Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәрігер – мамандықтың асылы

Дәрігер – мамандықтың асылы

Дәрігер мамандығы – ең асыл да мәнді мамандықтардың бірі. Олар адам өмірін сақтап, әр адамның өмір сүру сапасын жақсартуға қолдан келгеннің бәрін жасау арқылы ұлт денсаулығын сақтауға үлес қосуда.
Сол себепті қай кезде де медицина қызметкерлеріне деген сұраныс жоғары. Адам жанын арашалауда дәрігерлердің рөлі зор. Олар жан-жақты ізденіп, науқастардың диагнозын дәл тауып, ем-дом жасауға барын салады. Қазалы теміржол ауруханасы мен емханасында қызмет ететіндер қатары қалың. Әрбірі өз ісінің маманы. Солардың ішінде, Күмісай Қамысбайқызы аймақтық дәрігер ретінде 1720 адамға қызмет көрсетеді. Оның 0-15 жас аралығындағы бала саны 706. Туылған нәрестеден қарт адамға дейін қарайтын отбасылық дәрігер мамандығын меңгеріп шыққан Күмісай жұмыс өтілінің бес жылында халықтың алғысына бөленіп, басшылықтан бірнеше мәрте алғыс хат алған.
– Дәрігер болу процесі жоғары медициналық білім алудан басталады. Оқыту бірнеше жылға созылады. Бұл болашақ мамандарға адам анатомиясын, физиологиясын, әртүрлі ауруды диагностикалау және емдеу әдістерін терең меңгеруге мүмкіндік береді. Ақхалаттылар жұмысының бір ерекшелігі – науқастармен үнемі қарым-қатынаста болу. Дәрігер адамдардың мәселелерін жақсы түсініп, оңтайлы шешімін табуы үшін эмпатия, шыдамдылық және оларды тыңдай білуі керек. Отбасы мүшелерін толығымен танып, ауру тарихтарын біліп, туысқандай болып араласамын, – дейді жас маман Күмісай Рахат.
Оның пайымынша, кіршіксіз ақ халатты кию тамаша қарым-қатынас дағдыларын талап етеді. Өйткені дәрігерлер пациенттерге күрделі медициналық терминдерді түсіндіріп, олардың денсаулығына қатысты дұрыс шешім қабылдау үшін барлық қажетті ақпаратты беруі керек. Алдына балтыры сыздап, басы ауырып келгендерге бар білген көмегін жасап, күнделікті тәжірибесін жетілдіріп отыру мамандығына деген сүйіспеншілігін арттырады. Өзіне жүктелген қызметін аса ыждағаттылықпен орындауға бар күш-жігерін жұмсауға ұмтылады.
– Қазіргі күні елдегі ақхалатты жандардың біліктілігін медицинасы дамыған елдердің мамандарының қабілетімен теңестіруге әбден болады. Себебі күн өткен сайын алдына көмек сұрап келген адамның сырқатын жазып, көңілін көншітіп жіберетін дәрігерлердің саны артып келеді. Қазалы ауданындағы Құбыл Ршымбетов басшылық ететін теміржол ауруханасының қызметкерлері де бүгінде сапалы қызмет көрсету жағынан көш бастап тұр, – дейді Маулен Құратаев.
Дәрігер – адам жанының арашасы, адам жанының зерттеушісі, бағдаршамы, қорғаны екен. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді.
– Бүгінде Күмісай Қамысбайқызы Қазалы теміржол жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің емханасындағы жалпы аймақтық дәрігерлік қызметін мұнтаздай атқарады. Алғашқы күннен бастап, берілген тапсырмаларды дер кезінде тиянақты орындап, өз ісіне жауапкершілігі мен ұқыптылығын көрсетті. Жұмыс барысында өзін сауатты, тыңғылықты орындаушы және білікті дәрігер ретінде көрсетті. Өзінің кәсіптік деңгейін үнемі жетілдіріп отырады. Өзін ұқыпты ұстайды. Ұжымда құрметке ие, мінезі ақжарқын және тез тілтабысқыш. Күнделікті қызметте қарапайым, моральдық жағынан ұстамды.Барлық жұмыста біліктілік, мақсатқа талпынушылық, тәртіптілік пен бастамашылық байқатады. Жоғары еңбек ету қабілеттілігімен ерекшеленеді. Қол жеткізген нақты нәтижелері ескеріліп, әркез алғысқа ие болуда. Келешекте де жетістікке жетіп, білікті дәрігер болады деген сенімдеміз, – дейді Ана мен бала меңгерушісі Жаңагүл Сарқытқызы.
Білікті дәрігер С.Сейфуллин атындағы №165 мектепте білім алған. Ол жайлы ұстаздары да оң пікірде.
– Рахат Күмісай мектепте өте ізденімпаз, алғыр оқушы болды. Бірнеше білім бәйгелерінің жеңімпазы атанды. Сол ізденімпаз, алғырлығының нәтижесінде ҰБТ-дан жоғары балл жинап, мектепті "Үздік аттестатқа" бітірді. Жоғарғы оқу орнының мемлекеттік грантын жеңіп алды. Қазір өзі таңдаған мамандығының майталманы, – дейді Сағынтай Бәлкенбай.
Салауатты әрі бақытты өмірді дәрігердің көмегінсіз елестету мүмкін емес деуге болады. Қазақтың “Бірінші байлық – денсаулық” деген тәмсілі де осыны меңзесе керек.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

06 сәуір 2024 ж. 249 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031