Білім мен тәрбие басты қаруымыз болуы тиіс
Ұстаз ретінде жыл сайын Білім күнін асыға күтемін. Білім күнімен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайын Қазақстан халқына Жолдауын жариялайтыны ұстаздар үшін өте ерекше күн. Биылғы Жолдау «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталады.
Президент Жолдауында білім саласының басымдықтары әр уақытта нық. Президенттің жас ұрпақтың өмір сүруі үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыру, кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейту, білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру туралы тапсырмалары дер кезінде қолға алынды деуге болады.
Ал сапалы орта қалыптастыру үшін әрбір педагог үнемі ізденісте болып, жаңалыққа жақын болуы тиіс. Әрбір педагог алдына келген баланың болашағына аса мән беріп, ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым – қатынасты орнықты қалыптастырғанда ғана, білім сапасы артып қана қоймайды, бала саналы, тәрбиелі, мейірімді болып қалыптасады. Әрбір педагог шығармашылықпен айналысқанда, үнемі білімін жетілдіргенде ғана ұстаз деген атқа лайық болады.
Әділетті Қазақстанды өз ісіне адал азаматтар ғана құрады. Әрбір қазақстандық мемлекетке адал қызмет атқарып, ақ жүргенде ғана әділдік орнайды.
Мені елімізде жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы ерекше қуантады. Өйткені сапалы білім мен саналы тәрбие балаға жасаған қамқорлықтан басталады. «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын мектепте еңбек ету – әрбір ұстаздың арманы, менің де арманым.
Президенттің «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз.» - деген сөзі әрбіріміздің жүрегімізден орын алуы тиіс.
Шарбану БАЕКЕЕВА,
Қазалы аграрлы – техникалық колледжі директорының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары