Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Болашақ – білімді жастар қолында

Болашақ – білімді жастар қолында


Жастар – қай заманда, қай елде болсын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Елдегі жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белес¬терге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Жаңа идея қазақ елінің жаңаруына, «Мәңгілік ел» болуына жол сілтейді. Жастар – қашанда белсенді буын өкілдері. Сондықтан жастардың білімді, қабілетті болуына әрдайым үлкен мән беріліп келеді.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бұрынғылар бекер айтпаған болашағын ойлаған мемлекет бүгінгі жастарының жағдайын тасада қалдырмаса керек. Жастардың қоғамдық ой-санасын жетілдіру, шығармашылық әлеуетін арттыру жолында Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының алар орны ерекше. Жаңашыл бастаманың жанынан табыла білетін мекеме аудан ғана емес, ауыл жастарының дамуына да септесіп, қоғамдық-саяси жобаларды сәтті үйлестіріп келеді.
Жалпы жастар ресурстық орталығы немесе ЖРО – жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесетін және жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсететін ұйым. Жастарды жұмысқа тұруға дайындауға, цифрлық сауаттылығын арттыруға, инновациялық және кәсіпкерлік қызметін жандандыруға жәрдемдеседі. Бейресми білім беру арқылы жастардың өмірлік маңызды дағдыларын, компетенцияларын және дербестігін дамытады. Өтеусіз негізде жастарға психологиялық, консультативтік және заң көмегін көрсетеді. Жастар ортасында волонтерлік қызметті дамытуға, жас отбасылармен жұмыс жасау және жастарға отбасы өміріне дайындалуға жәрдемдеседі. Әртүрлі бағыт бойынша және жастардың мүдделері мен қажеттіліктері негізінде жобалар мен бағдарламаларды іске асырады. Жастар ұйымдарын, қозғалыстарын және жастардың өзін-өзі басқару органдарын дамытуға қолдау көрсетеді. Қазалы ауданы бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес ауданда – 23532 жас бар.
Биыл жыл көлемінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Жастар ресурстық орталығының бастамасымен мәдени және спорттық сайыс, мемлекеттік бағдарламалар бойынша сала мамандарымен бірлесе, кеңес беру акциясы, жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыттары бойынша қоғамдық рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Орталықтың мамандарымен бірге 5000 жасқа пайдалы кеңес берілді. Оның ішінде – 300 жас құқықтық және түрлі мәселе бойынша кеңес алған.
– Биыл жыл басында «Жаңа дәуір – Жаңа Қазақстан» жастар фестивалі ұйымдастырылды. Оған барлығы 157 жас қатыстырылып, 4 бағытқа бөлінді. Нәтижесінде ғылыми жобалар бағыты бойынша үздік деп танылған жеңімпаздарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу гранты және оқу ақысына жеңілдікпен оқитын сертификаттары, «бизнес жобалар», «интеллектуалды сайыс», «патриоттық әндер» бағыттарына байланысты қаржылай сыйақылар табысталды. Бұл аталған шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – дейді Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов.
Қазалы ауданы бойынша NEET санатындағы жастар 829 адамды құрауда. Жастардың дерекқоры нақтыланып, байланыс құралдары мен мекен-жайлары анықталған, базаға тіркелген.
– Мемлекеттік бағдарламалар бойынша орталықтың бастамасымен «Жастар жәрмеңкесі» атты ақпараттық түсіндірме жұмыстары өткізіліп келеді. Жастар жәрмеңкесінің нәтижесімен алғашқы жұмыс орны бойынша – 14, жастар практикасы арқылы – 313, әлеуметтік жұмысқа – 13, қоғамдық негіздегі жұмысқа – 328 жас тартылды.
Биыл мемлекет тарапынан қолданысқа енгізілген жастарға арналған 2,5 проценттік несиені 35 жас алды, – дейді Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 17 жас несие алған. Аймақ жастарының баспаналы болуын қолдау үшін облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында Қазалы ауданы бойынша 5 жас баспаналы болды. NEET санатындағы жастарға арналған «Zhas Project» шағын грант нәтижесі бойынша екі жас 1 миллион теңгеден грант ұтып, өз кәсібін бастады.
Ерікті болу – ерлік
