Департаменттің жаңа басшысы таныстырылды
Oблыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма және басқа да салалық мемлекеттік орган басшылары қатысты.
Аймақ басшысы Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысы қызметін атқарған Марат Егембердиевтың ротация тәртібімен Жамбыл облысына департамент басшысы ретінде тағайындалуына байланысты жаңа қызметіне сәттілік тілеп, облысымыздың ең жоғарғы марапаты «Құрмет грамотасын» табыстады.
«Марат Темірбекұлы 2019 жылдың тамыз айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы қызметін абыроймен атқарып, аз уақыт ішінде өзін іскер басшы, білікті маман ретінде көрсете білді. Қызмет атқарған жылдары аймақтағы мемлекеттік аудит органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, экономика саласының кәсіби маманы ретінде бюджет қаржысының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына атсалысты. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілеймін», - деді Н.Нәлібаев.
Еңбек жолын «Медетші» акционерлік қоғамының экономисі болып бастаған. ҚР Қаржы министрлігінің жүйесінде 2003 жылдан бастап жұмыс істеп, салық және мемлекеттік аудит саласының майталманы ретінде әр жылдары Қызылорда және Маңғыстау облысының салық департаменттерінде және орталық атқарушы органдарда жауапты қызметтерін атқарды.
Марат Темірбекұлы департаментке басшылық жасаған уақытта барлығы 523 аудиторлық іс-шара жүргізіліп, нәтижесінде жалпы сомасы 96 млрд. теңгеден астам бұзушылықтар анықталды.
Басқосуда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев Марат Егембердиевтің аймақтың игілігіне абыройлы қызмет еткенін тілге тиек етіп, ақжолтай тілегін арнады.
Жиында облыс әкімі ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің бұйрығымен Қызылорда облысының департаментінің басшысы – жер пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспектор қызметіне тағайындалған Марат Кушековке сәттілік тілеп, Сыр елінің дамуына аянбай жұмыс істейтініне сенім білдірді.
«Марат Жұбатқанұлы өзінің осы кезге дейін алған білімі мен жинаған мол тәжірибесін аймақта жер заңнамасының сақталуы мен бақылауын қамтамасыз етуде, әсіресе, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстарына атсалысып, саладағы мәселелерді орнықты түрде шешуде серпінді жұмыстар атқарады деп сенемін», - деді Н.Нәлібаев.
Басқосу барысында облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Қожбанов туған жерін дамытуға ниетті Марат Кушековтің сауатты заңгер, іскер басшы екенін айтып, жауапты қызметті абыроймен атқаратынына сенім артып, тілектестігін білдірді.
Марат Жұбатқанұлы 1976 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.
Жоғары білімді маман. 1998 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін инженер-жерге орналастырушы және 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 1998 жылы Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару комитетінде бас маман ретінде бастап, 2001-2002 жылдары Қызылорда облысы әкімінің аппаратында жетекші маман қызметін атқарды.
2002-2012 жылдары Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары, Қызылорда облысының жер қатынастары басқармасының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
2012-2019 жылдары кәсіпкерлік, өндіріс кәсіпорындарында басшылық қызметтерді атқарды.
2019-2022 жылдары «Мемқалақұрылыскадастры» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалының директоры, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Қызылорда филиалының жер кадастры басқармасының басшысы.
2022 жылдың 17 қазанына дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау басқармасының бас сарапшысы қызметін атқарып келді.