Қазақстанда өтетін президент сайлауын ТМД-дан жүзден аса адам бақылайды
Қазақстанға президент сайлауын бақылау үшін ТМД-дан 100-ден астам бақылаушы келеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте ТМД атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Ильхом Нематов мәлімдеді, деп хабарлайды sputnik.kz.
Ол 27 қазаннан бастап ТМД бақылаушылар миссиясы алдағы президент сайлауы науқанын бақылауға кірісетінін атап өтті.
"Бүгін біз бақылаушыларды бөлу мәселесімен айналысатын штабты ашамыз. Миссияны ТМД атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев басқарады. Оның құрамына достастық елдерінен барлығы 100-ден астам адам кіреді", - деді Нематов.
Айтуынша, ТМД бақылаушылар миссиясынан 10 адам 27 қазаннан 21 қарашаға дейін ұзақ мерзімді бақылау жасайды. Қалған бақылаушылар қысқа мерзімді бақылау жүргізеді және сайлау қарсаңында келеді. Орталық сайлау комисиясы 23 бақылаушыны аккредиттеп үлгерді.
"Біз бүкіл өңірді қамтуға тырысамыз. Бақылаушылар барлық учаскеге барады, сайлау комиссияларының қызметкерлерімен кездеседі. Биыл Қазақстан ТМД-ға төрағалық етеді, сол себепті сайлауды бақылауға ерекше көңіл бөлеміз", - деді ТМД атқарушы комитеті төрағасының орынбасары.
Нематов халықаралық бақылаушылар елдің заңы мен барлық халықаралық талаптың сақталуын бақылайтынын атап өтті.
ТМД миссиясы жұмысты 21 қарашада қорытындылайды.
Еске салсақ, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді.
Сайлауға мына алты кандидат түседі:
Қасым-Жомарт Тоқаев (Халықтық коалиция);
Мейрам Қажыкен ( "Аманат" республикалық кәсіподақтар бірлестігі);
Жигули Дайрабаев ("Ауыл" партиясы);
Қарақат Әбден ("Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі);
Салтанат Тұрсынбекова ("Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі);
Нұрлан Әуесбаев (Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы).