Шетелдегі қандас кәсіпкерлерге елімізде жеңілдік жасалады
Шетелде тұратын кәсіпкер қазақтарға елімізде бизнеспен айналысуыға мүмкіндік жасалады, деп хабарлайды Экспресс К.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр Тамара Дүйсенова жырақта жүрген этникалық қазақтар үшін елімізде оң жағдай жасалатыны туралы айтты."Қандастарымызға қатысты ешқандай мәселе жоқ. Олардың елімізге келуі қолданыстағы заңда толық қамтылған. Сонымен бірге шетте жүрген өзінің жеке кәсібі бар, елімен тарихи байланыста болғысы келетін этникалық қазақтар көп. Осы орайда "қазақ картасы" деп аталатын жаңа картаны қолданбақшымыз. Мұндағы негізгі мәселе — сол жақта тұрып, біздің елден бизнес ашып, елдің дамуына өз үлесін қосамын деген этникалық қазақтардың келіп-кетуіне жеңілдетілген визалар беріледі. Сондай-ақ, он жылға дейін Қазақстанда уақытша тұру мүмкіндігін алатын болады", — деді Тамара Дүйсенова
Брифинг барысында ол солтүстік облыстарға оңтүстіктен ниетті азаматтарды көшіру жайын да сөз етті. Алда осыған қалысты заңнамаға өзгеріс еніп, қоныстанушыларға үй алуға қажетті қаржының елу пайызы берілетін болады.Экспресс К бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің көші-қон мәселесіне қатысты айтқандары туралы жазды.