Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » "Қайрат" сапындағы қазалылық

"Қайрат" сапындағы қазалылық

Футбол миллиондаған жанкүйердің сүйікті ойыны. Сондықтан жер жүзінде теңбіл доп өнері жақсы дамыған. Қазақ футболының деңгейі де өсіп келеді. Соның дәлелі ұлттық құраманың соңғы жетістіктері. Сондай-ақ клубтар арасындағы тартыстарда футболшыларымыз шебер ойын көрсетіп жүр. Әсіресе жастардың ынтасы қуантады. Мәселен жерлесіміз Әділет Сәдібековтың есімін мақтанышпен айта аламыз. 
Әділетті Қазалының қалың жұрты жақсы тани қоймасы анық. Ол білім ордасына барғанша туған топырақта атасы Сәдібек пен әжесі Ханшайымның қолында болады. Кейін ата-анасының жұмыс бабымен Ақтөбе облысына қоныс тепкен. Артынша Алматы қаласына көшуге тура келеді. Міне, жарқын болашаққа деген айқын жол осы сәттен бастау алады.
2002 жылдың 26 мамырында дүниеге келген Қазалының қара домалақ баласы қазір алматылық «Қайрат» футбол командасының қорғаушысы. Әкесі Нұркен Өтегенов Алматы қаласындағы «Метропроект» мекемесінің бас инженері болып қызмет етеді. Ал анасы Роза Құралбаева ҚазақҰлттық Аграрлық университетінің аға оқытушысы. Одан бөлек 9 сыныпта оқитын Рахат математика пәнінен талай олимпиадаларда топ жарып жүрген көрінеді. Әрі суға жүзумен және үлкен тенниспен де айналысады екен. Ал кіші інісі Данияр 4 сыныпта білім алуда.
Сәдібек ақсақалмен тілдескенімізде, Әділеттің тұңғыш немересі екенін айтып, бала күнінен допқа деген қызығушылығының бар екенін сөз етті.
– Немеремнің алды болған соң есімін өзім қойдым. Ол бала күннен допқа әуес болды. Таңнан аулада доп қуалап, кештің қалай батқанын білмейтін. Жасынан допқа деген құмарлығы оны осы күнге жетеледі. Қазір «Қайрат» командасының әр ойынын жібермей қараймын. Әділетімді көрген сайын бала күндегі шаң-шаң болып далада доп қуып жүрген сәттері жиі есіме түседі. Тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісейін. Немерем жақында ғана, тіпті 20 күн болған жоқ, «Қазақстан» ұлттық құрамасының сапында доп тебуге мүмкіндік алды. Шақырту келіп, 2 жыл келісімшарт жасасты. Сәтін салса, жуырда болатын Беларусь құрамасына қарсы ойында жасыл алаңнан көреміз деген үмітіміз бар, – деді қария.
Әңгіме арасында ақсақалдың өзіменде жақын танысып үлгердік. Айтуынша, ертеректе Қазалы қаласындағы ауруханада дәрігер болып жұмыс жасаған. 38 жыл бойы бір орыннан тапжылай науқастардың дертімен күрескен. Ал өмірлік серігі Ханшайым Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі болуға 40 жылға жуық уақытын арнаған.
Әділеттің бала күннен футболға ашылған қызығушылығы кейін мектеп қабырғасында да жалғасты. Алматы қаласына көшіп барған соң, 8 жасынан бастап «Құлагер» шағын ауданында орналасқан «ФШМ» командасына футбол секциясына алынды. Бірінші бапкері Ағаділдә Хасенов ынта-жігері байқалып тұрған баланы қыран құстай баптап, топқа салады. Тәуір ойынымен көзге түскен кейіпкеріміз бірнеше жыл бойы қала біріншілігінде команда капитаны болып, «Қайрат» командасы селекционерлерінің көзіне түседі. Сөйтіп, 13 жасында «Қайрат» командасының шақыртуымен Тимур Сегізбаев атындағы футбол академиясына қабылданады.
