарсы көңіл-күйді басып, сынды азайту мақсатында биліктің әлеуметтік желілер мен Youtube порталының бұғатталуынан кейін кең танымал бола бастады. Десе де бүкіл әлем бұған дейін қараңғы желіні қолданып келді, әзір де солай жалғасып жатыр. Мәселен, есірткі бизнесінің өкілдері даркнеттің пионері саналады.
Еуразия цифрлық қорының өкілі Руслан Дайырбековтың айтуынша, Қазақстанда есірткі сатып алушылар 80-90 процент жағдайда HYDRA Халықаралық орыс тіліндегі даркнет платформасын пайдаланады. Сонымен қатар бұл платформада жалған құжаттар, жалған валюта, хакерлік қызметтермен қоса басқа да заңсыз заттар сатылады. 2019 жылы бұл ресурсқа 2,5 миллион аккаунт тіркелген.
HYDRA наркологиялық қызметі – заң қызметі, өз ережелері мен заңдары, техникалық қол¬дауы бар үлкен жүйе.
Өз өнімдерін сатудан басқа, есірткі сатушылар жүйеде бос жұмыс орындарын ұсынып, курьерлер, жарнама салушылар мен таратушыларды, суретшілерді жалдайды

АҚШАНЫҢ ДА АҒЫНЫ ҚАТТЫ

Telegram-да кешкілік бір күн ішінде есірткіге қатысы бар үш чатта барлығы 29 мың хабарлама жазылып, онлайн 160 адам отырған. Орташа чектің құны 5 мың мен 20 мың теңге арасында. Енді күніне сатылым конверсиясын шамалай беріңіз.
DarkNet-тегі құбылысты нақты есептеу мүмкін емес. Бірақ HYDRA ресурсынан дүкенде жасалған келісімдер санын көре аласыз. Үлкен дүкендерде келісімдер саны 50 мыңнан асады, ал тауардың ең арзаны 2600 теңге, ҚҚС комиссиясыз, аударымдар, биткоинге айырбастауды есепке алмағанда. Осы деректерді ескере отырып, бір дүкенде шартты түрде шамамен 130 млн теңге сомаға келісімдер жасалды (50 мың келісім 2600 теңге, тапсырыс ең төменгі сомасы). Бұл шамамен алған сома дейді мамандар.

ХАКЕРДЕ ДЕ ҚЫЗМЕТ БАР

Қазақстанда азаматтардың жеке құпия мәліметтері бар ұрланған деректер базасын саудалау – сұранысы айтарлықтай көп «сервис». Бұл үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 211-бабына сәйкес жеті жылға бас бостандығынан айыру көзделген. Сондықтан алаяқтар мұнымен Даркнетте айналысады. Даркнетте басқа адамдардың аккаунтын арнайы тапсырыспен бұзатындардың жарнамасы толып тұр. Қызмет бағасын әр адаммен жекелей келіседі, бірақ орташа есеппен 20 мың теңгеден басталады. Алайда мұндай жарнамалардың авторлары тапсырыс берушіні «лақтырып» кетуі мүмкін. Бөтен пошта жәшіктері мен аккаунттарды бұзумен не құпия деректерді ұрлаумен айналысатын кәсіби мамандар көбіне жұмысына 150 мың теңге сұрауы мүмкін. Корпоративті поштаны бұзудың орташа бағасы 500 доллар тұрады. Олар түрлі әлеуметтік желідегі біреудің аккаунтын оп-оңай бұзып береді.
Руслан Дайырбековтың айтуынша, Қазақстан Республикасында анонимді және орталық-танбаған желілерге қол жеткізу бойынша мұндай технологияларды пайдалануға заңнамалық деңгейде шектеу қойылмаған. Алайда қолданыстағы киберқауіпсіздік концепциясына («Қазақстанның Киберқалқаны») сәйкес, негізгі мәселенің біріне «ақпараттық қауіпсіздіктің дамыған қылмыстық-құқықтық институттарына қарамастан, жоғары технологиялық қылмыстар жасаған айыптыларды жауапкершілікке тарту бойынша құқық қорғау органдарының мүмкіндігі шектеулі» екенін айтуға болады. Былтыр елімізде байланыс операторларының техникалық шектеулерін айналып өтуге мүмкіндік беретін Torroject.org жобасының сайты бұғатталған еді.

ҚАРАПАЙЫМ АДАМҒА ҚАУІП

Даркнеттің адамға беретін көптеген мүмкіндігімен қатар одан төнетін қауіп те аз емес. Ifkz.org жобасының бағдарламашысы Анвар Омаров Даркнеттің өзінде пайдаланушылардың жеке деректеріне «аңшылық» жүріп жатқанын қатаң ескертеді. Онда пайдаланушы толықтай құпиялана алады деген күнде де кейбір алгоритмді баптау кезінде кемшілік кетсе, жеке деректер сыр беруі мүмкін. Прокси-сервер немесе VPN иесі «жасырынған қолданушының» IP мекен-жайы шифрланбаған жағдайда оларды көре алады. Бұл жеке бағдарламалық жасақтаманың көмегімен шифрланады, ал оны екінің бірі шифрлай алмайды. Адам аноним екеніне толықтай сенімді болса да, оның жеке деректері «дата сататын» базада жариялануы әбден мүмкін. Тиісінше оп-оңай бопсалау құрбанына айналасыз. Сондықтан ақпараттық технологиялар мен оның ықтимал қатері жөнінде аз білетін не мүлдем хабарсыз жай адам «қараңғы желінің» тереңіне бойламас бұрын күмәнді сайттарды ақтармаса дейміз.

Айнұр ӘЛИ
09 сәуір 2024 ж. 220 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031