Көз ауруларына ота жасау жеңілдеді
Бағжан Бағдатұлы білікті де, білімді әрі жас офтальмолог. Сыр өңірі халқының көз ауруларына ем-дом жасауда алдына жан салмайды. Бұл салада азды-көпті он жыл ішінде мол тәжірибе жинақтаған.
Ол көпбейінді облыстық аурухананың офтальмолог дәрігері. Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медициналық университеттін тамамдаған. Кейін Астанада қайта даярлау курсынан өтіп, көз ауруларын емдеу ісінен біліктілігін арттырды. Бұдан соң да Алматыда микрохирургиядан және Татарстандағы Қазан қаласында білімін шыңдады. Еңбек жолын №2 Қызылорда қалалық емханадан бастаған ол офтальмолог болып орналасты. Оның айтуынша, бұл саланы бекер таңдамаған. Оған себеп – соңғы кездердегі заманауи гаджеттерді қолдану аясының ұлғаюы. Бүгінде соңғы үлгідегі смартфондар мен планшеттер және компьютерлердің көздің көру қабілетін төмендетеді. Бұдан бөлек түрлі көз аурулары жасарып кеткен. Ал мұндай науқастарды емдеуге маман тапшы.
Қазір жас дәрігер көпбейінді облыстық аурухананың көз аурулары орталығында офтальмолог дәрігер қызметін абыроймен атқарып жүр. Аталған бөлімше меңгерушісі Сәкен Шілмановтың үйретуімен бүгінге дейін 1000-ға жуық ота жасаған. Бүгінде күніге 8 адамға ем-дом көрсетеді. Кей кездері 15-20 адам қабылдаған күндер болды.
– Қазір жақсы жаңа технологиялар шығып жатыр. Ешқандай пышақсыз, көзге тыртық түсірмей ота жасаудың түрлі тәсілдері енгізілуде. Соны біліп алған жастар телефонға ұзақ қараудан қорықпайды. Олардың ойынша, лазерлі операция жасата салу қиындық тудырмайды. Жастармен қатар ересектерге де, егде жастағыларға да ота жасаймыз. Мәселен, осы жолы қазалылық 9 адамды қабылдап, көздегі өскен шелді суырып алдық. Еш тігіссіз және тыртықсыз, кеспей ота жасалды, – дейді Бағжан Өтепберген.
Жас дәрігердің сөзіне мән берсек, медициналық терминмен айтқанда – птеригиум қазақшалағанда шел деп аталады. Қарашыққа қарай ет өседі. Ол қарашықты басса, көз көрмеу қаупі жоғары. Бұның туа бітті түрі де кездеседі. Ал бұл жолғы пациенттердің науқасы жүре келе шыққан шелдің әсері. Бұл дерт 4 дәрежеге бөлінеді. Қазалылық 9 науқастың ауруы осы 4-ші дәрежеде болған. Олардың арасында уақытын өткізіп, кейбірі уақытында келгендер. Оның алдын-алу үшін көз жанарын күту қажет. Белгілі себептермен көз қызарса, міндетті түрде дәрігерге көрініп, тиісті ем алған жөн. Ыстық әрі желді күндері сақтанып, арнайы күннен қорғайтын көзілдірік киген абзал. Себебі ультракүлгін әсерінен көз жанарын күйдіруі де ғажап емес. Сол себепті де Сыр өңірінде көз аурулары басым келеді. Соған сай ота да жиі жасалады. Көз жанарын шаң-тозаңнан, құм түсуден сақтау керек. Мұндай жағдайда дереу көзді сумен шаю тиіс. Бұрынғы кезде шел басу ауруы көбіне малшыларда жиі кездесетін болған. Себебі олар жазықтықта жүргендіктен. Осындай дертке шалдығатын болған.
Үлкендіктің белгісі саналатын катаракта ауруы да емдеуге келеді. Көз асты тамырлары жақсы болса, ота жасалады. Жасанды хрустальды линза салынады. Сонымен бірге аты үрей туғызатын глаукомаға (су қараңғылық) да шипа бар. Бір сөзбен, жанарың жақсы көруі үшін дәрігердің барлық кеңесін орындап, уақытылы көзге арналған тамшыны қабылдаған жөн. Бұл әрекет әдетке айналуы керек дегенді алға тартты дәрігер. Көз қысымы деген дерт те белең алған. Оны мамандар паломаторлы әдіспен бақылай алады. Яғни көзді саусақпен басып көру тәсілі. Сонымен қатар көз ауруына қант диабеті мен жоғары қан қысымы да әсер етеді. Осыған орай Қазалы теміржол ауруханасының офтальмолог дәрігері Берік Жадырасын аурухана бас директоры Құбыл Ршымбетовке аудан халқының денсаулығын түзету мақсатында операциялық микроскоп және қосымша медициналық құрал-жабдықтар мен қажетті құрылғылар алуға ұсыныс жасайды. Бұл ойды қолдаған басшы дереу арнайы жабдықты тапсырыспен алдыртқан болатын. Міне алғашқы науқастарға да жасалған ота сәтті өтті.
– Жыл сайын офтальмологтар ұжымының басын қосып, конференция өтеді. Офлайн және онлайн өткізді. Өзара тәжірибе шыңдап отырады. Алматыдан біліктілікті көтеріп келдім. Көпбейінді облыстық аурухананың көз аурулары орталығында тәжірибеден өттім. Екі рет ота жасадым. Сонымен бірге шет елмен Украина, Ресей, Өзбекстан, Татарстан, Беларуссия және Польшамен де байланыс жасаймыз. Әркез облысқа барып тәжірибеден өтіп, біліктілікті арттырып отырамын. Бұл жолы Бағжан Бағдатұлының бақылауымен алғаш рет 5 адамға ота жасадым. Енді алдағы уақытта мұндай оталарды кедергісіз атқаратын боламыз. Ал жоғарыда аталған құрылғыға аудан бойынша біздің аурухана қол жеткізіп отыр. Басты міндетіміз – көз ауруы санын азайту, халықтың жағдайын жақсарту, – дейді Қазалы теміржол ауруханасының офтальмолог дәрігері Берік Жадырасын.
Дәрігерлердің мәлімдеуінше, мақсат көп. Алдағы уақытта ИВИ – интравиалды иньекция қолға алынады. Көз жанары түбіндегі ісіктерді ОКТ арқылы – оптикалық когерантная томографиямен анықтау жүзеге асады. Мұның барлығына себепкер көпбейінді облыстық аурухананың көз аурулары орталығының штаттан тыс бас офтальмологы Шәкен Шілмановтың еңбегі зор. Біз де медицина саласының хас шеберлеріне сәттілік тіледік.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА