Жастардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды

Әдетте мұндай мәселелер көтерілгенде, әуелі ойымызға құқық қорғау органы оралады. Олардың міндеті – жасөспірімдердің құқығын қорғау, түрлі мәселелерді болдырмау. Мұндайда аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері жұмысына терең бойлайды. Оның үстіне жуырда аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың өзі топтық төбелестің алдын алу мақсатында Әйтеке би кентіндегі жастармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдағаны көңілге қуаныш ұялатты.
Басқосуда М. Әуесұлы соңғы уақытта аудан аумағында өскіндердің төбелесі белең алып тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ бүгінгі күні топтық төбелестің алдын алу үшін ауданда жұмысшы топ құрылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
– Өздеріңізбен кездесіп отырғанымыздың негізгі себебі – жастар арасындағы топтық төбелестің алдын алу. Қоғамға жат қылыққа жол бермей, жастардың пайдалы іспен айналысуына көмектесу. Сол үшін де Сіздермен кездесу ұйымдастырылуда. Егер де қандай да бір ой-пікірлеріңіз болса, біз тыңдауға әзірміз, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов топтық төбелестің алдын алу бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылып жатқанын айтты.
Өз кезегінде жастар аудан орталығындағы кейбір аумақтарға спорт алаңдары жетіспейтінін, бар болғанның өзінде сыртта доп тебе алмайтындықтарын жеткізді. Осыған орай спорт кешендері салынып немесе жақын маңдағы мектептердің спорт залдарын кешкі мезгілде пайдалануға рұқсат алып беруін сұрады.
Аудан басшысы Мұхтар Оразбаев қазіргі таңда Қазалыда спорт кешендері мен алаңдарын салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретіндігін баяндады. Ал, жастардың кешкі мезгілде мектептер мен колледждердің спорт залдарын пайдалану жөніндегі ұсыныстарын қолдайтынын, бұл жұмыстарды үйлестіруді аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетовке тапсырды.
Айта кетейік, жастармен жүздесуге аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Әбубәкірұлы қатысты.
Абзал БАҚЫТҰЛЫ