Академия жас өреннің екінші тынысын ашты десек артық айтқандық емес. Себебі мұнда жүріп, Еуропаның біраз қалаларында доп тепті, халықаралық турнирлерге барды. Ала допты ұршықша иіріп, дарынымен көзге түскен ол біршама жетістіктерге қол жеткізді. Тоқталсақ, Е.Пехлеваниди атындағы Халықаралық турнирінде І орын, «ValenciaCup» халықаралық турнирінде ІІ орын, «Еуразия кубогі» бірінші клубтық турнирінде ІІ орын, «KhimkiCup» халықаралық турнирінде ІІІ орын, әр жылдары жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінде І-ІІ орын, Виктор Катков атындағы республикалық турнирінде І орын иеленді. Ал бұл оның футбол әлеміндегі ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері.
Әділет осы аралықта жүріп экономикалық институтта білім алып та үлгерді.
2020 жылы 1 лигада «Қайрат-Жастар» командасының футболшысы ретінде доп тепті. Сол жылы жастар арасындағы Чемпиондар лигасында өнер көрсетті. Сонымен қатар өткен жылы «Қайрат-Мәскеу» командасының футболшысы ретінде Ресейдің 2 лигасында өнер көрсетті. Бұл бұрыштамадан қақпа маңына желдей жеткен ала допқа бірінші жетіп, қақпашыдан айласын асырып жүрген кезі. Көрші елдің жасыл алаңында ол 11 кездесуге қатысты. Бірақ көрші елдегі мансап ұзаққа созылмады. Себебі, Ресейдің сыртқы шиеленісі мен команданың қаржылық дағдарысы ұжымның тарауына алып келді. Осы тұста команданың бас бапкері Кирилл Кекер Қазақстанға келіп, «Қайрат» командасының тізгінін қолына алды. Бас бапкер мәскеулік командадан жай келмей, әдемі ойын өрнегін көрсеткен бірнеше шәкіртін бірге ерте келді. Соның бірі – Әділет.
Жас таланттың еңбекқорлығы, алаңды көре алуы, қорғаныстағы қабілеті команда басшыларын тәнті етсе керек, «Қайрат» Әділетпен бірден екіжылдық келісім-шартқа отырды. Елге оралған кейіпкеріміз команданың қосалықы құрамына емес, негізгі құрамына ілікті. Бүгінде ел чемпионаты мен Еуропа лигасында ойынға негізгі құрамда шығып жүр.
– Менің Әділетті танығаныма біраз болды. Ол сабырлы, тұйық, бірақ спортқа бейім жігіт. Сенім білдіріп, негізгі құрамға алуыма оның ойындағы шеберлігі мен мінезі әсер етті. Бойы да ұзын. Қорғаныста тіптен керемет ойнайды. Ол «Қайраттың» негізгі құрамына ауыспай тұрып, қорғаушы болып келді. Оның ойын мәнерін жақсы білемін. Қазір оны жартылай қорғаушы ретінде де ойынға қосып жүрмін. Аяқалысы жаман емес. Биылғы маусымда баспен 2 гол соқты, – деді «Қайрат» футбол клубының жаттықтырушысы К.Кекер.
Жанкүйерлер жүрегінен орын алған жас ойыншыны бүгінде футболсүйер қауым жақсы біледі. Әкесі Нұркен Өтегенов осы күнді көп күткен.
– Арманым футболшы болу еді. Алайда, тағдыр мені басқа арнаға бұрды. Бірақ балам мен жетпегенге жетсе деп армандайтынмын. 2000 жылдары Ақтөбеде жұмыс істедім. Келіншегімнің жүкті кезі. Екеуміз «Ақтөбе» стадионына келіп, ойын көреміз. Сонда стадионда отырып, балам футболшы болады дейтінмін. Кейін келіншегім босанды. Әділет ес білгеннен бастап футболмен айналысуына жағдай жасадым. Содан өмірі осы саламен байланысып кетті. Қазір жетістіктеріне қарап марқайып отырамын, – дейді әкесі.
Жастайынан аулада доп тепкен әрбір баланың арманы – елдің намысын арқалап ұлттық құрама сапында өнер көрсету, көптің қошеметіне бөлену. Әлемнің алпауыт командаларымен текетіресіп, стадиондағы аураны сезіну. Ал мұндай шыңға тек аянбай еңбек еткен жандар ғана жетеді. Иә, Әділет сонау есік алдында таңнан кешке дейін доп қуып жүргенде осы күнді армандағаны анық. Алдына айқын мақсат қойды. Көздегеніне жетті. Бірақ, алар асу әлі алда. Ал біз ауданнан шыққан аяқдопшының дүбірлі додаларда топ жаруына тілектеспіз.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

17 қыркүйек 2022 ж. 607 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930