Талапкерлерді тестілеу басталды
Кеше Қазалы ауданы бойынша жоғару оқу орнына ақылы негізде түсуге мүмкіндік беретін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Ақылы ҰБТ ағымдағы жылдың 10 ақпанына дейін жалғасады. Мектеп қабырғасындағы қорытынды сынақтың алғашқы күнінде 32 түлек бақ сынады.
— ҰБТ-ке дайындық 11 сынып оқушылары үшін моральдық тұрғыда біршама салмақ салатынын білеміз. Дегенмен, осы тест арқылы түлек келешекте кім болатынын, ол мамандыққа өзі қаншалықты деңгейде дайын екенін топшылайды. Мектепке тарыдай болып кірген күннен бергі жиған білімін дәлелдей алса, мемлекеттік грант иегері атанады. Бұл әрбір шәкіртіміз үшін үлкен өмірге апаратын жолдағы алғашқы әрі маңызды қадам екенін ұмытпауымыз керек. Ұстаздар мен ата-аналар бірлесе отырып, балаларымыздың психологиялық дайындығын жетілдіруге де айрықша күш салуы тиіс, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Ә. Жөлекешов.
Айта кетейік, Қазалы ауданы бойынша ақылы ҰБТ-ке 793 талапкер тіркелсе, Қармақшы, Арал аудандары бойынша жақын елді-мекендерден 211 түлек талаптанып отыр.
Қаңтар айындағы ақылы ҰБТ-дан кейін түлектерге жеке тақырыптар бойынша білімдерін арттыру ұсынылады. Сонымен қатар, бірінші кезеңнен өткеннен кейін талапкерлер екінші мүмкіндікке, яғни наурыз айындағы сынаққа дейін дайындықтарын пысықтауға мүмкіндігі бар.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат