Кәсіпкерлік пен өнеркәсіпке инвестиция тартуды арттырды
Биылғы жылы Қызылорда облысының экономикалық әлеуетіне тікелей ықпал ететін салалардың қарқынды дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сыр бойында, әсіресе, кәсіпкерлік және өнеркәсіптің өркендеуіне айрықша мән беріліп отыр. Үстіміздегі жылы бұл салаларға тартылған инвестиция көлемі 386,4 млрд теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда, ол 95,5 млрд теңгеге немесе 27,7 пайызға артқан.
Инвестиция тарту – игі істердің бастауы. Биыл облысқа 424,2 млрд инвестиция тарту межеленген еді. Дегенмен демеушілер есебінен жүзеге асырылатын жобаларға 45 млрд теңгедей қосымша резерв анықталды. Сондықтан алдағы уақытта облысқа 472 млрд теңге инвестиция тартудың мүмкіндігі бары айқындалып отыр.
Биыл өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобаларға құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 45 жоба енгізілді. Оның ішінде жалпы құны 6,2 млрд теңгені құрайтын 285 жұмыс орнын қамтитын 5 жобаны іске қосу жоспарлануда. Қазіргі таңда жалпы құны 5,7 млрд теңге болатын 4 жобаның жұмысы басталды.
Бұдан бөлек, құны 3,5 млрд теңгені құрайтын темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт өнім шығаруда. Сондай-ақ, облыстағы ең ірі жобалардың бірі – шыны зауыты да өз өнімдерін нарыққа шығаруда. Зауыт іске қосылғаннан бері 167 мың тонна өнім өндірген.
Бұдан бөлек, неміс компанияларымен бірлесіп, бірнеше зауыттарды іске қосу үшін келіссөздер жүргізілуде.
Сонымен қатар, өңірде шағын және орта кәсіпкерлік саласы да серпінді дамуда. Биыл кәсіпкерлердің саны 9 пайызға ұлғайып, 75 640 бірлікке жетті. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің саны 10,3 пайызға артып, 70 977-ні құрады.
2023 жылы аймақта шағын және орта бизнестің 3,5 мыңнан аса жобасы 42 млрд теңге шамасында қаржыландырылды. Оның ішінде облыс әкімінің қолдауымен ауыл кәсіпкерлерінің үлкен сұранысына ие болған «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығымен 3 млрд теңге қаражат 358 жобаны қолдауға жұмсалды.
Бұл өз кезегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының макрокөрсеткіштеріне септігін тигізді.