Мұғалім болып жұмысқа тұруға 1,5 млн теңге пара сұрайды — Дәулет Мұқаев
Фото: Мәжіліс
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында Қызылорда облысы мен Шымкенттен келетін шағымдардың мазмұнына тоқталды.
«Жемқорлық барлық салада кездеседі. Бала дүние келгеннен бастап қайтыс болғанға дейін. Сөздің ашығы керек. Құдай сақтасын, адам өлсе, Алматыдағы таудың маңайы, Кеңсай зиратының маңайы… Одан кейін бала дүниеге келетін кезде жақсы дәрігер, перзентхана керек деп тағы іздейді. Одан кейін балабақша, мектеп кетеді. Бала университетке түседі. Осыдан соң үйленіп, отбасылы болады. Осы кезде оларға үй керек. Оны алу үшін үйдің кезегіне тұру қажет. Жұмысқа орналасады. Осы саланың бәрінде — жемқорлық. Әсіресе, маған Қызылорда облысы, Шымкент қаласынан (тұрғындар) көп хат жазады. Мысалы, жай ғана еден жуушы болып жұмысқа орналасу үшін 500 мың теңге сұрайды екен. Мұғалімдердің ставкасы 1-1,5 млн теңге болып кеткен», — деді депутат.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов халықтан жемқорлық фактісі бойынша келетін шағымдар қалай қаралатынын айтты.
«Сіз 1424 деп айтып жатырсыз. 1424 нөміріне тәулік бойы хабарласуға болады. Онда қылмыс жайлы мәлімет болса, материал тіркеледі… Біз осы мәселе бойынша әр салада күн сайын қабылдау жүргіземіз. Жұмыс істеп жатырмыз. Анонимді факті болса, ондай жағдайда (деректі) талдауға аламыз. Мұны кім айтты, дерек қайда тіркелді, қай мемлекеттік орган, ол мектеп пе, балабақша ма? Оны анықтауға болады. Алайда қылмыстық іс қозғау үшін арызданушы болуы керек», — деді антикор өкілі.