Бүгін Ережеп айы басталды
Қасиетті үш айдың бірі саналатын Ережеп айы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ережеп айының атауы «ражаб» ұлықтау, құрметтеу деген сөзден шыққан және бұл ай қасиетті Шағбан мен Рамазанға жалғасады.
Құранда «Тәубе» сүресінің 36-аятында: «Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі - құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер», - делінген.
Ал Алла елшісі: «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, Жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері», – деген.
ҚМДБ-ның ресми парақшасында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:
Ережеп – берекелі һәм ұлық ай. Бұл айда игі амалдарға мол сауап жазылады, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады.
Ғалымдардың бірі: «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбан айында суарылмаса, Рамазан айында одан қандай егін күтуге болады» деген екен. Сол себепті, бұл айды барынша пайдалы өткізіп, ғибадат жасап, дұға етіп, араздасқандар бір-бірімен жарасып, татуласу керек, - деп хабарлады.
Айта кетейік, Ережеп айында қасиетті Миғраж түні бар. Ол биыл ақпанның 17-сінен 18-іне қараған түнге түсіп тұр.