Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС: Құны қымбатқа түсетін отаны тегін жасатуға болады

МӘМС: Құны қымбатқа түсетін отаны тегін жасатуға болады

Бүйректегі тас - қызылордалық тұрғындардың арасында жиі кездесетін дерттің бірі. Мұның себебі сапасыз ауыз су мен қолайсыз экология. Бүйрек және зәр шығару жолдары ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін енгізу науқастардың денсаулығын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Қызылорда қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың урологтары бүйректегі ірі тасты алу оталарын тері арқылы нефролитотрипсия әдісімен жасап жатыр. Ауруханада емделушілердің арасында өзге өңірлердің де тұрғындары баршылық.
Солардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны Светлана Исаева. Ол Қызылорда қаласындағы туыстарына қонаққа келген кезде кенеттен бүйрегіндегі жедел ауру ұстамасы пайда болған. Жедел жәрдем науқасты ауруханаға жеткізген кезде оның себебі бүйректегі үлкен тас болып шықты.

61 жастағы науқасқа шұғыл тері арқылы нефролитотрипсия жасалған. Дәрігерлер нефроскопты бел аймағына кішкене тілік арқылы жіңішке түтік енгізіп, лазерлік импульстармен тасты ұсақтап, органнан алып тастады. Бұрын мұндай жағдайда бел аймағына үлкен ота жасалынғандықтан, науқас отадан кейінгі жағдай бұрыңғыдай ота жасалынып ауыр болады деп ойлаған.


«Оң жақ бүйректен диаметрі 2 сантиметр болатын тас алынды. Операция жақсы өтті. Қызылордалық дәрігерлерге кәсіби шеберлігі үшін алғыс айтамын. Дәрігерлер маған қалқанша безін тексертуге кеңес берді. Себебі қалқанша безі дұрыс жұмыс істемесе кальций ағзаға сіңбей бүйрекке тас болып жиналады екен. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында мен өзіме тиесілі медициналық қызметтерді тегін алып, емделуді жалғастырып жатырмын», – дейді Светлана Исаева.


Облыстық көпбейінді ауруханасы урология бөлімшесінің дәрігер-ординаторы Еркін Ысқақовтың айтуынша тері арқылы нефролитотрипсия әдісін қолданатын оталар елімізде тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен және Қызылорда қалаларында ғана жасалады. Мамандар Жапония мен Израильде тиісті дайындақтан өтіп, біліктілігін арттырып келген.


«Біздің жасап жатқан оталардың барлығы дерлік аз инвазивті, яғни науқастар отадан кейін өздерін жеңіл сезінеді. Сонымен қатар отадан кейін ауруханада ұзақ жатпайды. МӘМС жүйесінің арқасында мұндай жоғары технологиялық медициналық қызметтер сақтандырылған азаматтарға, ал шұғыл жағдайларда барлық науқастарға қолжетімді. Мысалы, бүйрек тастарын алу отасының құны 200 000 теңгеден жоғары. Мұндай медициналық қызметті кез келген адамның қалтасы көтере бермейді», - дейді Еркін Ысқақов.

Айта кетейік, былтыр облыстық көпбейінді ауруханасының урология бөлімшесіне мыңға жуық науқас түсіп, 800 азаматқа ота жасалған. Осы мақсатта медициналық сақтандыру қорынан 250 млн теңге бөлінген.
03 наурыз 2022 ж. 420 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930