Нұқсаны бар ныспы: Құжатта қате жазылған аты-жөнді өзгертуге кедергі жоқ
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Қай кезде болсын есейіп, есі кірген адам өзінің аты-жөні, тегі туралы ойлана жүретіні анық. Біреулерге есімі ұнайды, енді біреулер кезінде асығыс қойыла салған аты, қате жазылған, бұрмаланған фамилиясы үшін қысылумен өтеді. Қысқасы, адамдарға аты-жөнін өзгертуге өзге де себеп көп және кәмелетке толған, өз таңдауы қалыптасқан азаматтар үшін бәрі заң аясына сыятын болса, бұған еш кедергі жоқ. Алайда отандастарымыздың көпшілігі мұны қалай жасау керек екенін білмейді, яки қиямет-қайымдай көреді.
Не десек те, оғаш есімі, тегі адамның көңілінен шықпайтын жағдайлар кездеседі. Мұндай жағдайда қайда баруға болады десек, осының жай-жапсарын Алматы қаласы Әділет департаментінің өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде түсіндірді.
Алматы қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Зәуреш Сәтхожина «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты мұндай өзгерістер туу, некеге тұру немесе некені бұзу туралы жазбалардағы атын, әкесінің атын, тегін өзгерту туралы қорытынды негізінде жасалынатынын атады.
Ендігі жерде бұрынғыдай аты-жөнін өзгерту туралы акт жазбасы тіркелмейді және атын, әкесінің атын, тегін өзгерту туралы куәлік берілмейді. Құжаттарды тіркеуші органдар атын, әкесінің атын, тегін ауыстырғанын растау үшін туу, некені қию және бұзу туралы тиісті куәлік береді. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтінішті Неке-отбасы заңнамасына сәйкес, Қазақстанның шетелдердегі мекемесі және тіркеуші органдар қарайды. Өтінішті 16 жастан асқан азаматтар бере алады, кәмелетке толмағандар үшін ата-анасының қатысуы талап етіледі.
Тіркеуші органдар азаматтардың есімін, әкесінің атын, тегін ауыстыруды он алты жасқа толған, атын және әкесінің атын немесе тегін ауыстырғысы келетін адамның жеке өтініші бойынша жүргізеді. Атын, әкесінің атын, тегін өзгерту не түзету үшін Қазақстан аумағындағы кез келген тіркеуші органға (АХАТ) өтінішпен жүгіну қажет, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КеАҚ-ға өтінішті «электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық нысанда жіберуге болады.
Азаматтарымыз есімі, әкесінің аты, тегі өзгергеннен кейін бір ай ішінде жеке куәлік пен паспортты өзгертуі қажет. Қысқасы, адам тегін, атын, әкесінің атын өзгерту үшін олардың өз қалауы жеткіліксіз. Бұған қоса құжаттарында жоғарыда аталған дәлелді себептердің біреуінің болуы шарт.