Әскерге кімдер шақырылмайды – министрлік жауабы
Қорғаныс министрлігі қай санаттағы адамдар әскери қызметтен босатылуы мүмкін екенін және әскер қатарына шақырылмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды inform.kz
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша мерзімін кейінге қалдыру немесе босату шешімі әскерге шақыру комиссиясының құзыретінде.
«Бұл тұрғыда кейінге қалдыру отбасы әрі денсаулық жағдайына, оқуын жалғастырғандарға, кәсіби қызметін атқарып жүрген педагогтерге, ауылдағы дәрігерлерге, Парламенттің немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына қатысты болады», - делінген Қорғаныс министрлігінің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар, алдын ала тергеу амалдарына тартылған немесе қылмыстық iсін сот қарап жатқан адамдар жауынгерлік жиындарға шақыртылмайды.
Бұдан бөлек, азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипажының мүшелеріне, тиісті білімі бар азаматтық авиация инженерлері, механиктері және техниктеріне, сондай-ақ құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқандарға қатысты әскерге шақыруды кейінге қалдыру тәртібі қарастырылған.
Бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан мына азаматтар босатылады:
1) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
2) жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
3) туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызметті өтеу кезеңінде мiндетін орындау барысында қаза тапқанда немесе бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленгенде;
4) әскери қызметті басқа мемлекетте өткендер;
5) Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;
6) ғылыми дәрежесi бар азаматтар;
7) тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері.
Бұдан басқа, бейбiт уақытта әскери қызметке сотталған адамдар шақырылмайды.
Айта кетейік, елімізде мерзімді әскери қызметке шақырту үшін іздестіріліп жатқан жастар саны екі есе азайды.