Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бозкөл бойындағы ажал алаңы

Бозкөл бойындағы ажал алаңы

Біз өмір сүріп жатқан қоғамда күн сайын сан түрлі жағдай орын алып жатыр. Бірін көз көрсе, екіншсін құлақ естиді. Әсіресе, жол апатына қатысты адам өлімі жаға ұстатып тұрған жайы бар. Ұлы жолда болған апатты Алла ісіне бағыттай саламыз. Дегенмен автомагистралдағы қауіпсіздік, қозғалысқа ыңғайлылық жасалмағанын, оны іске асыра алмай отырған жауапты адамдарды іздемейміз. Кешегі Бозкөл даласында мертіккен кәукейліктің ненің себебінен қыршын кеткенін жұрт білсе де, Жаратқанның ісіне жаба салатыны қынжылтады. Біреудің ісіне деген немқұрайлығы көпбалалы отбасыны қара жамылдырғаны бірер күн әңгімеден кейін жылы жабылып қалады. Жазасы берілмеген қылмыс оның көбеюіне алып келетінін ескерсек, мұндай жағдайға бейжай қарауға болмайтынын түсінеміз.
– Біз бір әке, бір шешеден он бір перзент дүниеге келдік. Солардың ішінен Алла берген дәм-тұзын татып, аман-есен жүргеніміз үш ұл, бес қыз. Енді, міне, ортаншы ағам, жеті баланың әкесі Алдаберген Ізбасарұлы да марқұмдар қатарына кірді. Сарылып ауырып, төсек тартып жатса, солай демі үзілсе, «бала-шағасының алдында, немересін сүйіп кетті ғой, шүкір» дер едік. Бірақ бауырымыздың білдей бір мердігер мекеменің жауапсыздығынан қаза болғаны жанымызды жаншып, өзегімізді өртеп барады, – деп марқұмның ағасы Сәкен Қабылов әңгімесін бастады.
Қаймағы бұзылмаған ауыл халқы ортақ жандықты кезектесе бағатынын білесіздер. Қазан айының 23 күні сағат кешкілік марқұм Алдаберген екі күн қой кезегін бағып, кезекті өзінен кейінгі жігітке тапсырып, баласы екеуі үйге қайтып келе жатады. «Кәукей-Бозкөл» аралығындағы жолды жасап кеткен «Дәулет-Құрылыс» (бұрын "Қыран", кейін "Тұран" болып өзгерген) компаниясының топырақ алған карьеріне мотоциклмен күтпеген жерден түсіп кеткен. Көлікті тізгіндеп отырған азамат тұңғиық тереңге құлап, тіл тартпай ажал құшты. Арқасына жармасып отырған ұлының періштесі қағып, аман қалды. Бірақ алған жарақаттары ауыр. Зардап шегуші дереу аудан орталығындағы ауданаралық ауруханаға жеткізіліп, 9 күн ем-дом алып шықты. Алайда денсаулығына келген зиянды толық еңсере алмаған. Марқұмның ағасы алдағы күндері облыс орталығына апарып, емдететінін айтып отыр.
Оқиға қайда орын алды деген сұрақ туындауы заңды. Марқұмның туыстарының айтуынша, жолға жөндеу жұмыстарын жүргізген «Дәулет-Құрылыс» компаниясы құрылысқа қажетті топырақты далалықтан келіп тас жолға қосылатын қара жолдың үстінен алған. Бұл жол елдімекендегі ағайынның тегіс жолға түскенге дейін жылдар бойы қатынап келе жатқан жолы екенін айта кету керек. Сорақысы сол, жүздеген адам қорқыныш, алаңсыз қатынап отырған жолды ойып алған компания карьерді қайтадан толтырып кетпеген. 2 метрден астам шұңқырға бұған дейін де жергілікті тұрғындар түсіп кете жаздаған. Ақыры адам өлімімен аяқталып отыр.
– «Дәулет-Құрылыстың» компаниясы жауапсыздығының кесірінен 56 жастағы арыстай азамат мезгілсіз ажал құшып, жеті бала жетім қалды. Құдай қосқан жары денсаулық жағдайына байланысты медициналық есепте тұр. Мектеп жасында, 3, 9, 10 сынып оқитын үш баласы болған оқиғаға сенбей, тіптен есеңгіреп отыр. Отбасын асырап отырған тірегінен айырып, мезгілсіз мертігуіне себеп болған "Дәулет-Құрылыс" компаниясы топырақ алған карьерін толтырып кетуге міндетті емес пе?! Осылай мал қараған, мал баққандар біреудің салғырттығынан өмірмен қош айтыса беруі керек пе?! Бұған бір шара бар ма? Бұл оқиғадан бұрын Қожабақының үрімдей жас баласы «Дәулет-Құрылыс» компаниясының жол жиегіне тастап кеткен техникасына соғылып, ажал құшқанын да көп адам біле бермейді. Жол жиегіне қауіпсіздік жол белгілерін орнату компания қызметкерлерінің ойына қалай келмеген? Аталған компания бірнеше жылдан бері жұмыс жасаған аймақ қатаң түрде бақылауға алынып, қауіпсіздік шаралары сақталмаған карьерлер, шұңқырлар болса, топырақпен толтырылып, тегістеу керек. Жауапсыздығы салдарынан адам өліміне себепкер болған «Дәулет-Құрылыс» компаниясы жауапқа тартылу керек, – дейді Сәкен Қабылов.
Аталған жайтқа байланысты Қызылқұм ауылдық округінің әкімі Оңталап Мүсліммен де байланыстық. Округ әкімі бұл жайында жыл бұрын мердігерге ескерткенін, бірақ күні кешеге дейін карьер көмілмегенін айтып отыр. Шенеуніктің сөзіне сенсек, кісі қаза тапқан шұңқырдан бөлек, сол маңда бірнеше есе терең тікжар бар. Өлімнің артынан өлмек жоқ. О.Мүслім компания басшысына марқұмның отбасынан кешірім сұрап, қаржылай қолдау білдіру керек екенін айтқан. Алайда Сәкен Қабылов дүйсенбі күні сотқа арызбен жүгінуді ойлап отыр.
Оқиға орын алған жерге туған-туыстары барып, жол бойына белгі қойған. Жүректері қан жылаған марқұмның бауырлары келесі жүргізуші жапа шекпесін, тағы бір бала жетім қалмасын деген ойын бүгіп қалмады. Ендігі Қазалы ауданының құзіреттілерінен қарқынды қарекет күтеміз.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
(Сурет ғаламтордан алынды)
05 қараша 2022 ж. 1 103 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031