Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа ережеге сай сынақ басталды

Жаңа ережеге сай сынақ басталды

Жыл өткен сайын мектептегі қорытынды сынақтың ереже-талаптары түрленіп келеді. Биылғы түлектерді Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өткізіледі. Қазалы ауданы бойынша тестке қатысушылардың тіркелген мерзімдеріне байланысты ҰБТ 13 қаңтарда басталып, 10 ақпанда аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұған аудан бойынша мектеп бітіретін 801 түлектің 702-і (91,3%) қатысуға өтінім берген.
Қаңтардағы ҰБТ-ге жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер, шығармашылық дайындықты талап ететін БББТ-дан басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген ЖОО-на білім алушылары, ақылы негізде «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласына ауысуға ниет білдірушілер, сондай-ақ қалауы бойынша ЖОО ақылы негізде оқуға қабылданғысы келетін мектеп түлектері қатысады. Тіркелу кезінде тест тапсырушылар емтихан орнын, күнін және уақытын өздері таңдайды.
Айта кету керек, 2023 жылғы ҰБТ-де тестілеу форматы өзгеріссіз қалды. Қазақстан тарихы бойынша тестілеуге қатысушылар 20 тапсырманы, оқу және математикалық сауаттылық – 15, екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырманы орындайды. Барлығы – 120 сұрақ. Ең жоғары балл – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минуттық артықшылық сақталады.
Сонымен қатар дистракторлар саны азайды (жауап нұсқалары). Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны бестен төртке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауаптары бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) сегізден алтыға дейін азайтылды.
Қаңтардағы ҰБТ-ден бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсуге ниет білдірушілер ҰБТ-ді «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады.
Тестілеу кезінде калькулятор, Менделеев және тұздар ерігіштігі кестелері барлық талапкер үшін компьютер экрандарында қолжетімді болады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушыларына өздерімен қалам, су және шоколад алып кіруге рұқсат етіледі.
Айта кетейік, барлық мектептерде бітіруші оқушыларға, олардың ата-аналарына, пән мұғалімдеріне «Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулық» ережелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
14 қаңтар 2023 ж. 268 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031