Банк әр қазақстандыққа ай сайын 117 мың теңге төлейді – жалған ақпарат тарады
Halyk Bank әрбір қазақстандыққа ай сайын 117 700 теңге төлеуге міндетті деген жалған ақпарат тарады. Жарнама - алаяқтардың ісі, деп жазды ақпарат министрлігінің Stopfake.kz ресурсы.
"Бұл алаяқтардың әрекеті. Абай болыңыздар және көрсетілген сілтеме бойынша өтпеңіз. Банк өнімдері, қызметтері және жүргізіліп жатқан акциялар туралы барлық ақпарат Halykbank.kz сайтында жарияланады", - деп хабарлады банктің клиенттерді қолдау қызметі.
Сондай-ақ, жарнаманың ресми ресурста емес, The Ticket West Michigan деп аталатын парақшаның атынан таратылып жатқанына назар аудару керек.
Бұл АҚШ-тың Мичиган штатының Гранд Рапидс қаласында хабар тарататын коммерциялық спорттық радиостанцияның атауы. Олардың ресми сайтында қазақстандықтарға банктік төлемдерді уәде ететін жарнамаға нақты тапсырыс болғаны туралы ақпарат жоқ.