Өзекті мәселелер шешімін таппақ
Мемлекет басшысы әкімдерге Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етуді және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіріп, әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізуді тапсырған болатын. Осы ретте Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Қазалы ауданына келіп, тұрғындармен жеке қабылдау өткізді.
Қазалы ауданы әкімдігінде өткен жеке қабылдауға облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев, облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков келді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Серікжан Мырзалы және мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов қатысты.
Ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда барлығы 58 азаматтың өтініші қаралды. Облыс әкіміне 25 тұрғын келді. Олар жол салу, газ жүргізу, мектеп пен балабақшаға орналасу, медициналық амбулатория мәселелерін шешу, қоғамдық көлік, жайылымдық жер учаскелерін белгілеу, наубайхана цехын ашу сынды сауалдарын қойды.
Алдын ала хабарландыруды естіп келген жеке тұрғындар арасында 14 құрсақ көтерген батыр ана, І топ мүгедектігі бар азаматтар да бар.
– Ауылда балалар ойнайтын алаң жоқ екендігін мәселе етіп көтердім. Әкім мырза өңірде биыл 80 ойын-спорт алаңы берілгенін жеткізіп, алдағы уақытта біз тұратын аймаққа да салуға ықпал жасайтынын айтты, – деді қазалылық тұрғын.
– 14 баланың анасымын. Қабылдауға келіп, жолдасыма жұмыс сұраған болатынмын. Жалғыз өзім еңбек еткеніммен балалардың күнделікті тамағы мен киім-кешегіне ақша қажет. Облыс әкімі мәселеме құлақ түріп, ауданда жаңадан ашылатын әлеуметтік нысанның біріне техникалық қызметкер ретінде алуға жәрдемдесуге ынталы екенін жеткізді, – деді батыр ана.
Аймақ басшысы әрбір мәселені сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді және жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.
Құқық қорғау органдарының басшыларына 33 азамат өз мәселесін жеткізіп, заң аясында тиісті түсіндірме алды.
Сондай-ақ, сапар барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президент Жарлығы аясында тұрғындармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат