Мейрамбек Шермағанбет өнер иесіне құрмет көрсетті
Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет кәсіби музыкант, тәжірибелі ұстаз, білікті дирижер Сыр өнерінің дамуына айрықша үлесін қосқан Кеулімжай Шалтақбайұлын құрметті зейнет жасына шығуымен құттықтады.
Басқарма басшысы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжіне арнайы барып, өнер иесіне ерекше ілтипат көрсетті.
«Сіз Қызылорда облысының білім беру саласында жемісті еңбек етіп, жауапты қызметтерді зор абыроймен атқарып, біліміңіз бен тәжірибеңізді еліміздің мұрат-мүддесіне арнадыңыз. Музыкалық колледжде қызмет жасаған 26 жыл ішінде, оның ішінде 23 жыл колледжді басқарған уақытыңызда абыройлы еңбек етіп, өзіндік қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Өзіңіздей көңілі ашық-жарқын, кеудесі алтын сандық ұлағатты ұстаздан талай шәкірттеріңіз еліміздің атын өз елімізде ғана емес шет елдерде танытып жүр» - деді, М.Шермағанбет.
Музыка маэстрі еңбек жолын өнерге арнады. Еліміз бойынша шоқтығы биік Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжін ұзақ жылдар бойы басқарып, өнер майталмандарын киелі сахнаға шығарды. Ал, 1986 жылы өнер иесінің тікелей атсалуысымен құрылған камералық оркестр – оқу орынның дамуына айрықша үлесін қосты. «Тұрмағамбет» атындағы халық аспаптары оркестрінің құрылып, елге танымал болуында да Кеулімжай Шалтақбайұлының еңбегі зор.
Ұлағатты ұстаз 2005 жылы «Облыс өнер қамқоршысы» номинациясының иегері атанып, 2007 жылы Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2011 жылы ҚР Композиторлар Одағының ұсынысымен «Мәдениет қайраткері» төсбелгісін кеудесіне тақса, 2015 жылдың қорытындысы бойынша «Мәдениет майталманы» номинациясына лайық деп танылды. 2016 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлес және белсенді қоғамдық қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.
Шарада Мейрамбек Зинабдинұлы облыс әкімінің «Құрмет» грамотасын табыстап, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, әріптестері кәсібилігін сөз етіп, Сыр өңіріне сіңірген зор еңбегін айтты.