Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығы отырысына қатысушыларға тілегін жолдады
zakon.kz Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының XXI отырысына қатысушыларға үндеуін жариялады.
"Аса мәртебелі дін өкілдері және қадірлі меймандар, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының XXI отырысының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Биыл – алғашқы Съездің шақырылғанына 20 жыл. Бұл игі бастама өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, аз уақыт ішінде маңызды өркениетаралық диалог алаңына айналды. Форум дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға, бүкіл адамзатқа ортақ түйіткілдердің шешімін табуға және толеранттылықты дәріптеуге септігін тигізіп келеді.
Басқосу аясында әлемнің рухани көшбасшылары жаҺан жұртын алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылап, бейбітшілікті сақтау және өзара құрмет пен сыйластықты насихаттау туралы ойларын ортаға салады.
Қазір геосаяси ахуал ушығып, түрлі сын-қатер күшейіп тұр. Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік, бауырмалдылық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаҺандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін басшылары айрықша рөл атқарады.
Рухани лидерлер осы бағытта күш жұмылдырып, барша адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге сүбелі үлес қосады деп сенемін. Хатшылықтың бүгінгі отырысы да осы мақсатқа орай ұйымдастырылып отыр.
Қазақстан дінаралық және өркениетаралық ынтымақтастыққа негіз болатын бастамаларға әрдайым қолдау көрсетеді. Оны сыртқы саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде ұстанады.
Баршаңызға Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының жұмысына белсене қатысқаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін.
Ізгілік жолындағы істеріңізге толайым табыс тілеймін!".