Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » » Шағбанның шарапаты

Шағбанның шарапаты

Ата-бабалар сан жылдардан бері аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгелі руханиятымыздың тамырына қан жүгірді. Осыған орай елде ислам дініне деген құрмет жылдан-жылға еселеніп, халық арасында діни парызын орындауға бетбұрғандар көбейді.
Аллаһ Тағала құлдарына аса мейірім танытқандықтан, тіпті ананың баласына деген сүйіспеншілігінен де артық қамқор болғандықтан, кейбір күндер мен айларды қасиетті қылған. Бұл айлар мен күндердегі ғибадаттарға, жақсылықтарға өте көп сауап беретінін білдірген. Сондықтан аталған күндері тәубеге келіп, кешірім сұрап, жалбарыну керек. Адамзатқа берілген мұндай үлкен мүмкіншілікті жіберіп алмай, барынша тиімді қолданған абзал дейді дін өкілдері.
Биыл осындай қасиетті шағбан айы осы жылдың 25 наурызында басталды. Аллаһ Тағала шағбан айын пайғамбарға тән қылған. Хадис шәрифтерде: “Шағбан менің айым, Ражаб – Алла Тағаланың айы. Ал Рамазан – менің үмметімнің айы. Шағбан айы – күнәларға кәффарат ай, ал рамазан – күнәлардан тазалаушы ай болып табылады” делінген.
Шағбан айында күші жететін, мүмкіншілігі бар адамның ораза ұстауының үлкен сауап екендігі жеткізілген. Бірақ ораза тұтқанда харамнан, күнә істеуден де қатты сақтану керек.
Табыстарға мұқият болып, халал жолмен табуға ұмтылған жөн. Бұл айда ораза тұтуға жағдайы келмейтін адамның немесе ауыр жұмыс істейтіндердің рамазан айына күш-қуатпен кіруіүшін ораза тұтпағаны жақсы болады. Өйткені рамазан айының оразасы парыз. Нәпіл ораза ұстаймын деп, парыз оразаны қолдан жіберіп алмау керек.
Қаза оразасы барлар бұл айда тұтатын оразаларына қаза деп ниет етуі қажет. Осылайша әрі қазасы өтелген әрі бұл айда ораза тұтудың сауабына да қауышқан болады.
Шағбан айында ораза тұтудың сауабы былай білдірілген: «Кімде-кім, Шағбан айында үш күн ораза тұтса, Хақ Тағала жәннаттан оған бір орын дайындайды». Ал «Кімде-кім, Шағбан айында бір күн ораза тұтса, ол құл жаһаннам азабынан құтылып, дүние және ахырет үшін қалаған мәртебе және дәрежеге қауышады. Егер екі күн тұтса, қабірде бір періште оған жолдас болады. Егер үш күн тұтса, Хақ Тағала ол құлды қиямет күнінде әулиелердің қасына қосып, жаннәтта ол құлына жамалын көруді нәсіп етеді».
Пайғамбар өзге айлардан гөрі осы шағбан айында көбірек ораза ұстайтын болған. Сол себепті де Шағбан айының басым бөлігін, тіпті толығын оразамен өткізу өте жақсы болады. Рамазаннан кейінгі ең қадірлі, ең құнды оразаның қайбірі екені сұралғанда, пайғамбар «Шағбан айында тұтылған ораза» деген. Сахаба Усама ибн Зәйд оның себебін сұрағанда пайғамбар: “Бұл айда барлық істер әлемдердің Раббысына көтеріледі. Менің де істерім Алланың құзырына аузым берік болған күйде көтерілуін қалаймын”деп жауап берген екен.
Шағбан айында жақсылықтарға жол ашылады, береке жауады, қателер жойылады, күнәлар перделенеді. Кейбір ғалымдар: «Жыл ағаш секілді. Ражаб – айы ағаштың жапырақ жаятын, шағбан айы – жеміс беретін, ал рамазан айы – жемістердің жиналатын айы. Ражаб кешірім айы, шағбан шапағат айы, рамазан сауаптардың қаншама еселеніп көбейетін айы» деп айтқан.
Тағы бір ретінде пайғамбар «Шағбан айының соңғы дүйсенбі күні ораза тұтқан адамның күнәлары кешіріледі»деп бұйырған.
Шағбан айы өте үстем ай. Бұл айда пайғамбарымызға көп салауат айтуды ұмытпаған дұрыс.
Әрбір мұсылманның шағбан айында көзі ашық болуы, күнәлардан аулақ болып, бұрынғы істеген күнәлары үшін тәубе, истиғфар оқып, рамазан айына дайындалуы және шағбан айында Аллаһ Тағалаға сиынып жалбарынуы, бұл айдың иесі болған Мұхаммед “саллаллаһу алейһи уәсәлләмнің” себебімен Аллаһ Тағалаға қауышуға тырысу мұсылмандық парыз саналады.
Әсіресе шарапаты мол айдың 15 күні (бәраат күні) күндіз ораза ұстап, түнін ғибадатпен өткізгеннің сауабы мол. Бұған орай бір хадисте: “Шағбан айының ортасы болғанда түнін ғибадатпен, ал күндізін ­оразамен өткізіңдер. Алла Тағала сол күні күн батқанда дүние аспанына түседі де: “Менен кешірім тілейтін пенде бар ма? Кешірім етейін. Менен ризық-несібе тілейтін пенде бар ма? Ризығын арттырайын. Ауру-сырқауға шалдыққан бар ма? Саулық берейін” деп осылай таң атқанша жалғасады. Сонымен қатар бұл айда Құран оқытып, тұрмыс жағдайы төмен отбасына садақа тарату да сауапты іс.
Нұрай ШАБЫТ
07 сәуір 2020 ж. 106 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031