Еріктілер – қамқорлықты, көмекті қажет ететін адамдардың жанынан табылады. Оларға қол ұшын созып, әлеуметтік жағдай жасауға асығатын жандар. Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Біз біргеміз» еріктілер тобы осыдан 7 жыл бұрын жұмысын бастаған. Мұндағы ерікті жастар саны – 180-ге жуықтады. «Жас бастау» еріктілер тобы жас 38 кәсіпкерден құрылған. Әлемге үрей туғызған пандемия кезінде құралған ерікті жастар қайырымдылық акцияларын ұдайы жасауда.
– Волонтер болу ол қолға ту алып, ұрандату немесе шағын жиындарда отырып, сөз сөйлеуде емес. Мен үшін волонтер болу қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, әлеуметтік мәселелерді қозғап, қарт адамдарға барынша қолғабыс көрсету. Жастар саясатына араласып, тың идеяларды жандандырып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру болып табылады. Елдік нышан мен үшін әркез бірінші орында. Десек те жастар саясатының еш керегі жоқ, дейтін наразылықтар туындап жатыр. Бас қосқан жиындарда талқыланып та жүр. Егерде жастар орталықтары болмаса, жастар қай жерден барып ақпарат алады? Жобаларды қалай жүзеге асырады? Жастардың саяси көзқарасын бір нышанға кім келтіреді? Жастардың шығармашылығын дамыту бойынша кімдер жұмыс жасайды? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік пе? Осылайша, бірте-бірте NEET санатындағы азаматтардың саны көбейіп, қоғамның кері кетуі басталмайды ма? Экономикасы тұрақты, мықты ел болу үшін де, болашақ жастар да, нарыққа сай даму керек. Ал даму үшін жастар саясатының потенциалын, өсу деңгейін көтеру өзекті мәселе. Жастарға қолдау барда олар міндетті түрде шетел аспай, туған жерінде абыройлы қызмет етеді, – дейді қазалылық ерікті жас Нұрай Бекжанқызы.
Әскер – өмір мектебі
Бүгінде Қазалы ауданында әскери есепте тұрғандар саны – 3932 жасты құрайды. Әскери шақыру комиссиясына шақырылғандар – 328, шақыру комиссиясына уақытылы келгені – 123, әскер қатарына жолданған жастар – 172, іздеуде жүрген – 205 жас бар. Сонымен қатар әртүрлі жағдайға байланысты әскерге жарамсыздары да анықталған. Олардың саны – 44 адамды құрап отыр.
– Қазіргі таңда пробация есебінде тіркеуде тұрған жастармен адресті түрде жұмыстар жүргізіп келеміз. 2023 жылы 30 жас тіркеуде болған. Биыл әзірленген көрсеткіш бойынша – 28 жас тіркеліп тұр. Оның біреуі мектеп қабырғасында білім алып жүрген оқушы қатарында, – дейді орталық директоры.
Нұрбек Ақпанбетовтың айтуынша, Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының қызметіне байланысты, жастардың туындаған сауалдарына арнайы сенім телефоны іске қосылды. Арнайы қызмет көрсететін сенім телефоны бойынша – 2778 жас хабарласқан. Оның – 951-і пікірсайыс, 615-і спорттық сайыс, 740-ы әскери жарысқа, 320-сы мобилография курсына, 120 жас шахмат үйірмесіне, 32 жас бос жұмыс орындары бойынша қоңырау шалып, орталық ұйымдастырған шараларға қатысқан.
Қолдау бар жерде – самғау бар
Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жастарға жаңа мүмкіндік» ақпараттық керуені аясында түсіндірме жұмыстары өткізіліп тұрады. Жұмыс іздеп жүрген жастарға мамандығына сәйкес «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс» бағдарламалары арқылы жұмыс ұсынылады.
Шығыс аймақ жастары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортқа деген қызығушылықтарын арттыру бағытында “Жастар кубогы” жастар ресурстық орталығының және “Жастар Рухы” жастар қанатының ұйымдастыруымен футбол жарысы ұйымдастырылды. «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында Ғ.Мұратбаев ауылында “Жастар кубогы” жастар ресурстық орталығының және “Жастар Рухы” жастар қанатының ұйымдастыруымен қол добынан жарыс өтті. Ғ.Мұратбаев ауылдық округінде жас кәсіпкерлердің бизнес-форумы ұйымдастырылды. Форумның негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту бойынша жастарға бағыт-бағдар беру, олардың кәсіпкерлікке деген ынтасын арттыру болып табылады.
Егер белгіленген жоспардың барлығы табысты нәтиже көрсетсе, мемлекеттік жастар саясаты жоғары нәтижелерге қол жеткізері сөзсіз. Ал жастар өмірі сапалы әрі жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл өз деңгейінде мемлекеттің гүлденуіне және азаматтардың жарқын болашағына кепіл болады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА








30 наурыз 2024 ж. 286 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031