Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалыда қар қадірлі

Қазалыда қар қадірлі

Өткен жылы қыста айтарлықтай қар түспеді. Жылы ауа-райын ұнататындар қыстың жұмсақ өткеніне қуанғанымен, соңынан ел болып қиналды. Далалық ақ ұлпа жамылмағасын жантақ мал жейтін шөп шықпады, Сырдың суы кемшін болды. Ал биыл шаруалар төрт-түлік несібесіз қалмасына бек сенеді. Себебі бірер апта бұрын қар қалың жауды. Бұл әрине қуанатын жайт. Дегенмен қар түссе, қарбалас басталып кететін Қазалы ауданының орталық көшелерін қалың мұз басты. Салдарынан жол-көлік оқиғасының саны артты.
Онсыз да мезгілінде бір реттен артық түсуі қиын-ақ ұлпаны тазарту кент әкімдігіне ауыр жүк болып отырған секілді. Ілгеріде араға бірнеше күн салып, қар мен жаңбыр қатар жауғанда көшеде тазалықшы көліктер қаз-қатар тізіліп, тиісті жұмыстарын атқаратын. Адам жүретін тротуардан жаңа қатқан қарды қыршып алып жатқанын талай көз көрді. Дегенмен жыл өткен сайын мұндай игіліктің қатары кеміп келе жатқан сияқты. Олай болмағанда ше, ала жаздай кент әкімдігі аудан орталығын қоқыстан тазартуды қарық қыла алмады. Әлеуметтік желіде тұрғындар қоқыс контейнері жоқ екенін, болса да бірнеше айда бір-ақ рет тазаланатынын айтып шағымданған. Құзырлылар жұмыс істемей отыр деп айту қиын. Демек уақыт өткен сайын тазалыққа бөлінген техникалар саны азайып келеді. Қазалыда қардың «қадірлі» болуының да себебі осында жатыр. Қар тазалайтын көлік жоқ, адам күші жетіспейді. Адам аяғына тапталған қар базар маңына дейін мұз болып қатып, ондаған жан зақым алғанын білдік. Көліктер де қыстық «бәтеңкесін» ауыстырғанына қарамастан, тайғақ көшелерде талтаңдап қалады.
– Жаңа жылдан бері Қ.Сәтбаев пен Жанқожа батыр көшесінің қиылысында жол-көлік оқиғасы орын алғанын білесіздер. Одан бері бүгінгі күнге дейін, яғни 27 қаңтардағы мәлімет бойынша, аталған мәселеге қатысты шағым тіркелмеді. Алайда ұсақ жол-көлік оқиғасы орын алып, кінәлі тарап пен мүлкі бүлінген көлік жүргізушілерінің арасындағы келісіммен жылы жабылып жатқан жағдайларды жоққа шығаруға болмайды, – дейді аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бастығы Олжас Қожахметов.
Құқық қорғау қызметкерінің сөзінде жан бар. Бірер күн бұрын ғана Әйтеке би мен Желтоқсан көшелерінің қиылысында көлік апатының куәсі болдық. Абырой болғанда жүргізушілер мен жолаушылар діні аман. Десек те сырттай бақылағандар «жигули» атап кеткен көліктің сағатына 40-50 шақырым жылдамдықпен келе жатқанын оңай аңғарады. Қала ішінде сағатына 60 шақырым жылдамдыққа дейін рұқсат етілетінін ескерсек, тежегіштің тегеурін көрсете алмағананын бірден ұғуға болады. Осы тұста айта кетейік, Желтоқсан көшесіндегі мұздың қозғалыссыз жатқанына екі аптадан асты. Бұл маңмен оқушылар көп жүретінін ойға алсақ, «Құдайдың көзі түзу болсын» деген тілек еріксіз ойға оралады. Әлгі көлікті тізгіндеген жиырма жас шамасындағы жігіттің басында болған жағдай ондаған қазалылықтың қалтасына түскені анық.
– Қар жауғанына қуанғанымыз рас. Бірақ бірер күннен кейін кент ішінде соқтығысқан көліктерді көргенде, Ұлы жолда сегіз адамның жаны қиылғанын естігенде, бір-ақ рет жауған қарға қарап, «қап» дегендер аз емес. Табиғи құбылыстың боларын бәрі біледі. Тек жауапты мекеме басшылары мұндай мезгілге дайындығы пысық болуы керек еді. Әлі күнге дейін бұған әкімдердің де, тазалықшы мекеме басшыларының да көзі түспеген секілді. Бұрындары жұмыла қар тазалап жатқан қызғылт сары киімді жігіттерді жиі көретін едік. Онымен қоса жаяу жүргіншілер жолы мен мұз қатқан көшелерге тұз сеуіп жататын. Келеңсіз оқиғаның көпшілігі мезгіл мәселесіне бейжай қараудың салдарынан болып жатыр. Біз тұратын көшенің өзі күнмен шағылысып жататын. Басшылар жауапкершілікті ұмытпауы керек, – дейді Р.Бағланова көшесінің тұрғыны Айдос Сарым.
Тұрғындардың тілегі орынды. Жыл сайын қайталанып тұрған жағдайға жауапты азаматтар ерте қамдануы керек. Сәйкесінше, жоспар құрылып, қажетті құрылғы мен техникалар сақадай сай тұруы тиіс. Жыл он екі ай қоқыс жинауды үйлестіре алмай отырғандар, тым құрығанда бір жауатын қардың қамын ерте ойласа екен деген ой біздікі.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

29 қаңтар 2022 ж. 547 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031