Қызылорда облысынан шығып қалған Парламент Сенаты депутатының орнына сайлау өтеді
25 сәуірде Қызылорда облысынан шығып қалған Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты депутатының орнына сайлау өтеді.
Орталық сайлау комиссиясы сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіткен.
Бұл ретте аумақтық сайлау комиссиясы көзделген процестерді жүзеге асырады.
Кандидаттарды ұсыну мәслихаттардың сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Өз өкілдері арқылы мәслихаттарда кандидаттарды саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынуға мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, Конституцияға және заңнамаға сәйкес жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ біздің еліміздің аумағында соңғы он жыл және өзі өкілі болып табылатын өңірде (яғни Қызылорда облысында) кемінде үш жыл тұрақты тұратын, 30 жастан асқан Қазақстан азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алады.
Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер облыстың барлық мәслихаттары депутаттарының жалпы санының кемінде он пайызының қолдауын алуы қажет. Бұл қолдау мәслихаттар депутаттарының тиісті қолдары санының жиналуымен куәландырылады.
Сенат депутаттығына кандидат тіркелгенге дейін және оның Конституцияда және Сайлау туралы заңда қойылатын талаптарға сәйкестігі тексергеннен кейін, сондай-ақ оны қолдап жиналған қолдар тексерілгеннен кейін сайлау жарнасын енгізеді. Биыл ол 1 275 000 теңгені құрайды.
Қызылорда облысынан Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну ағымдағы жылғы 7 наурызда басталып, 26 наурызда сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Кандидаттарды тіркеу 4 сәуірде сағат 18.00-ге дейін өтеді, ал сайлау алдындағы үгіт 2024 жылғы 4 сәуірде жергілікті уақыт бойынша сағат 18-ден кейін басталып, 24 сәуірде нөл сағатта аяқталады.
Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы жанама сайлау құқығы негізінде сайланады. Жанама сайлау құқығы Парламент Сенатының депутатын сайлауға дауыс беруге тек сайлаушылар – мәслихат депутаттары ғана қатысатынын білдіреді.