Сырда ұлан-асыр той болды

"Сыр ана" монументінің алаңында 10 мыңнан аса тұрғынның қатысуымен «Ауылым – берекенің ақ бесігі» атты этно бағыттағы мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Ерекше шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, айтыскер-ақын, Гиннестің рекордтар кітабына енген «1000 күбі» жобасының авторы Аманжол Әлтаев, "Хабар" агенттігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, қала әкімі, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
«Абай-Дәулет» ЖШС-нің қолдауымен ұйымдастырылған жиында 40 қазан күріш басылып, палаушылар сайысқа түсті.
Аймақ басшысы қызылордалықтарды қала күнімен құттықтап, күрішті аймақта палаушылар сайысын ұйымдастырудың түптамырында ұлттық салт-дәстүр бар деді.
– Баршаңызды Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қызылорда - тарихи астана, ұлтым деп соққан ұлы жүректердің, Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті жер!
«Қала күні» мерекесін тойлау әрбір жерлесіміз үшін маңызды әрі мерейлі сәт деп санаймын. Бір ай көлемінде түрлі сипаттағы ауқымды іс-шаралармен жалғасатын думанды басқосулар берекелі күздің "Алтын дән" мерекесімен сабақтасады.
Бүгін, міне, Өздеріңізбен бірге аймақтағы "Сыр Ана" монументі алаңында есте қалар ерекше бір шарада бас қосып отырмыз.
Ақ күріштің аймағы атанған айтулы Сыр елінде палау пісірушілердің басын қосқан үлкен сайысты этноауыл форматында ұйымдастырудың символикалық мәні бар деп санаймын,-деді Н.Нәлібаев.
Мерекелік басқосуда Аманжол Әлтаев күрішті аймақ Сырдың жеріндегі думанды шараның мән-маңызы ерекше екенін тілге тиек етіп, қызылордалықтарды мерекемен құттықтады.


Думанды шарада бір мезетте 10 мың тұрғынға арналған 40 қазан күріш басылып, палаушылар сайысының жеңімпаздары анықталды. І орын иеленген азаматқа 150 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен аяқталды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі