Қазақстанда 2025 жылға қарай зейнетақы қаншаға өседі?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ризвангүл Дараева Қазақстанда 2025 жылға қарай зейнетақы қаншаға өсетінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ризвангүл Дараева 2023 жылдың қаңтарынан 2027 жылға дейін базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54-тен 70 пайызына дейін арттыру жоспарланып отырғанын атап өтті.
"Ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызынан 120 пайызға дейін ұлғайтылады. Осы кезеңде базалық зейнетақы төлемінің орташа мөлшері орта есеппен 51 пайызға артады", - деді Дараева РСК сайтында өткен брифингте.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай зейнетақының жалпы көлемін орта есеппен 27 пайызға - 109 мыңнан 138 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
"Яғни, мемлекет қаржыландырылатын жүйеге көшу кезеңінде зейнеткерлерге қолдау көрсету міндетін алды", - деп қосты ол.