Қарулы күштер баспасөз қызметтерінің жұмыстары қорытындыланды
Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Әскери журналист күніне орай оқу-әдістемелік жиын өтті, деп хабарлайды baq.kz.
Гарнизондар баспасөз қызметтерінің басшылары мен мамандарын, Қарулы күштер түрлерінің және әскери оқу орындарының баспасөз хатшыларын Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов кәсіби мерекемен құттықтап, қоғамның, нақтырақ айтқанда Қарулы күштер туралы көзқарастың қалыптасуындағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін атап өтті.
Бұқаралық ақпарат құралдары бір жағынан, ақпарат көзі болса, екіншіден, ақпарат майданында белсенді түрде қолданатын қуатты қару. Осындай күрделі жағдайларда сіздердің пайдаланатын шынайы әдістеріңіз, сыни көзқарастарыңыз бен ақпаратты беру арқылы жеткізетін әсеріңіз түрлі фэйктер мен жағымсыз пікірлердің таралуына сенімді тосқауыл бола алады, – деді генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.
Жиын барысында адамның көзқарасы мен құндылықтар жүйесін қалыптастырудағы, өскелең ұрпақтың бойында елін, жерін сүюге, Отан алдындағы жауапкершілікке және елге қызмет етуге әрқашан әзір болуға тәрбиелеудегі бұқаралық медианың маңызды екені айтылды.
Баспасөз хатшыларының құзіретіне кіретін талаптардың артуын ескере отырып, осы саланың жетекші мамандарының қатысуымен тиісті бағдарлама әзірленді. Оның ішінде шешендік өнер, дағдарыс жағдайындағы әскери журналистің іс-қимылы, түрлі мақсаттағы аудиториямен жұмыс істеу техникасы сынды нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өткізілді.
«Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен кәсіби коммуникация және оның маңызы, әлеуметтік желілердің қоғамға әсері төңірегінде дәрістер оқылды. Жиынға қатысушылар фото және бейне түсірілім, бейнематериалдар монтаждау негіздері, әлеуметтік желілерге арналған контенттерді жасау, түрлі жанрлардағы материалдарды әзірлеу жөнінде практикалық тәжірибе алды.
Одан басқа, 2022 оқу жылындағы баспасөз қызметтерінің жұмыстары қорытындыланды, сондай-ақ әскери журналистиканың үздіктері анықталды.