Жас-кәріге қарамай, көктайғақ тұр аямай
Фото: diena.lv
Кешелі бері күн күрт суытып, айналаны жапалақтап жауған ақ мамық басты. Бұны асыға күткен балалар у-шулап шана сүйреп, қармен атысса, енді бірі аққала соғып әлек. Бұл – қыстың қызығы. Енді қиындығына тоқталсақ, жауған қар тапталып, жып-жылтыр мұзға айналса шат-шадыман күйімізден лезде айрылатынымыз бар. Мұндайда көктайғақ көшелер жас-кәріге қарамайды, аямайды.
Биыл қыс қазалылықтар үшін өте ауыр өтуде. Өйткені желтоқсан айы жауын жауып, тұрғындарға батпақ кештірсе, ал қаңтардан бастап күн күрт суытып, жауған қар, кешегі жауынның суы көк мұзға айналып, көшедегілердің "көкесін" танытуда. Дәлірек айтсақ, бүгінде аудан орталығы Жанқожа батыр, Әйтеке би, Р.Бағланова, Қ.Сәтбаев сынды тағы да басқа көшелердің жалғыз жаяужүргінші емес автокөлік жүретін жолын да көк мұз басқан. Соның салдарынан жол апаты да, тайып құлап, майып болып жатқандар да көбейіп тұр.
– Желтоқсан айының аяғы, қаңтар айының басы жол көлік апатынан Темір жол ауруханасына түскендер болды. Бұл апаттар тас жолының тайғақтығынан болып отыр. Азаматтардың барлығы дерлік тиісті ем-домын алып, бүгінде жазылып шыққан. Жалпы жол үстінде, көлік тізгіндегендей өте сақ болыңыздар, – дейді Теміржол ауруханасының травмотолог дәрігері Аман Қанатов.
Бұдан бөлек, аудандық ауруханаға да жарақат алып түскен жандары қатары жиілеп тұрған көрінеді. Мұнда түсушілердің көбі егде жастағы азамат-азаматшалар.
– Кешегі жауын мен қар араласып, бүгін көшенің бәрі көкмұзға айналды. Мұндай кезде абайламасаңыздар ауыр жарақат алатындар көп болады. Осыдан кейін уайымдап, таңертеңгісін балаларды мектептің автобусына мінгесуге өзім шығамын. Әрі қарай қоғамдық көлік күтіп, өзім де жұмысқа жүремін. Бірақ аудандағы "әттеңі" бітпес мәселенің бірі – қоғамдық көлік. Ол келмеген соң, амал жоқ, жаяу жүруге тура келеді кейде. Кеше де келіп болмаған соң, жұмысқа жаяу барғанмын. Жолда көше бойымен тәлтіректей жүрген бір адамды көзім шалды. Жақындай келе байқадым, көрші ақсақал екен. "Әй, осы тайып құламаса болар еді" дегенімше болмады, шалқасынан құлады. Мен де жанына тайғанақтай, әрең жетіп, орнынан тұрғыздым. Үсті-басын қағып, аялдамаға дейін жеткізіп салдым. Кешкілік қал жағдайын сұрап едім, басынан аздап зақым алған көрінеді. Жалпы мына мұзда абай болмасаңыздар, жәй жарақатпен құтылмайсыз, – дейді кент тұрғыны Абзал Сәбитұлы.
Кент орталығында бұл мәселемен күреске жұмыслған жұмысшылар жасағы бар. "Зил" автокөлігіне тиелген тұз аралас құмды тас жолға төсеп жүргенін көріп те жүрміз. Бірақ шамалап қана сепкен құм еш көмегін берер емес. Бәлкім, арнайы техникамен көше бетіндегі қатқыл қарды қырып өтсе бір шешімі болар...
Жалпы "Қар жауды деп қуанба, аяз келер артынан" демекші, екі бетті алмадай қызартқан аязға қар жауғаннан-ақ дайын болған абзал. Бұл күні табаны сырғанақ аяқ киімді кимеуге, сән қумай мейілінше қалың киімдеріңізді киген абзалырақ.
Айтпақшы, қалтафонымызға тыным бермеген 112-ден де күні бойы хабарламалар келуде. Оған мезі болған, жәй хабарлама ретінде қарамаған жөн. Онда Қызылорда облысында қатты көктайғақ қаупі бар екенін ескерткен мамандар, бұл уақытта алыс-жақын жолға шығуды жоспарламауды сұрайды.
Серік АҚМЫРЗА