Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровадан жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысы қашан көтерілетінін сұрады.
Денсаулық саласына 2 трлн теңге аз, жетпейді деп жатырмыз. Бірақ осы салада ұрланып жатқан да, жымқырылып жатқан да аз емес байқап отырсақ. Дәрі-дәрмектің шамадан тыс жиналуының өзі 5,5 млрд теңге. Оның 1,3 млрд теңгесі пайдаланылмаған. Тек 24 медициналық ұйымда 4,1 млрд теңге негізсіз шығын болған. Екі-ақ қалада жымқырудың өзі 500 млн теңге. Ал енді 700 млн теңгеге сыйақы, айлық жазып алған. Сонда оларда мынадай суммадан кейін артық жазуға болмайды деген заңдың шектік мөлшерлеме болмай ма? 700 млн теңгені жазып алғаны масқара ғой.., - деді депутат Мәжілістің комитет отырысында.
Қазыбек Исаның сөзінше, халықтың ең қажетті дәрілерге қолы жетпей жүргенде шамамен 450 млн теңгенің дәрі-дәрмегі жойылған.
Осындай миллиардтар ұрланып, жымқырылып, жойылып жатқанда жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысы әлі көтерілмей отыр. Ал жедел жәрдем 24 сағат жүреді. Тіпті жолда жедел жәрдем жүргізушілері таяқ жеп те жүр. Енді осылардың жалақысы қай кезде көтеріледі? – деді ол.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысы көтеру мәселесі жиі көтеріліп жатқанын айтты.
Қазір іштен босатылған қосымша қаражаттарға байланысты тарифтерін көтеру мәселесін қарастырамыз. Негізі кадр саясатына байланысты тиісті тұжырымдама қабылдауымыз керек. Оның ішінде медициналық білімі бар, білімі жоқ, басқа да проблемалар көп, - деп жауап берді министр.
ФОТО: Бауыржан Жуасбаев - архив