Энергетиктер мен инженерлердің жалақысы өседі
Табиғи монополиялар саласында «нақты» реформалар қажет.
Қазақстанда табиғи монополиялар саласының қызметкерлері көбірек айлық алады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті.
Ұлттық экономика министрлігі үш бағыт бойынша жұмыс істейтін болады:
• Жаңа экономикалық саясат;
• Нақты секторды дамыту;
• Мемлекеттік басқаруды қайта жүктеу.
— Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінде инженерлік желілердің 60 пайызы тозған, оның ішінде: электр энергетикасы, сумен жабдықтау, канализация. Осыған байланысты табиғи монополиялар саласында «нақты» реформалар қажет. Табиғи монополиялар саласын реттеудің мүлдем жаңа тұжырымдамасы – «Инвестицияларға айырбас тарифі» ұсынылды. Осы реформа аясында жылжымайтын мүлік иелері есебінен салаға инвестиция көлемін ұлғайту және табиғи монополиялар мен әлеуметтік маңызы бар нарықтар саласы қызметкерлерінің еңбекақысының деңгейін көтеру ұсынылады, – деді министр.
Жалақы коммуналдық қызметшілерге: электриктерге, энергетиктерге, жылумен, сумен, газбен жабдықтау секторындағы жұмысшыларға көтеріледі.