Еңбегі ерге бергісіз Айнұр
Алдыңғы буын аналарымыздың асыл қасиеттерін бойына жиып қоймай, ерлермен қатар әр салада абыройлы еңбек етіп жүрген арулар жетерлік. Сондай жандардың бірі – Айнұр Өндреева. Ол 16 жылдан бері аудандағы №9 өрт сөндіру бөлімінде радиотелефонист болып қызмет етіп келеді. Көгілдір көктем мерекесі қарсаңында жауапты қызметті қалтқысыз атқарып жүрген жанмен жүздесіп қайтуды жөн көрдік.
Жұмыс орнына бас сұққанымызда Айнұр Тыныштықбайқызы күнделікті әдетінше байланыс бөлмесінде қоңырауға жауап беріп отыр екен. Келгенімді көрген ол "күте тұрыңыз" деген ишара білдірді. Жұмыс барысын алыстан аңдап тұрдық. Шапшаңдығы көз ілестірмейді. Тәнті болып, таңдай қақтық. Бір уақытта бірнеше телефон тұтқасын көтеріп, әрқайсысына жаңылыспай жауап қату кез келгеннің қолынан келмесі анық. Бірақ ол бәріне бірдей үлгеруде. Шыңдалғаны көрініп-ақ тұр. Кәсібилік деген осы болса керек дедік іштей. Қоңырауға дер кезінде жауап беріп, кез келген мәліметтерді жіберіп алмай, ақпаратты қабылдап, жинақтау оңай шаруа емес. Алайда Айнұр Тыныштықбайқызы қызмет бабындағы қиындықтарға әбден төселген. Оның үстіне диспетчерлік қызмет оның біраздан бергі дағдысы.
Тынымсыз қоңыраудан қолы босағанша, Айнұрдың қызметтегі әріптестерін сөзге тарттық. Олардың айтуынша, Айнұр жұмысқа өте жауапты. "Әр қоңырауды қалт жібермей, болып жатқан жағдайларды үнемі бақылауда ұстайды. Тіпті темірдей тәртіпке төтеп беріп, төзімділікке де үйренген. Сондай-ақ өзіне жүктелген тапсырманы тиянақты орындауға тырысады ", – дейді олар.
Қауырт әрі қарбалас тірліктің арасында үзіліс алып, бізге қарай аяңдаған кейіпкермен аз уақыт сөйлесудің сәті түсті. Әуелі бөлімнің тыныс-тіршілігін баяндап, кейін өзі туралы әңгімелеп берді. Шыны керек, әдетте мұндай қызметте тек ерлер жұмыс жасайды деген көзқарас санамызға сіңіп қалған соң, Айнұр Тыныштықбайқызын ер азаматтардың ортасында жалғыз жүргенін қабылдау қиынға соқты. Дегенмен кейіпкермен әңгімелесе келе еңбектің жынысқа бөлінбейтініне тағы бір көз жеткіздік. Айнұрдың айтуынша, еңбек уақыт не жыныс таңдамайды, бастысы жұмыс жасауға құлшыныс болуы керек.
Мақаламызға арқау болған Айнұр бұл мамандыққа тосыннан келмеген. Өйткені ол Қызылорда экологиялық құқық колледжін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Қатаң қағидаға негізделген қызметті таңдағанына мойымаған ол қызмет жылдарында еңбегі жоғары бағаланып, жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Әр жылдары аудан, облыс басшылығынан, сондай-ақ министріліктің марапатына ие болған.
Тәулік бойы көз ілмей, қарбалас жұмыста жүру оңай емес әрине. Бірақ жұмыстың ауырлығына қарамастан ерлермен тең дәрежеде қызмет атқарып жүрген жан мұндай өмір ұстанымына әбден бейімделген. Тіпті отбасы да оның жауапкершілігі мол жұмысының жүгін түсінеді. Бастапқыда аздап қарсылық білдірсе де, кейін қолдау көрсетіпті.
– Алғаш келін болып түскен уақытта жолдасым жұмысыма қарсылық танытты. Кейін бұл қызметтің мен үшін маңызды екендігін түсінді. Бүгінде жақын жандарымның қолдауымен өзіме артылған жауапты жұмысты ойдағыдай атқарып келемін, – дейді ол.
Түзде табанды қызметкер үйде аяулы жар, ардақты ана. Өмірлік жары Дастан Асқаровпен екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Алматыдағы зияткерлік мектептің 9-сынып оқушысы, ұлы Қызылорда қаласындағы инновациялық лицейде 8-сынып оқиды. Ал кенже қызы 3-сынып оқиды.
16 жылға жуық уақытын осы бөлімде еселі еңбек етіп жүрген ол түнгі ауысымға да қалатынын айтып қалды.
– Осы жылдардың тең жартысы осылай түнгі ауысыммен өтіп жатыр. Бұған мен де, отбасым да үйренгенбіз. Жанұялық жиыннан қалыс қалатын кездер де болып тұрады. Бірақ көбіне барлығын алдын ала жоспарлап қоямын. Жұмыстан тыс уақытта отбасыма көңіл бөлемін, – дейді ол.
Тәулік талғамайтын салада ер азаматтармен бірге сап түзеп, халыққа қалтқысыз қызмет ету – асқан жауапкершілікті талап етеді. Тіпті білік пен білімді қажетсінеді. Шыдам мен шынайылық та бойынан табылуы тиіс. Дәл осы қасиет пен қабілетті тал бойына жиған Айнұр тек бөлімнің ғана емес, көптің үдесінен шығып жүр. Өйткені ол өзі сүйіп таңдаған мамандыққа адал болып, өзі жасап жатқан салаға сүбелі үлес қосуды басты міндеті санайды.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